Қазақстан Республикасының Катардағы елшісі Асқар Шоқыбаевтың осы елдің бұрынғы басшысы, Әмірдің әкесі шейх Хамад бен Халифа Әл-Танимен кездесуі болып өтті.
Кездесу барысында Әмірдің әкесі Қазақстан елшісін оның Катар Мемлекетіндегі дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, Қазақстан-Катар қарым-қатынастарының жоғары әлеуетін атап өтті.
Шейх Хамад өз елінің Қазақстан Республикасымен жан-жақты байланыстарының дамуы мен күшеюіне үлкен мән беретіндігін атап өтті. Ол өзінің Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевпен өткізген кездесулерін жылы сезіммен еске ала отырып, Елбасының мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан орасан зор үлесін аса жоғары бағалай келе, Елбасына сәлемі мен жылы лебіздерін жеткізуді сұрай отырып, Дохаға сапармен келуін күтіп отырғандығына назар аударды.
А.Шоқыбаев Қазақстан тәуелсіздікке ие болғалы бері саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда қол жеткізген жетістіктері туралы айтып берді. Сонымен қатар, сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейту, Катардың Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қатысуы, Қазақстан-Катар үкіметаралық комиссиясының отырысын өткізу, Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануға, Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымының кеңсесін Астанада құру туралы бастамаларына Катардың қолдау білдіруі, сондай-ақ, Астана қаласында Шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәнидің атындағы мектеп пен Семей қаласында республикалық сауықтыру орталығын салу сияқты көкейкесті мәселелер талқыланды.
Жалпы алғанда, Әмірдің әкесі Қазақстан мен Катар арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша барлық бастамаларды қолдайтындығын және оның іске асырылуын өзінің жеке бақылауына алатындығын жеткізді.
«Егемен-ақпарат».