8 жылға бас бостандығынан айырылып, абақтыға қамалды
Сотталушылар іздеуде жүрген жеңіл көліктерді ел аумағы арқылы заңсыз алып өтуге жәрдемдескен ұлттық қауіпсіздік департаменті өкілдеріне пара бермек болған.
Мамлют аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Қ.Бекенов Қырғызстан азаматының интерпол іздеу салған көліктерді Бішкек қаласына тасымалдап жүргенін сезіп, алым талап ету әрекетіне кіріскен. Арам ойын облыстық ішкі істер департаменті басқармасының жедел уәкілі М.Мұхамеджановпен бірге жүзеге асырып, одан қомақты пара алып отырған. Ол үшін «Жаңажол» көліктік бақылау бекетінен қымбат көліктерді еш кедергісіз өткізіп, шетелдік валютамен есеп айырысқан. Әр көлік үшін 500 АҚШ доллары мөлшерінде алым белгілеген. Қырғыз Республикасының тұрғыны Ишимовтың контрабандалық жүк тасумен 2013 жылдан бері айналысқанын есептейтін болсақ, қанша «пайдаға» кенелгенін бағамдай беріңіз.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасы шетелдік азаматтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойып, «темір тұлпарларды» тәркілегеннен кейін оңай олжадан айырылмауды көздеген ол тағы да екеуінің «көмегіне» жүгінген. Олар тәркіленген көліктерді кері қайтару мақсатымен ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлеріне 10 мың доллар пара ұсынған.
Облыстық сот сотталғандардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды.
Бақыт РАМАЗАН,
журналист.
Солтүстік Қазақстан облысы.