Ұлттық спорт • Кеше

Ұлттық спорт түрлерінен сайысты

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

20 наурыз – Ұлттық спорт күні Ақтөбедегі «Жекпе-жек» сарайы­ның алдында киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, бес қаруы беліне байланған алып тұл­ғалы жігіттер мен үкілі тақия киіп, қазақы киіммен, сән­дік бұйымдар тақ­қан бой­жеткендер қала тұрғындарын қарсы алды. Мерекеде аңшы­лық өнер, түйе, тазылар көрмесі ұйымдас­ты­рылып, қол күресі, қазақ күресі, арқан тар­ту, ләңгі тебу, тоғыз­құ­малақ, асық атудан сайыс­тар өтті.

Ұлттық спорт түрлерінен сайысты

Облыстық дене­шы­нық­тыру және спорт басқар­ма­сы­ның басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша,  Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлері жақсы дамып келеді.  «Біздің спортшылар арасында ел чемпионатында үздік шыққан, Азия, әлем чемпионаттарында үздік та­нылған спортшыларымыз да бар. Көкпар аудандарымызда ерекше қарқынмен дамып келеді. Ат бәйгесінен жетістіктеріміз көп.  Ұлттық спорт күніне орай қалада, аудан орталықтарында ұлт­тық спорт түрлерінен іс-шаралар өтіп жатыр.  Бүркіт­ші­леріміз аудандарда жүр», дейді М. Махамбетов.

Көрмеге тазыларын алып келген «Құмай тазы» қоғамдық федерациясының президенті Оралбек Мақатовтың да айтары бар. Осы қоғамдық ұйым 2022 жылы құрылған. Қазір 100-ден астам мүшесі бар. «2022 жылы 1 қарашада Ақтөбе облысында 443 тазы тіркелсе, бүгінде  олардың саны 700-ге жетті.  Өңірімізде  құмай тазының  жарғақ және шашақты тұқымдары бар. Бұлардың ерекшелігі,  жарғақ тазының құлағында шашағы, аяғында түгі жоқ болса, ша­шақ­ты тазының құлағында шашағы, аяғында түгі болады.  Біз ұзақ жылдан бері тазыларды өсірумен кәсіби түрде айналыспадық. Қазақстан кинологтер одағы да  белсенді болған жоқ. Отыз жылдың ішінде патент алуға болатын еді.  Бізге дейін тазы тұқымына төрт ел патент алғысы келді. Біріншісі – «сұлтан тазы» деп патент алғысы келген Түркия болса,  екіншісі қырғыздар, үшіншісі «Оңтүстік Урал» тұқымы» деп  Ресей Федера­циясы да патент алуға ұм­тылды.  Былтыр  құмай тазы­мыз­ға патент алғанымыз сәт­тілік деп түсінемін. Тазы – қанына аңшылық қасиет сіңген, үйреткенді бірден қағып алатын әмбебап жануар.  Бабаларымызға бес мың жылдан бері  жылқымыз бен  тазымыз серік болған.  Өз басым бір тазының күтіміне айына 15 мың теңге жұмсаймын.  Бұрын аталарымыз үйдің іргесінде ұстаса, біз  жылы үй­шікте ұстаймыз. Негізі даланы жақсы көреді.  Кейде тауық жейді, қойға шабады деп айтады. Оның себебі, тазының күші сыймай бара жатқан соң, жүгірген заттың бәріне әуес. Мен  аптасына екі рет 40–50 шақырым жүгіртемін.  Кейде саятшылыққа шығамыз. Қоян, түлкі, борсық, қарсақ алады», дейді ол.   

Ұлттық спорт түрлерінен   сайысқа шыққандарға бірінші орынға 200 мың, екінші орынға 100 мың, үшінші орынға 50 мың теңгеден жүлде қоры бекітілді.  Қазақ күресі сайысына 80 кило салмақтан жоғары балуандар,  арқан тартуға джиу-джитсу, ММА, қазақ күресі, грек-рим күресінің спортшылары қатысты.

 

Ақтөбе облысы