Тарих • 29 Наурыз, 2025

Шеген би

109 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тауарихтың 1680–1688 жылдары аралығында Тәуке хан таққа отырғанда Шеген би жетірудың атақты билерінің бірі болғаны белгілі. Рубасылар, билер елдің тұтастық, тыныштық және басқа саяси мәселелеріне тікелей араласуы осы кезден басталады. Тәуке хан билік жүргізудің бұрын-соңды болмаған жаңа түрін енгізуді ұйғарды. Осы себептен елдегі ең беделді, сенімді, әділ және өте шыншыл адамдарды іріктеп, «билер кеңесін» құрған. Бұған қазақтың ұлы жүзінен, орта жүзінен, кіші жүзінен бір-бір би енген. Бұлардан басқа осы хандыққа қарайтын қарақырғыздан, қарақалпақтан және өзге тайпалардан өкілдер еніп, «Алаштың алты биі» атанған. Міне, осы «билер кеңесіне» халықтың аманатын арқалаған Шеген би бабамыз да сайланған. Тарихшы Мұхаметжан Тынышбаев «Великие бедствия» (Ақтабан шұбырынды) деген кітабының 78-бетінде Әйтеке биден бұрын кіші жүздің төбе биі Шеген би болғанын жазады.

Шеген би

«Алаш» тарихи-зерттеу орта­лығының деректеріне сүйен­сек: «Бұл жерде аты аталып отыр­ған Шеген бабамыз Кіші жүздің көп биінің бірі ғана емес, әз Тәу­ке­нің бас әзіреті, сопы Әзиз Мүсі­рә­лімен бірлесе отырып, жан-жақта жүрген барша жетірудың басын қосып, Жайық бойына топтастыра, жақындатып жүрген тұлға».

Ел аузындағы шежіреге үңіл­сек, Шербұға (Шеген би) бабамыз – жағалбайлыдан шыққан, осы тайпаны тұтастырушы Мелде бидің ұрпағы. Бұрынғылардан «Елді ел еткен Мелде би» деген сөз қалған. Ал оның бесінші ұрпағы Шеген бидің уақытында жетірудың тайпаларын біріктіру, қазақ хандығы­ның ішкі, сырт­қы саясатын айқын­дау мәселелері алда тұрды. Жетіру жұрты Тәуке ханмен келісе отырып, қа­зақ жерінің солтүстік-батыс жа­ғын қаптаған орыстардан, та­т­ар-башқұрттардан қорғаймыз деп, қасиетті Жайықтың басы Жаман­таудан бастап, сонау Елекке де­йін екі жағын ала орналасады. Сол кездегі жетірудың Тәуке ханнан алған жері, қазіргі Башқұртстан, Батыс Қазақстан, Ресейдің Орын­бор, Ақтөбе, Қостанай, Челябі облыстарымен шектеседі.

Тәуке хан Қазақ Ордасына 1680 жылы билікке келген. Демек Шеген бидің ел ісіне араласуы осы жылдан немесе 1652 жылы қаза болған Жәңгір хан тұсынан бас­талады деп жорамалдауға болады. Ескі шежіреге үңілсек, Шеген би 80-90 жылдай өмір сүрген. Оның өмірге келген мезгілін XVI ғасырдың аяғы, не XVII ғасырдың басы деп болжам жасаймыз.

Тарих ғылымдарының док­то­­ры, профессор Аманжол Күзем­бай­ұлы 2008 жылдың 26 тамы­зын­да шыққан «Қостанай жаңалық­тары» газетіндегі «Қоғам­ға қыз­мет ететін әділ би» деген мақаласын­да былай дейді: «Би халықтың ашық дауы­сымен сайланған. Егер ол тура жол­дан тайқып, халық сенімсіздік білдірсе, онда оған адамдар ба­рып шағынуды қоя­ды және билік­тен шеттетіледі. Атақты Шеген би аумалы-төкпелі, түсі­ніксіздеу мезгілде өмір сүр­ген. Күрмеуі қиын күрделі мәсе­ленің шешімдерін алдына келіп жүгі­нушілерге тауып беріп отыр­ған. Әсіресе, жер дауына байла­нысты байыпты пікір білдіруден айны­маған. Ол кезде жазғы жайлау, қыстау, сосын мал суару үшін қажет өзен, көлдің жағалауын жанжал шықпайтындай етіп бө­ліп беру керек болған. Әр руға, тай­паға бөлінген жер ағайын арасында алауыздық, не өкпе ту­дырмаған. Бұл Шеген бидің ше­берлігі мен оның әркімге тартпай­тын шыншылдығын көрсете­ді». Аталған автордың «Тарих өз өлкеңнің тарихынан басталады» деген тағы бір мақаласында: «Шеген би өз мезгіліндегі ең ауыр сұрақ – шекара белгілеу мәселесімен айналысқан. Кім біледі, осы кезде қалай боларын, егер ол кезде бұған жанашырлықпен, шын­шылдықпен, елін сүйгіш­тікпен қарамаса. Орыстар қазақ жерін көбірек алып қалу үшін Шеген биге алтын алқа, алтын жүзік, алтынмен көмкерген шапан, қылыш беріп, шекараны қайта қарасын деп уәкіл жіберген. Сонда, Шеген би оған: «Алтыннан алқа, жүзік таға­тын қатын емеспін, қылыш алатын жауынгер емеспін, шапан жабатын сұлтан емеспін», деп сыйлықтарын қайтарып жіберген. Одан кейін Шеген биді ұстап алып, қамап көндіруге тырысқан. Көп ұстай алмайды, себебі атақ-даңқы бүкіл алты алашқа белгілі, артында сұрауы бар. Босатып жіберген, бірақ ердің қасын, қанжығасын улап аттандырған. Содан уланып Шеген би қайтыс болған. Шеген биді, сол кездегі қазақ хандығының орталығы болған Түркістанға, қазақтың ардақты адамдарының қасына жерлеуге алып шыққан екен, бірақ сүйекті бұзылып кететін болған соң, басқа жерге жерлеген», деп баян­дайды.

Аласапыран замандарда Шеген бидің ұрпақтары, баба­сының ­берген антын сақтап қалуға ты­рыс­қан. Мысалы, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» деген кітабының V томы 2-кітабының ­34-бетінде былай көрсетілген: «То­тай батыр, жоғарыда аты аталып кет­кен Шеген бабаға (Шеген биге): «Бер­ген сертіне адал болу үшін, онда­ған жылдар бойы, Елек-Жайық-­Үй өзенде­рінің бойындағы ұзын­дығы 2000 шақы­рымға жуық қазақ шекарасын қорғауға ат салыс­қан батыр», деп баға берген. Сонан соң, қай шекара қалай қорғалғаны көр­сетілген. Арасында 90 жылдай уақыт өтсе де антқа берік қазақ батыр­лары, соны қасық қаны қалған­ша орындауға тырысқан. Бұл Шеген бидің төртінші ұрпағы еді. Олай болса, бабалардан қалған елдіктің шебі ешқашан бұзылмасын.

 

Баянғали ҚҰЛТАЕВ,

өлкетанушы

 

Ақтөбе