Аймақтар • Кеше

Тазарған өңір өнегесі

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» акциясы облыста жыл бойы жалғасып жатты. Сенбілік сире­ген қыстың күндері мектептер мен оқу орындарында экологиялық та­ным­дық сабақтар ұйымдастырылды. Мұғалімдер «Экология – бала­лар көзі­мен» атты ашық сабақтар өткізіп, өскелең ұрпақтың қоршаған орта­ны қорғау туралы танымын кеңейтті. Шәкірттер айналаны таза ұстау­мен қатар, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу туралы да керекті мәлі­мет­тер алды.

Тазарған өңір өнегесі

Өңір табиғаты қызық. Оңтүстік аудандарда тал-дарақ бүр­лейтін кез солтүстікте мұз көбесі енді сөгілген сәтпен тұспа-тұс келеді. Сондықтан да Жаңақорған, Шиелі аудандарының тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы сенбілікте көгалдандыруға атсалысты. Көшелерге көшет егіп, ағаш­тардың түбін әктеді.

Қазалылықтар Әйтеке би кентіндегі «Қарамайкөл», «Қазақ» қорымы айнала­сындағы шашылған қоқыстарды жинастырып, арнайы орындарға шығарды. Аудан орталығындағы Т.Бөріқұлақов, Қ.Пірімов, Жанқожа батыр көшелерінде де тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аудан тұрғындары да сенбіліктен сырт қалмай, аулалары мен көшелерін күл-қоқыстан тазартты.

Қармақшы ауданында ұйым­дасты­рыл­ған сенбілікте аудан мекемелері мен кәсіпорындар, ауылдық округ әкімдіктері, жастар, еріктілер көшелер мен аулаларды, саябақтар мен қоғамдық орындарды ретке келтіріп, қоқыстарды жинады.

Жалағаш кентінде күз бен көктемде көршілер өзара келісіп, сенбілікке кірісіп кететін көшелер бар. Жүзден астам мекеме, 1 250 адам қатысқан тазалық жұмысы барысында аудан әкімі Ардақ Ибраимов тазалықты әрдайым назарда ұстайтын С.Отарбаев көшесінің тұрғындарымен кездесіп, табиғат жанашырларына алғысын білдірді.

«Ынтымағы жарасқан біздің көшеде мүмкіндігі келмейтін немесе жұмыстан қолы тимейтін көршілеріміздің де аула­сын тазалап, қолғабыс жасаймыз. Осы жолы көше жастары балалары оқуға қалаға кеткен үйлердің алдын реттеп берді. Күз бен көктемде осындай сен­біліктерді бірлесе ұйымдастырамыз. Барлық мерекені бірге өткіземіз», дейді кент тұрғыны Кеңескүл Қайырова.

Кенттегі сенбілік барысында көшелер мен саябақтардағы қоқыстар тазартылып, қураған талдар кесілді. Арық­тар тазартылып, күл-қоқыстар белгі­ленген орындарға шығарылды. Ортақ іске кент, ауылдық округтердегі шаруа қо­жа­лықтарының техникалары жұмыл­ды­рылды.

Облыс орталығындағы сенбілікке 128 мекемеден 1 872 адам қатысып, 81 техника іске қосылды. Орталық полигонға 300 текше метр қоқыс шығарылды.

Қала мен аудандардан 10 610 адам, 198 арнайы техника қатысқан «Таза Қазақстан» акциясы тазалық әр адамның күнделікті дағдысы мен өмір салтына айналып келе жатқанын көрсетеді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА