
Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН
Ұлыстың Ұлы күні Әз-Наурыз Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында бүкілхалықтық сипат алды. Аудан орталығында өткен мерекелік шеруге халық көп жиналды.
Ауылдың еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін ұлттық киім киіп, мерекені тойлауға жиналған екен. Ауыл көшелерін аралап, салтанатпен жүріп өткен шеруге аудандағы мекеме-ұйым ұжымдарымен бірге қарапайым ауыл тұрғындары, немере-шөбересін жетектеген ата-әжелер де қатысты. Бір-бірімен қол алып көрісіп, «Ұлыс оңынан болсын! Жылан жылы тек жақсылығымен келсін!» деп ақ тілегін ақтарған халықтың пейілі ағыл-тегіл, көл-көсір болды.
Осы топтың ішінде тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір жерлестеріміз де жүр екен.
– Отанымыз ортақ, мереке де бәрімізге ортақ. Бүгін Наурыз-думанды немереммен бірге тамашалауға келдім. Халқымыздың бірлігі мен берекесін айшықтайтын мереке ізгілікке, татулыққа шақырады деп білемін өз басым. Өкпе-реніштің бәрі ескі жылда қалып, келер жыл елімізге молшылық, береке, ырысын алып келсін, – дейді «Радуга» славян ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Боричевская.
Салтанатты шеру наурыз-думан өтетін орталық алаңға «Ақжайық» әнін әуелетіп кірді. Алаңда ғасырлар қойнауынан жаңа шаққындай ғажап ауыл жайнап тұр. Көпшілік бұл жерде сан бояулы, сан қырлы театрландырылған мерекелік қойылымға куә болды. Күн мен Түн бір-бірімен есендесіп, Жер-Ана бауырындағы барша перзентіне тебірене тұрып бақ тіледі, тыныштықты, бейбітшілікті аялауды аманаттады. Наурыздың құдіретін айшықтаған осы көрініске Қыдыр атаның «Алаш жұртының айын оңынан туғыз. Төрт құбыласын тең қылып, төбедегісін келтір. Есесін жібермейтін еңсегей қыл!» деген батасы керемет үйлесіп, Наурыз лебі алаңды желпіп-желпіп өтті.
Мерекелік шарада «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі, аудандық саз мектебінің ұжымы, «Раздолье» славян хоры, Азамат Ізтілеу, Эльмира Ермек, Венера Нұрғалиева, Әнуар Нұрғалиев, Ерке Бақтиярова, Рысбек Жанайысов, өзге де көркемөнерпаздар ән-биімен көрермендердің көңіл-хошын серпілтті.
Батыс Қазақстан облысы