Аймақтар • 01 Сәуір, 2025

Ақтөбеде екі «Жайлы мектепте» оқу басталды

408 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында екі «жайлы мектеп» оқушыларға есігін ашты.  Екеуі де облыс орталығында: бірі Ақжар –2 елді мекенінде, екіншісі Есет батыр тұрғын алабында орналасқан. Сондай-ақ биыл өңірде 11 400 оқушыға арналған  13 жайлы мектеп  ашылады,  деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбеде екі «Жайлы мектепте» оқу басталды

Өңір басшысы Асхат Шахаров «жайлы мектептердің» жай-күйімен танысып, оқушылар мен олардың ата-аналары, мұғалімдермен  кездесті. Ақжар-2 елдімекеніндегі  300 оқушыға лайықталған мектепке 4-оқу тоқсанына 325 оқушы қабылданды. Олар екі ауысымда оқып жатыр. Мектеп ғимаратында  замауи оқу кабинеттері, зертханалар,   IT құзыреттілігін дамытуға арналған  кешендер бар. Сондай-ақ   екі компьютерлік кабинет, робототехника сыныбы, STEM-зертхана, шеберханалар, заманауи кітапхана, оқу залы, коворкинг алаңдары мен ойын алаңдары, спорт және акт залдарымен жабдықталған. Мектепте ерекше қажеттілігі бар балалардың оқуына жағдай жасалған.

Ата-ана Айнагүл Сәбитева   осы мектепке немерелерін оқуға алып келген. «Мектеп ғимараты өте әдемі, оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.  Немереме  домбыра сыныбы, қыздар мен ер балаларға арналған шеберханалар ұнап отыр.  Бала   оқып қана қоймай өзі таңдаған кәсіп түрін мектеп қабырғасында жүріп үйреніп шығатынына қуаныштымын», дейді ол.

Тұрғындар көп шоғырланған Есет батыр алабында бой көтерген №82 жалпы білім беретін орта мектеп  2 мың оқушыға лайықталған.  Мұнда 55 оқу кабинеті бар. Соның ішінде 28 бастауыш  сынып кабинеті, 7 мектепалды даярлық тобы, химия, ағылшын, физика, биология кабинеттері, IT, робототехника, STEM  зертханалары ашылған.   Сонымен қатар 440 балаға арналған  асхана да жұмыс істейді. 

«Осындай заманау білім ордасының  салынғанына өте қуаныштымын. Білім саласында көпжылдық тәжірибем болса да,   заманауи кабинеттері, жайлы демалыс орындары,  оқушыны тұлғалық дамытуға  барлық мүмкіндік қарастырылған  жобаны бірінші рет көріп тұрмын. 

Ата-аналарға  мектепті қадірлеңіздер,  мұғалімдермен бірге жұмыс істеп, баланың  азамат болып қалыптасуына үлестеріңізді қосыңыздар дегім келеді», дейді  білім саласының ардагері Жәния Мұхамбетова.