Өндіріс • 27 Наурыз, 2025

300 тоннаға дейін арматура шығарады

324 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

90 жылға жуық уақыт бұрын ашылған «Запчасть» АҚ-ның­ өніміне деген сұраныс әлі күнге дейін толастаған емес. Бастапқыда ауыл шаруашылығы машиналары, трактор, халық тұтынатын тауарлар мен әскери техникаға арналған қосалқы бөлшектер шығаруға дағды­ланған кәсіпорынның міндеті уақыт талабына сай біршама дамыған. Қазір арматура шығару жұмысы жолға қойыла бастады.

300 тоннаға дейін арматура шығарады

Суретті түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН

Облыс әкімдігі Кәсіп­кер­лік және индустриялық-ин­но­ва­циялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев келтірген дерекке сенсек, зауыт жұмысы жыл өткен сайын алға басқан. «Запчасть» АҚ қазір жылына 100 мың тоннадан астам болат пен шойын өндіріп отыр. Кәсіпорын басшылары өндіріске жаңа технологияны енгізу арқылы өнім көлемін екі есе арттыруға мүдделі.

«Өңір өндірісінің бренді­не айналған кәсіпорында жұмыс қарқыны бәсеңсіген емес. Мұн­да 588 адам еңбек етеді. Іргелі кәсіпорында электрмен болат балқыту, болат құю, механика­лық штамптау және әмбебап цехтары жұмыс істеп тұр. Төрт цехтың жұмысына өз ісін жетік меңгерген білікті мамандар жұ­мылдырылған. Ұзақ жыл бойы жемісті жұмыс атқарып келе жатқан кәсіпорынның ісін ілге­рілету мақсатында ұжым басшы­лары жаңа қадамдарға барып, тәуекелге бел буды. Мұн­да темір­­жол жылжымалы құрам­дары­ның құрамдас бөліктері шы­ғарылатынын біреу білсе, біреу білмес. Сонымен қатар кешен аумағында еуропалық үлгідегі сапалы арматура шы­ғаратын «Арматура Тараз зауыты» ЖШС іске қосылды. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы қалыпты жұмыс ырғағы уақыт өткен сайын арта түскен», дейді Аспандияр Сейсебаев.

«Арматура Тараз зауы­ты»­ ЖШС бір ауысымда 300 тон­­наға дейін арматура шы­ғаруға қауқарлы. Кәсіпорын басшылығы қолдан келгенше қызметкерлердің жағдайын жасап отыр. Зауытта өндірілген өнім бірінші кезекте ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, Ресейге экспортталады.

д

Зауыт басшылығы уақыт көшінен қалмау үшін белді бекем буған. Алға қойған айқын мақ­саты бар. Биыл шілдеден бастап өндірілетін өнім түрін көбейту жоспарланып отыр. Сон­дай-ақ өндіріс көлемін бір ауы­сымда 300 тоннадан 400 тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

«Запчасть» АҚ-да реверсив­ті материалдарды өңдейтін цех салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жаңа цехты пайдалану­ға беру арқылы болат балқыту өн­дірісінің өзіндік құнын 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туа­ды. Бұл әрине, кәсіпорын үшін өте тиімді жоба болмақ. Құю цехының өнімділігін 200%-ға арттыру мүмкіндігі де бар. Жаңа цехтың жобалық қуаты – жылына 30 мың тонна», дейді жауапты басқарма басшысы.

Жоғарыда айтылған 4 цехтан бөлек, жөндеу-механикалық және электр жөндеу учаскелері, орталық зертхана, қуаты 80 МВт 110/6 кВ трансформаторлық қосалқы станса, көлік-қойма бөлімшесі бар. Ұңғымалар және сусорғы, компрессорлық стансалар, модельдік өндіріс, яғни зауыт өндіретін негізгі және қосал­қы бөлшектердің модельдерін шығару жолға қойылған. Өн­діріс ауданы 35,2 мың шаршы метр­ден астам аумақты құрайды.

Кәсіпорында орнатылған «Disamatic» құю және қалып­тау машинасы жұмысты жүйе­леуге айтарлықтай ықпал етеді. Бұл жабдық металл құю қалыптарын автоматтандырып, сапалы өнім алуға айтарлық­тай көмектеседі. Кәсіпорын жетекшілері даниялық құрал-жабдықты теміржолға керекті элементтерді, өнеркәсіпке және ауыл шаруашылығына қажетті техниканы әзірлеуде таптырмас құрал деседі. Жал­пы, «Disa» қалыптау машиналары теміржол құрамдары­ның құрылымдық бөлшекте­рін өндіру үшін де аса қажет көрінеді.

 

Жамбыл облысы