Аймақтар • 21 Наурыз, 2025

Көгалдандыру – экологияны жақсарту

657 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуда Наурызнама онкүндігі аясында 5 мың түп ағаш отырғызылды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған қала тұрғындары мен зиялы қауым ашық алаңдар мен саябақтарға ағаш көшеттерін егіп, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Көгалдандыру – экологияны жақсарту

Сурет: krmm.kz

Талдықорғанда Қаратал өзенінің жаға­лауына 141 қарағай көшеті отыр­ғызылды. Панфилов ауда­нында 3 мы­ңнан аса ағаш егілді. Экология­лық мәде­ниетті қалыптасты­руға бағыт­тал­ған Талдықорғандағы көгал­дандыру шарасына мемлекеттік қыз­метшілер, орман шаруашылығының өкілдері, белсенді тұрғындар, ұзын саны 100 адам қатысып, өзен жағалауының облыстық перинаталдық орталықтан Теннис кортына дейінгі аралығына ағаш екті.

Жалпы, облыс орталығында жыл бойы 12 мың жапырақты және қылқан жапы­рақты ағаш отырғызу жоспарланған, оның 2 мыңға жуығы көктемде, 10 мыңы күз мезгілінде отырғызылмақ.

«Наурыз мерекесінің басталу құрме­тіне «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ағаш отырғызу акциясын өткіздік. Бүгін қалада негізінен қарағай көшеттері отырғызылды, өйткені бұл ағаш түрінің экологияға пайдасы өте зор. Талдықорғанда ғана емес, облыстың өзге өңірлерінде де осындай шаралар атқарылып жатыр», дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Елдос Мырзабек.

Панфилов ауданы қылқан жа­пы­рақты ағаштың 10 түрін екті. ­Кө­шеттер мектептер аула­сына, скверлерге, көшелердің бойы­на отырғызылды. Айна­ласын жас көшет­тер­мен көмкерген білім ошақ­тарының бірі – Жар­кент­тегі жаңа мектеп.

«Мектебіміз жа­ңа, ішіндегі құрал-жаб­дық­тары, кабинеттеріміз – бәрі заманауи. Бүгін міне, айналасына ағаш егіп, көр­­кейтіп жатырмыз. Енді бұл ағаштарды суарып, күтіп-бап­тауға біз, оқушылар, өзіміз атсалысамыз. Көгалдандыру – экологияны жақсартудың басты белгісі. Сондықтан осындай ағаш егу шараларына жыл сайын белсене қатысатын боламыз», дейді Жаркенттегі «Жайлы мектептің» 10-сынып оқушысы Альбина Қалиева.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл аудан, қала аумақ­тарында 120 мың көшет (көктемгі кезеңде – 54,2 мың, күзгі кезеңде – 65,8 мың) отыр­ғызу көзделген. Оның ішінде 108 мыңы жалпақ жапырақты, 12 мыңы қыл­қанжапырақты ағаштар. Аудан, қала әкім­діктері көктемге жоспарлаған ағаш отырғызу жұмыстары бүгіннен басталып отыр.

Айта кетейік, 22 наурыз мерекесіне орай, облыс көлемінде тағы 5 мыңға жуық көшет отырғызылады. Оның 1,7 мыңы қылқанжапырақты, 3,3 мыңы жалпақ жапырақты ағаш көшеттері.

 

Жетісу облысы