Жәдігер • 21 Наурыз, 2025

Қайтпай сұлтанның мыс астауы

426 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркия Республикасының ірі тарихи-мәдени орталығы Ыстанбұл қаласында «Түрік және ислам өнері» атты музей бар. Оның іргетасы 1914 жылы қаланыпты. Бұл мекеме қорында, ислам руханиятына қатысты 17 000-нан астам қолжазба мұра (құран және үзінділері), мыңдаған құнды тарихи жәдігер сақталған. Соның бірі – атақты Қайтпай сұлтан қолданған мыс астау.

Қайтпай сұлтанның мыс астауы

«Бұл жәдігердің биіктігі 16,5 см, диаметрі 36 см және қабыр­ғасына араб ғарпімен «Ұлы сұл­танымыз әл-малик әл-ашраф жеңімпаз Қайтпай» деп жа­зылған» дейді астаудың фото­сын алғаш рет өткен жылы жа­рық көрген «Шеркес мәмлүк сұл­тандары» атты кітабында жария­лап, көпшілікке таныстырған шы­ғыс­танушы ғалым Қайрат Сәки.

Жоғарыдағы туындыда ай­тыл­­ғандай ортағасырлық мысыр та­рих­шысы Ибн Ийастың жазуы бойынша, Қайтпай Мысыр жеріндегі қырық бірінші түркі, он бесінші шеркес сұлтаны. Жарықтық 1416 жылы дүниеге келіп, 1496 жылы бақиға озған. Сұлтанның түп-тұқияны хақын­да шам алып зерттеген мәм­лүктанушы Қайрат Ұзақ­пай­ұлы, бұл сұлтанның түбі түрік, соның ішінде қазақтың кіші жүз құрамындағы шеркес тайпа­сы­ның жұрнағынан дейді.

Қайтпай да өзінен бұрынғы Бей­барыс сұлтан сияқты 13 жа­сын­да Мысырға құлдыққа сатылып кетеді. Оны атақты Шақмақ сұлтан сатып алып, мәмлүк жасайды. Кейін бас бостандығын алып, жауынгерлік рухының ар­қа­­сында 1468 жылы таққа отырады. Үзбей 28 жыл билік жүргізеді.

«Қайтпай сұлтан бүкіл өмірін құрмет пен молшылықта өткізді. Бек атанып, сұлтан болғанға дейін басқалар сияқты қамауға алынып, кісенделіп абақтыда жатқан емес, жер аударылған емес. Ақыл­ды, мемлекеттік істерді біле­тін. Әр затты орнына қоятын, асықпай шешім қабылдайтын ақыл­ды билеуші болды. Өзі өте бай болғандықтан мемлекет қазынасына қол сұқпай, билеуші ретінде елеулі қайырымдылық шараларын жасай алды» деп жазады сол дәуір тарихшылары.

Қайтпай сұлтан өз билігі кезін­де Мекке, Мәдина, Иерусалим, Дамаск, Алеппо, Алек­­сандрия, Каир қалаларында 230-ға жуық өнер ескерткіші бой кө­теріпті. Солардың жұрнағы әлі бар. Атап айтар болсақ, Иерусалим мен Газада салдырған субұр­қақты медресе ғимараттары бүгінге жетсе, 1481 жылы Мәдинадағы пайғамбар мешітінде орын алған үлкен өрттен кейін, бүлінген мешітті Қайтпай сұлтан жаңадан салдырып, үстін 72 шағын күм­безбен көмкерген. Мешітке кіріп-шыққандарды бақылау үшін  бұрынғы 24 есікті жауып, 4-ақ есік қалдырған. Онымен қоймай пайғамбар зиратының үстіне үлкен күмбез тұрғызады. Кейін үлкен күмбезді жасыл түспен ­боятады.

Сонымен қатар мешіттің төрт бұрышына мәмлүк стилінде төрт мұнара жаңадан орнатады. Осы төрт мұнараның бірі «Қайтпай мұнарасы» деген атпен әлі күн­ге аман тұр. Мұнараның бұ­зылмауына себеп, тағаны 10 метр тереңдікте құйылған екен.

Өз заманында «патшалар­дың патшасы» деп дәріптелген Қайтпай сұлтан Мысыр мем­ле­кетінің экономикасын тұрақ­тандырады. Осман империясымен сауда байланыс ісін дамытты. Қайтыс болған соң мүрдесі өзі салдырған Каирдегі солтүстік мазарға жерленеді.

Қайтпай сұлтанның артында мұра болып қалған жәдігерлері көп. Жоғарыда айтқанымыз­дай, марқұмның мыс астауы Ыстан­бұлдағы Түрік және ислам өнері музейінде тұрса, қылышы мен байрағының айшығы Топ­қапы сарайының қару-жарақ мұражайында сақталған. Ең  баға­лы сыйы – сұлтан өз қолымен жа­сатқан мінбері Мәдинадағы пайғамбар мешітінде тұр.