Аймақтар • 29 Наурыз, 2025

Шығын есептеліп жатыр

702 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

28 наурыздың түнінде Меркі ауданы мен Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындары жер дүмпуінен шошып оянды. Жер сілкінісі Құлан мен Меркіден бөлек Тараз, Шу қалалары мен Мойынқұм ауданына дейін жетті.

Шығын есептеліп жатыр

Сурет: turaninfo.kz

Жер дүмпуінің салдарын білмек ниет­пен өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бастаған топ таң бозынан Меркі және Тұрар Рысқұлов ауданына ат басын бұрып, жедел штаб отырысын өткізді. Кейін бір­қатар ауылды аралады. Анықталғандай, бірнеше маңызды нысан мен тұрғын үйлердің қабырғасы бүлінген.

Өңір басшысының тапсырмасы­на сәйкес құрылған штабты облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек басқарса, оның құрамына азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың өкілдері енді. Іссапар барысында Меркі аудандық ауруханасы, Меркі ауылындағы «Балдәурен» балабақшасы және Талды­бұлақ ауылындағы тұрғын үйдің ас бөл­месінде қабырға жарықшақтары пайда болғаны анықталды. Сондай-ақ Тұрар Рысқұлов ауданы Абай ауылындағы тұрғын үйдің, Жаңатұрмыс елді мекеніндегі
6 баспананың, ауылдық мектептің, Каменка ауылындағы мәдениет үйінің қабырғасына сызат түскен.

Арнайы комияссия мүшелері өңір бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес келтірілген шығынды анықтау жұмысын бастады. Комиссия құрамында Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының өкілдері бар. Өңір бас­шысының тікелей тапсырмасына сәйкес айналма жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Меркі ауданында 55 адам, 33 бірлік техника, Тұрар Рысқұлов ауданында 65 адам, 40 бірлік техника жұмыл­ды­рылған.

«КАЖсервис» ЖШС облыстық филиа­лы­ның қызметкерлері (25 адам, 19 техника) Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының (5 көлік айрығы, 2 теміржол өткелі және 3 көпір) жай-күйін тексеріп жатыр. 45 елді мекенге зерттеу жұмысы жүргізілді. Қырғыз Республикасының Төтен­ше жағдайлар министрлігімен өзара іс-қимыл кезекші бөлім арқылы ұйым­дас­ты­рылды. Шоң-Қақпа және Орто-Тоқай суқой­­­ма­лары қалыпты режімде жұмыс істеп тұр.

Тұрғындармен дер кезінде кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүр­гізілді. Халықтың денсаулығы мен өмі­ріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жедел штаб жағдайды бақылауда ұстап отыр. Жедел ден қою жасақтары дайындыққа кел­тірілді, өңірде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып жатыр. Полиция мен ТЖД қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдады.

 

Жамбыл облысы