
Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жаңа цифрлық қызмет күтпеген жағдай кезінде көлік иесін жедел түрде хабардар етуді көздейді. Ол үшін жүйеге көліктің мемлекеттік нөмірін енгізіп, орын алған жағдайды таңдау жеткілікті. Сол мезетте көлік иесіне анонимді түрде хабарлама жіберіледі. «Бұл сервис өзара көмек пен азаматтық жауапкершіліктің құралына айналады деп үміттенеміз», деді Жаслан Мадиев. Аталған қызмет «eGov» мобильді қосымшасы, Мемлекеттік қызметтер порталы, сонымен қатар арнайы чат-боттар арқылы қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, «eGov» порталында жаңа пайдалы функция пайда болды. Енді кез келген қолданушы өз атына қанша SIM-карта мен IMEI тіркелгенін біле алады. Ол үшін тек ЖСН енгізу жеткілікті, жүйе адам атына тіркелген барлық нөмірді көрсетеді. Жаслан Мадиев бұл қызметтің іске қосылуына қатысты пікір білдіріп, тексеру күмәнді немесе ұмыт қалған нөмірлерді анықтауға көмектесетінін атап өтті. «Егер көрсетілген нөмірлер саны сіз шын мәнінде қолданатын нөмірлерге сәйкес келмесе, бірден өзіңіздің байланыс операторыңызға жүгініңіз», деді министр.