Саясат • 21 Наурыз, 2025

Сенімге негізделген әріптестік

629 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді.

Сенімге негізделген әріптестік

Сурет: primeminister.kz

Жиынға Орталық Азия бойынша өңірлік директор Татьяна Проскурякова, Шығыс Еуропа және Орталық Азия үшін инфрақұрылым жөніндегі өңірлік директор Чарльз Кормье, Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Андрей Михнев, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша ХҚК өңірлік менеджері Зафар Хашимов қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы – Қазақстанмен 2026–2030 жыл­дарға арналған әріптестіктің жаңа стратегиясы, Әріптестік туралы негіздемелік келісімді (ӘНК) ратификациялау, тал­дамалық қолдауды кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру. Серік Жұманғарин Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықтың стратегия­лық сипатын жоғары бағалайты­нын айтып, құрылымдық реформаларды іске асыруда және инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз етуде әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

«Еліміз үшін экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және негізгі салаларды жаңғырту басым міндеттер болып қала береді. 2025 жылы ІЖӨ өсімі 5,6%-дан жоғары болуға тиіс. Банкпен бірлескен бастамалар орнықты экономикалық дамуға қол жеткізуге көмектеседі», деді вице-премьер.

Жиын барысында Дүние­жүзілік банкпен қазіргі және келе­шектегі жобалар талқыланды. Олар: Қамбарата ГЭС-1 құрылысы, Жезқазған – Қарағанды жобасы, автожолдарды жаңғырту, өнімді инновацияларды ынта­лан­дыру және ғылым мен технологияны дамыту, Солтүстік Арал теңізі жобасы, энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуды қолдау және тағы басқалар. Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова ұйымның даму саласындағы ең ірі халықаралық құрылым болып саналатынын және ондаған мемлекетпен жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстандағы жобалар портфелі 2,5 млрд долларды құрайды.

«Әріптестік туралы негіз­демелік келісімді ратификациялау үдерісін аяқтауды ұсынамыз. Осыған ұқсас уағдаластықты басқа да халықаралық институттар қолдануда. Бұл бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндік туғызады. Біз диалогке ашықпыз әрі Қазақстанды оның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуде қолдауға дайынбыз», деді ол.