
Есім-сойы ұлт өнерінің биігінде мәңгі қалған тұлға шығармашылығына арналған іс-шара жамбылдық өнерсүйер қауымды бейжай қалдырған жоқ. Маэстро өнеріне бас иген жұрт үлкен залды лық толтырды. Композитордың лирикалық әндерін қосыла шырқағандардың ішінде көзіне жас алғандарды да байқадық.
Концерт шымылдығы күйші-композитордың әйгілі «Ата толғауы» күйімен түрілді. Дулат Байзілдаев жетекшілік ететін қазақ ұлт-аспаптар оркестрі орындаған туынды көпшіліктің жүрегіне жеткені анық. Тұманбай Молдағалиев сөзін жазған әйгілі «Құстар әні», «Жүрегім менің» әндері де залға жиналған жұртты толқытты.
Әдемі әндермен әдіптелген кеште қоңыр үнді Жанатбек Қадіров, Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Мәдина Сағынбекова, Айгүл Мақашева бастаған өзге де есімі өңірге белгілі әншілер Нұрғиса Тілендиевтің ел сүйіп тыңдайтын ғажап әндерін нақышына келтіре шырқады.
Бұл күні Нұрғиса Тілендиевтің, «Куә бол», «Баламишка», «Саржайлау», «Өз елім» секілді өзге де бірқатар шығармалары орындалды. Кеш соңы оркестрдің сүйемелдеуіндегі «Махамбет» поэмасымен түйінделді.
Өнерсүйер қауым үшін Нұрғиса шығарма-лары ешқашан өлмейтіні даусыз. Тұлға туындылары насихатталған кеште де мұны анық аңғардық. Филармония ұжымы ұйымдастырған концерттің жоғары деңгейде өтуіне «Ақкербез», «Бозторғай» секілді би ансамбльдері де айтарлықтай үлес қосты.
Тараз