Зерде • 29 Наурыз, 2025

Шатыршадан шығып, елінің шарапатына бөленген

192 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Шатырша – Арқаның асқақ биігі Ақсораңның бауырласы іспетті. Көкке шаншыла біткен жақпар тасты ұшар басы өміршеңдік пен өршілдікті, тектілік пен асқақтықты танытқандай. Қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, публицист, алаштанушы, тіл жанашыры, суретші, сазгер, мемлекеттік қызмет ардагері, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қайырбек Сәдуақасовтың қайраткерлік жолы осы Шатыршадан басталды.

Шатыршадан шығып, елінің шарапатына бөленген

Қойнауы дәуірлердің құпия қол­жазбасындай болған Ақ­сораң­ның төрт тарабына қарай жайылып қатқан жазиралы бұл өңір – Жидебай мен Жалаңтөстей батырды, Қараменде, Шабанбай, Жанғұтты сияқты би-шешендерді дүниеге әкел­ген, Нарман­беттей ақынға, Әлихан, Әлімхан, Жақып, Дін­мұ­хамедтей ел тұлға­ларына, Әсет, Манар­бек, Күләш сынды күміс көмей әнші­лерге, Аққыз, Әшімтай, Мағауиядай дәулес­кер күйші-домбырашыларға бесік бол­ған өңір. Осы жерде Қайрекеңнің де бе­сігі тербетілді, белі буылды. Осы топы­рақта жүріп үлкен өмір жолын бастады.

Туған жерінің топырағы мен ішкен суы, тыныстаған ауасы, арғы-бергі жақсы-жайсаңдардың тағылымды өмір өнегесі бала Қайырбектің, азамат Қайырбек­тің өмірлік ұстанымын бекітті, бағытын айқындап берді деп айта аламыз. Әйтпесе, ол өз-өзіне: «...Неге келдім өмірге, неге жеттім?» деген сауалды қоймас еді. «Мәңгі сұрақ» өлеңіндегі: «Бұл әлемде кіммін деп сұрап өтем, Бақи-сағат соққанша мезгіл жетіп» деген жолдарынан оның саналы ғұмыры осы бір қиын сұраққа жауап іздеумен өткенін тану қиын емес.

Еңбек жолын аудандық байланыс бөлім­шесінде техник болып бас­та­ған балаң жігіт жоғары оқудан кейін С.М.Киров атындағы мемлекеттік уни­вер­ситеттің оптика, спектроскопия және қатты денелер физикасы кафедрала­рында зертханашы, рентгенофизика кабинетінің меңгерушісі болып, ғылымға бет бұрған еді. Неге екенін тап басып айта алмаймыз, қалауы елге оралып, еңбек жолын Шатыршасының бауырында жалғастыру болды. Өзі білім алған мектепте мұғалімдіктен бастап, кейін аудандық оқу бөлімінде инспектор қызметінде жүрген жігіттің өресін таныған аудан басшылығы оны аудандық партия комитетіне қызметке шақырады. Қайрекеңнің ел мәселесіне, басшылық ісінің қызығы мен шыжығына араласып, қабырға қатайтып, бел бекемдейтін шағы осылай басталды.

Ұлт ұясы Ұлытау өңіріне, бауыры байлыққа толы Жезқазған жеріне келген қайраткер аға обком лекторы, Жезді аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық кеңесте бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, облыстық тіл басқармасының бастығы, «Байқоңыр» компаниясының бірінші вице-президенті, облыстық мәдениет басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленді.

Айта кетелік, ол өмірінің соңына дейін жауапты қызметтердің тізгінін ұстаумен өтті. 1997 жылы Қарағанды қаласына қоныс аударып, бес жыл облыстық мәдениет департаменті бастығының орынбасары – мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 2002 жылдан 2025 жылдың ақпан айына дейінгі аралықта елордада Көлік және коммуникациялар министрлігінің баспасөз хатшысы, Көлік министрінің баспасөз қызметі жөнін­дегі кеңесшісі қызметінде болды. Бұл – Қайрекеңнің қызметтік өмірбаянының шола айтқандағы баяны. Ал оны білетін, оны танитын көпшіліктің ауызында жүрген «Оу, ол – біздің Қайрекең ғой», «Қайрекең қайраткер азамат қой» деген жүрекжарды сөздердің сырын ашатындай Қайырбек Изатбекұлы не тындырды? Несімен киелі көпшіліктің махаббатына бөленді? Маңыздысы осы болмақ.

«Өзгелер үшін қызмет етумен өткен өмір – айтуға тұрарлық өмір», дейді А.Эйнштейн. Қайырбек Изатбекұлының біз танып-білген болмысын, өмірлік ұстанымын, атқарған ісін, жауапты іске келгенде жанын шүберекке түйіп араласуын, бастаған ісін орындағанша тыным таппайтын мінезін еске алғанда осы қанатты сөздер еріксіз ойға оралды.

Қайрекең ұлт тағдыры үшін ғұмырын күреспен өткізген кешегі арыстардың барлығын ұстаз тұтты. Соның ішінде қараң­ғы түнде адастырмас темірқазығы Әлихан мен Сәкен еді. «Қайреке, екеуінің жолы екі бөлектеу еді, екеуін бір кеудеге қалай сыйдырып жүрсіз?» дейміз сөз дәметіп. «Жолы бөлек болғанымен, жүректеріндегі жазу бірдей еді ғой. Ол – туған елінің тағдыры, ұлтының болашағы үшін нендей қарекет жасауым керек деген жазу. Екеуін бөліп тұрған нәрсе – таңдаған жолдары ғана», деп ойландырып тастайтын.

Қарағанды қаласындағы Сталин атын­дағы көшеге және қазақ драма театрына Сәкен есімін беру жөнінде қалалық партия комитетіне ұсыныс-хат жазып, студенттер мен кеншілердің қолдау қолын қойғызған кезде Қайырбек аға небәрі 17 жаста ғана екен. Өткен ғасырдың 60-жыл­дары «жылымық жылдардың» басы бол­ғанымен, сталиндік қатқыл заман­ның лебі ада-күде ұмытылмаған, үркіп қалған жұрттың жадында үрей іздері кетпеген уақыт еді. Он жеті жастағы балаң жігіт сол шешімге қалай барды екен дейсіз іш­тей. Иә, сол хаттың нәтижесінде өнер ордасы қазір С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры деп аталады.

1994 жылы Жезқазған облысы орта­лығында сұңқар Сәкеннің туғанына 100 жыл толу тойы өтті. Сол жылы мер­зімді баспасөзде Қайрекеңнің «Сәкенге төрден орын бұйыра ма?» деген мақаласы шығып, қоғамдық ортаны дүр сілкінтіп, «ұзын арқан, кең тұсаулатып» жүрген «жоғарыдағылардың» намысына қамшы басқанын, қайсыбіреулердің сыңаржақ пікірлеріне соққы бергенін көпшілік біледі. Республикалық деңгейде өткен осы тойдың нәтижесінде Жезқазған­ның орталық алаңына Сәкен ескерткіші ­орнатылып, «Бульвар космонавтов» ата­латын көшеге «Сәкен бақжолы» деген атау, облыстық орталық кітапханаға Сәкен есімі берілді. Тәуелсіздікке кеше ғана қол жеткізген жұрттың сартап болып қалған санасына сілкініс әкелген мәні зор мәдени, тарихи шара болды бұл.

Ғылыми орта Қайырбек Изатбек­ұлын алаштанушы, әлихантанушы деп таниды. Қайрекеңнің Ә.Бөкейхан әлеміне баруы да, оны танытудағы жолы да оңай болған жоқ. Алаштың үш арысы шық­қан Ақтоғай өңіріне Кеңес билігі қыли көзбен қарағаны белгілі. Бұл өңірден шыққан жастардың жоғары оқу орынына түсуінің де «есебі» жасалып, қырағы көздің бақылауында болды. Ақтоғайды «шалғайдағы» аудандардың санатына енгізіп жіберудің де өзіндік саяси сыры болғанын аңғару қиын емес. Ал партия қатарына қабылданып, осы ауданның оқу бөлімінде инспектор болып қызмет етіп жүрген жігіттің Әлихан Бөкейхан­ның жоқшысы боламын деуі қатерлі іске бас тігумен бірдей еді. Қайрекең Әлиханды және оның ортасын біледі-ау дегендерді жағалап, там-тұмдап дерек жинастырады. Кешегі қыспағы қатты заманда Әлиханды білетін кәрі құлақ қарттардың білгенін ақтарылып айта қоюы да қиын еді. Қайрекең солардың тілін тапты. Дайыр төренің күйеу баласы, соғыс ардагері Әбсадық Асылбеков­пен, ұстаз, соғыс ардагері, Әлиханның туысы Қасенхан Алтынбековпен, Әлиханмен немере туыс Райымжан ақсақалмен, бел­гілі филолог-ғалым Әнеш Дайырова­мен байланыс жасай жүріп Алаш көсемі­нің өмірі мен күрес жолына қатысы бар құнды мәліметтер жинастырып алады. Қайрекеңнің «Алаш алыптары», «Алаштың Ақтоғайы», «Әлихан әлемі» деген тарихи-танымдық кітаптары, Әлихан Бөкейханның «Қазақ өлкесі», Григорий Потаниннің «Тоқырауын өзенінің жағасында», Әлекеңнің баласы Сергей Бөкейхановтың «Өткен күнде белгі бар» деген еңбегін, немересі Евгений Бөкейхановтың өлеңдерін қазақ тіліне аударуын ұлы тұлғаға деген құрмет деп бағалаймыз. Ақтоғайда «Алаштың үш арысы» ескерткішін ашу салтанатына Әлекеңнің немересі Евгений мен шөбересі Петрді Мәскеуден шақыртып, бабасының кіндік қаны тамған жерге тәу еткізуі, Ұлытауды аралатып, Алаша хан, Жошы хан, басқа да тарихи ескерткіштермен таныс етуі Қайырбек ағаның ұлы тұлға ұрпағы мен ұлтының арасындағы үзікті жалғағаны десек болар.

Ұлы даланың ғажайып ескерт­кіште­рінің бірегейлері саналатын Алаша хан мазары мен Жошы хан кесенесінің ке­зінде азып-тозып, күтімсіз қалған кезі болған. Қос құнды жәдігер тарихымыздың таңбасындай болып бағаланудың орнына, олардың іргелері сөгіліп, кірпіштері кетіліп, қоршауы жоқ кесенелер жылқы үйездейтін орынға айналып кеткен еді. Мемлекет қайраткері И.Тасмағамбетов 1997 жылы Ұлытау жерінде жасаған бейресми сапарында тарихи жерлерді аралап, қайтар жолында Имекең: «Ал Қайреке, барлығымыздың атымыздан мың да бір алғыс сіздерге. Күнде келе бермейміз. Бізге айтатын өтініш-тілектеріңіз бар ма?» деген сауалына Қайрекең: «Біздің буынның мойнында тұрған аса жауапты шаруа – тарихи ескерткіштерді аман сақтап қалу. Жошы хан мен Алаша хан­ның мазарларына қазір кешенді түрде қайта жөндеу жұмысын жасамасақ, күні ертең айырылып қалуымыз мүмкін. Осы екі мазарды қайта жөндеуге қаражат мәселесін шешіп берсеңіз тарих та, халық та батасын береді», дейді.

Қомақты қаржы бөлініп, Мәдениет министрлігінің іске араласуымен қайта жөндеу жұмысы басталып, қажетті кір­піштер Жезқазғанда құйылып, күм­бездің көгілдір-жасыл түсті тақталары Санкт-Петербургтегі зертханада жасалып, жауапты істе республикалық материал­дық мәдени ескерткіштер институтының бас архитекторы Елена Хорошпен, таны­мал суретші-реставратор, профессор Станислав Щигорецпен бірлесе отырып жөндеу жұмысына қажетті материалдар әзірлейді. Нәтижесінде, жүдеп тұрған қос кесене жұтынып шыға келеді.

Жергілікті зиялы қауым өкілдері­мен, ел ағаларымен тізе түйістіре жүріп, со­лар­дың бел ортасында Қайрекеңнің жү­руі­мен қолға алынған бірнеше мәде­ни-рухани тың жобалар бар. Солардың бірі – «Байқоңыр дауысы фестивалі», екіншісі – «Ұлытау үні» фестивалі. Ал республикалық «Салбуырын» саятшылар сайысының, Дүниежүзі қазақтары І құрылтайының, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер мектебінің, облыстың қала-аудандарында заманауи бағыттағы музейлер ашылуының, басқа да ұлттық құндылықтарды жария ететін жақсы істердің басында Қайырбек Изатбекұлының жүргенін руханият жанашырлары жақсы біледі.

Жезқазған өңірінің тарихы туралы түсірілген құжатты фильмдердің сце­нарийлері, түрлі мәдени жобаларға байланысты жазған тұжырымдамалары – өз ал­дына жеке сөз ететін тақырып. Оның «Уақыт-жебе» жыр жинағы, «Алтын босаға» прозалық шығармалар жинағы оқыр­мандарының қолында. Ал ол қазақ тіліне аударған Григорий Гориннің «Атың шықпаса...», Мырза және Ғалия Ғапаровтардың «Қия­мет-қайым Киото» және Жан Ануй­дың «Бозторғай» пьесалары мен орыс тіліне аударған режиссер, драматург Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» дра­масы театрлардың репертуарына енген. Суретші Қайырбек Сәдуақасовтың қылқаламынан шыққан Шабанбай бидің, күйші Сайдалы Сары Тоқаның, Нарманбет ақынның портреттері түр­лі басылымдарда жарияланып жүр. Сазгер Қайрекеңнің «Қайта оралған Құлагерім», «Аққуым – көгілдірім», «Қара шаңырағым», «Байқоңыр вальсі», «Жиһангерлер жыры», «Ұлтымның Ұлы­тауы», «Жаным-жаным», «Жолығып ең ойда жоқта» сияқты әндері танымал әншілердің репертуарынан әлі күнге түскен жоқ.

Қайраткер аға 80 жастан асқан ша­ғында дүниеден озды. «Жазатын дүние­лерім көп», деп отыратын. Оның осы сөзі әйгілі Т.Эдисонның: «Менің әлі көп дүние жасауым керек, ал өмір болса тым қысқа. Мен асығуым керек», деген сөзі еске түседі. Ол – «Неге келдім өмірге, неге жеттім?» деген сауалға жауап тапқан, бұйыртқан ғұмырында қажетіне жарар жұмыс тындырып кеткен қайраткер азамат. Қайрекеңді білетіндер осылай дейді.

 

Сұлтан ЫБЫРАЙ,

абайтанушы,

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,

ақын