
Бұл күні әулиеаталық әлеумет есімі елге белгілі әншілердің әдемі әндерін тыңдап, күмбірлеген күй сарынына құлақ түрді. Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябаққа тігілген ақшаңқан күйіз үйлердің маңы думанға бөленді. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер алтыбақан теуіп, мәре-сәре болды. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған тартысты жарыстар да мерекеге сән берді.
«Көктемнің шуақты мейрамы биыл қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Күн мен түн теңесетін осынау мерекенің қазақ халқы үшін қай кезде де орны бөлек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Ұлттық құрылтайда Наурыз мерекесінің мәртебесін көтеріп, мазмұнын байытудың маңызы зор екенін атап өткені белгілі. Ал өткен жылы Президенттің бастамасымен жыл басын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы енгізілді. Наурызнаманың онкүндігі биыл да лайықты жалғасын тапты. Оған өңіріміздің барлық аудандары мен ауылдары атсалысты.
Ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарды дәріптеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әз-Наурыз құтты болсын! Әрбір отбасында шаттық, қуаныш болсын», деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңір халқын құттықтап.
Бұл күні әз-Наурыз мейрамы өңірдің барлық ауданы мен ауылында сән-салтанатымен жалғасты. Ұлттық салт-дәстүр жаңғырған мерекеде ақындар айтысы өткізіліп, қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы