Жетпістің жотасынан өтсе де желтоқсан айы келіп, ел-жұрт Тәуелсіздігіміз туралы әңгіме айта бастайтын сәтте қатты толқиды. Толқиды дегеніміз жәй сөз болып қалар, жаны ауырып, жүрегі сыздайды. Өйткені, ол осы бір ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі арманы болған Тәуелсіздіктің қазаққа оңай жолмен келмегенін біледі. Әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты да егемен ел болу жолына жеткенше бұл қазақ нешеме тар жол, тайғақ кешу тағдырды басынан өткергенін біледі. Дербес мемлекет болып, өз тағдырын өзі шешу де оңайлықпен келген емес, қазаққа. Сондықтан болар, жүрегі сыздап, жаны ауыратыны. Қазақтың сол сан ғасырлық арманын осыдан жиырма сегіз жыл бұрын желтоқсан айында алаш ардақтысы Мағжан ақын «мен жастарға сенемін» деп бар үмітін артып кеткен қазақ жастары алаңға алып шыққан еді. Кеңестік жүйенің қатаң тәртібі мен талай жылғы қатып қалған «мен білермен» жүйесінің жібін үзіп, ұлттық үн танытқан жастардың сол бір ерлігі ұлтжанды талай қазақты ұйқысынан оятып, ел болу жолында бірлестірген еді. Өзі оянып қана қоймай, өзгені де қазақ тағдыры үшін күрескер, ұлтжанды болуға үндеген ел азаматтарының қатарында бүгінде халық арасында «Жаңғыру» қоғамдық бірлестігі арқылы жақсы танымал Дәурен Сатыбалдыұлы да бар еді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Шақпақ баба топырағында өмірге келген Дәукеңнің қайраткер, күрескер болмауға құқы да жоқ еді. Күрескер топырақта өмірге келген, әкесі де қазақ тағдыры жолында қуғын-сүргінді аз көрген жоқ. Ашаршылықтың дәмін татып, Ұлы Отан соғысының ауыртпалықтарын мойындарымен көтерген ата-ананың бар арманы көздеріне көрінген ұрпағының аман-есен болып, елдің бір кірпіші болып қалануы еді. Ал бұл сенімді қазақтың тағдырына қолмен жасалған ашаршылықтың соңғы дәмін татып, балалық деген бал шақтарын соғыс зұлматы ұрлаған Дәурен ағаның құрдастарының бойында елдік қасиет басым-тын. Намысшыл еді олар. Алға ұмтылғыш, алдына қойған мақсаттары да айқын болатын олардың. Бүгінде Дәурен Сатыбалдыұлының елінің болашағы, тағдыры үшін жұдырықтай жүрегін ауыртып, жанұшырып жүргені сол қасиеттерінің жемісі екені даусыз.
Сексен алтыншы жылғы жастардың қуатты үнінен бастау алған Тәуелсіздікті тарихқа ендіру де, егемендігіміздің туын тік ұстап алға жылжу да оңай болған жоқ. Қоғамда оппозициялық көзқарастар пайда болды. Қоғамдық бірлестіктер құрылып, мемлекетіміздегі өзгерістерге өзіндік ой-пікір білдірушілер тобы құрылды. Олардың арасында қыңыр пікір айтушылар да көп болды. Бірақ Дәурен Сатыбалдыұлы өзі құрған «Жаңғыру» қоғамының алдына – қазақ халқына адал қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына азаматтық үн қосу, елдің іргесінің аман болуына, ел арасына іріткі салушыларға жол бермеудің жолын іздестіру мақсатын қойды. Қоғамдық бірлестіктің атауының өзі айтып тұрғандай, ел тарихындағы жаңару мен жаңғыру жолдарын халыққа жеткізу болды.
Тәуелсіздігіміздің тұсауы кесілген күннен бүгінгі күнге дейінгі «Жаңғырудың» қызметіне көз жүгіртіп отырса, қоғам өзінің алдына қойған сол мақсатынан жаңылмағындарына қуанады. Өтпелі кезең өмірлерін тығырыққа тіреген жандардың жанынан табылып, мұңайған жетімнің маңдайынан сипай алғандарына қуанады. Сонау өтпелі кезең тұсында ұрпағының болашағы үшін қала жағалап, өз жерім, өз топырағым деп қала іргесіндегі ұлтарақтай жер үшін жандарын құрбан етуге әзір болған қазағына араша түсе алғаны үшін өзін жұбатады. Бүгінде қала іргесіндегі «Шаңырақ», «Бақай» сияқты ауылдарда қазағының түтіні түзу шығып жатса, олардың осы бақытты жағдайына өзінің дәнекер болғанына сүйінеді. Ана тілі үшін қаншама күреске түсті десеңізші. Қазір шүкір, сол қол жетпестей болған қазақтың армандары түгел орындалғандай. Бұл жеңіс пен бақ-дәулет Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы шақта бірлік пен ынтымақты, елдік пен татулықты ту етіп, Тәуелсіздікті баянды, егемендігімізді еңселі ете білуінің арқасы деп бағалайды Дәурен Сатыбалдыұлы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз арманның орындалғанына қол жеткізді. Соған сүйінеді ол.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында мені толқытатыны да еліміздің осы биігі, армандарымыздың ақиқатқа айналуы, – дейді жетпістен асса да елім деп әлі елпеңдеп жүрген «Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қалқаманның елі аман» кооперативінің жетекшісі Дәурен Сатыбалды. Шаршадым, жалықтым демейді. Қазақ баласының басына қиын жағдай түсе қалса, күні бүгінге дейін жанынан табылып, араша болар жол іздеп жүреді. Халқына деген жанашырлығынан болар, Дәурен Сатыбалдыұлын Алматы жұрты ғана танымайды, ел жақсы біледі. Ұлтжанды азаматтың елі мен қазағына сіңірген еңбегін Елбасы да елеп, Алғыс хатымен марапаттағаны бар.
Жуырда бір топ азаматтар бас қосып Дәкеңе қалалық мәслихаттың босаған депутаттарының орнына қайта депутат сайлау шарасына қатысу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл да елдің азаматына деген үлкен сенімі. Азаматтардың бұл ұсынысы Дәурен Сатыбалдыұлының мерейін тағы бір өсіріп тастаған еді.
Дәукеңнің осы жасқа келгенде көз жеткізген бір ақиқаты – аққа қара жұқпайтыны, халыққа сіңірген адал еңбектің елеусіз қалмайтыны. Оны шаршатпайтын да осы ақиқат. Топырақтанушы мамандығынан елтанушы азамат биігіне жеткен елжанды азаматтың ендігі арманы – байлығымыз да, бақытымыз да болған Тәуелсіздігімізді қөздің қарашығындай сақтауға, еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарытып, елсүйер азаматтар тәрбиелеуге үлес қосу. Үш ұлдың атасы, олардан тараған ұрпақтардан тұратын әулеттің тірегі Дәурен Сатыбалдыұлының бұл мұраттарының орындаларына ол кісінің бойындағы елінің ертеңгі нұрлы болашағына деген сенімі тірек бола алады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.