
Жиында автожол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері бойынша енгізілген ұсынымдардың орындалуы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің жұмысы қаралды. Сонымен қатар, Алматы қаласының Әдеп кеңесінің қызметі туралы есеп тыңдалды.
Көтерілген мәселелер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар берілді. Құрылыс және жол жөндеу саласында Алматы әкімі Е.Досаевтың тапсырмасымен ҚР Индустрия және құрылыс министрлігіне авторлық және техникалық қадағалау жұмыстарын орындаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар жолданды.
Сонымен қатар, әкімнің тапсырмасына сәйкес, квазимемлекеттік ұйымдардағы комплаенс-қызметтер үшін маман даярлау мәселесі қарастырылатын болады. Осыған байланысты биылғы жылға арналған тиісті жұмыс жоспары әзірленеді.
Шаһарда мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту жұмыстары да жалғасын таппақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Рахимов сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл кешенді тәсілді талап ететінін атап өтті. Ол тек құқықбұзушылықтарды анықтаумен және жолын кесумен ғана шектелмей, алдын алу шараларын да қамтуы қажет. Негізгі міндеттер – квазимемлекеттік секторда комплаенс-жүйені дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсыныстарды орындау және ашықтықты арттыру.
Жалпы, Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау бағытында оң динамика байқалған.
Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі Е. Досаев жергілікті атқарушы органдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстар қала басшылығының ерекше бақылауында екенін және бұл бағыттағы шаралар биыл да жалғасатынын атап өтті.