Пікір • 03 Сәуір, 2025

Қазақстанға Трамптың сауда соғысы қауіпті емес - қаржыгер

1237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық қаржыгер Расул Рысмамбетов елімізге АҚШ-тың жаңа тарифтік саясаты айтарлықтай әсер етпейтінін айтты. Оның пікірінше, сауда соғыстарының эпицентрінде болмағандықтан бұл өзгерістер ел экономикасына тікелей соққы бермейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанға Трамптың сауда соғысы қауіпті емес - қаржыгер

Фото: Ашық дереккөз

«Бұл – Қазақстанның дағдарыстардан тыс қалуының тағы бір дәлелі. Иә, Трамптың тарифтік соққысы әлемдік саудада өзгерістерге әкелуі мүмкін, бірақ бізге тек оның жанама әсерлері ғана сезілуі ықтимал», деді ол.

Рысмамбетовтың айтуынша, Қазақстан АҚШ-пен сауда профицитіне ие. 2024 жылы ел АҚШ-қа 2 млрд доллардан астам тауар экспорттаса, импорт көлемі 1 млрд долларды құраған.

«Қазақстанға 27%-дық баж салығы енгізілгенімен, бұл біздің негізгі экспортқа әсер етпейді. Себебі Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың көбі стратегиялық шикізатқа жатады, ал оларға президенттік ерекшелік берілген», деп түсіндірді Расул Рысмамбетов.

Қаржыгер Қазақстан үшін АҚШ-тың сауда саясатының кейбір оң әсерлері болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Жаңа тарифтерге байланысты АҚШ-пен саудасы қиындаған елдер өз өнімдерін жаңа нарықтарға бағыттауға тырысады. Бұл біз үшін техника, металл, көлік және құрылыс материалдарын тиімдірек бағамен сатып алу мүмкіндігін тудырады», деді ол.

Сонымен қатар, егер тарифтер АҚШ-та инфляцияны күшейтсе, бұл доллардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда, Қазақстан үшін доллар аймағынан импорттау арзандайды, ал тенгенің долларға шаққандағы бағамы нығаюы ықтимал.

Рысмамбетов бұл өзгерістер Қазақстанның отандық өндірісін қолдауына жақсы мүмкіндік екенін айтады.

«Біз өз өндірушімізге басымдық беруіміз керек. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және машина жасау салаларын күшейту қажет. Қазір тиімді несие тартып, заманауи жабдықтар алу мүмкіндігі бар. Осы сәтті пайдаланып, жылдам әрекет ету маңызды», деп қорытындылады ол.