Сатира • 05 Сәуір, 2025

«Мода дегеніміз...»

729 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұрындары «Мода дегеніміз...» деп алып, бір-екеудің өз тір­лік­теріндегі «моданың» майын тамыза жазғандарын оқығанбыз. Оларша «мода дегеніңіз» — бірінде: бас сап ақша жинап, айлықтарын бастық біткенге жылу үлес­тір­гендей бөліп беріп отырса, екіншісі: күн батып түн баласы түсті бітті, көңіл жақын дос-жаран бір үйге жи­налып түңлік түсіріп, әйда карта ойнауға отырады екен...

«Мода дегеніміз...»

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, біздегі модаңыз...

...Құдай берді, жариялылық, демократия, нағыз бостандық алып, төбеміз көкке жеткен де шығар...

Қазір, керемет! Көзіміз ашылды, ой-санамыз ілгеріде – іркілмейміз-ау, іркілмейміз. Ашық айтамыз, іреп соя­мыз. Үлкен-кіші демей бет жыр­ты­суға барамыз, ақ ит кіріп, көк ит шығады, әйтеуір айтып-айтып әдіреңдеп аламыз. Иә, біздің ермек, ермегі несі – мода­мыз осы.

Осы болғанда, іркіліп, ора­ғытып айтқанымнан сезген боларсыз, модамыз – кез келген тақырыпқа үнсіз қалмай – пікір алысу, сөз таластыру, естіген-білгенді ортаға сап, ойран-топыр болу. Керемет, рахат! Еститінің бар, білетінің бар – тартылып тарыла бастаған санаң жіпсіп, ой-өрісің өрге екпіндеп өріс іздеп, не керек, ми қуысыңа қозғалыс бітіп, көңіл түкпірің­де шамшырақ жағылғандай болады-ау.

...Қаусатуды қасымыздан бас­тап, алдымен ұжым басшысын көкпарға ілеміз. Де­мо­кратияның ар­қасы, басекеңді жү­нін жұлған та­уықтай етеміз. Біз бас қоссақ, модамызға мойын бұр­сақ, басе­кеңнің бетін бірер сағатта бері қаратып, қа­лауымызша илеп-түйреп, кере­гімізше кер­тіп-жонып алатын халдеміз.

...Одан ауыл асып, ауданға қолқа салу қиын емес. Жиып-теріп сынап, жарыса айтып, төңкере көтеріп, түгін қал­дыр­май түгесіліп, ақыры аудан басын нөкерлерімен қосып айдап ит жеккенге жеткізіп тастап тымпи ойнай қаламыз.

...Облысты сынамасын деп отырған кім бар. Айналайын, жариялылықтың арқасында оны да бір күндегі басқосудың талқысына сап талқан еткен күніміз де болған.

Кереметтігі, ашына сөй­лейміз, көзге нұқып та, кей-кейде шұқып та шарт кететініміз бар. Ашуға булығып, арамыздан қаны басына теуіп сөйлеп тұрып-ақ тілі күрмеліп құлап қалатындар да болады.             

Облысты да орағытып өтіп әріге кетіп әкіреңдегенде, әй, тай-тұяғымыз қалмайды. Мода емеспе, кім-кімнің де одан қалыс қалғаны жарамсыз – деп қалады, сілтеп қалады, сілейтіп салады. Бұрындары ердің ері ғана бас басекең туралы бірдеңе деп ерін қыбырлата қоюы – әй, неғайбыл болды емеспе. Қазір, тартынбаймыз, мүмкіндік боп реті келсе, әркім-ақ бетіне айтып, бет-пердесін сыпыруға сақадай-сай.

...Бұлай бас қосуымыз, басында бірен-саран болушы еді, қазір тіптен үдеп, күн белгілеп, орын белгілеп, алдын ала келісіп-пішіп барып бірігетін болдық. Неге екенін, болатын күнді күтіп тағат таусылады. Төзіп-шыдап, әйтеуір жетіп жығыламыз.

Не керек, бұ­ны­мыздың б­ұрыс-дұрысын біліп бағыт беріп бақылап отырған бақа бас­ты ешкім жоқ. Әйтеуір еркіндік. Көкейге қона ма, қонбай ма, оны да ой елегінен өткізіп жатқан жан жоқ – деу парыз, айту мақсат.

Кәсібіміз де жайына қалды, керек болса, кез келген уақытта бас қосып модамызды іске асыруға толық құқылымыз... Өйткені көппіз, өйткені ол біздің бірден-бір ермегіміз... ермегі несі, модамыз!..

Иә, шынымызды айтсақ, бұнымыз бойымызға тарады, қанымызға сіңді. Мүмкін, тамақ ішпей бірнеше күнге шыдауға болар, бірақ бірнеше күн бас қосып бақұлдаспау, бұл деген мүмкін емес зат боп орнықты... Яғни біз де пен­деміз, біздің де модадан қал­ғымыз келмейді...

Ойпыр-ай, өз басым, осы модамыз болмағанда, турасын айтсам, іш құса боп өлетін пенденің бірімін. Осыны тауып берген, көзімізді ашқан, көңілімізге саңлау жүгірткен заман-уақыттан айналдым.

 

Берік САДЫР

Соңғы жаңалықтар

Абай облысында тазалық акциясы басталды

«Таза Қазақстан» • 05 Сәуір, 2025

Үш айда 7 145 жұмысшының құқығы қорғалды

Жұмысшы мамандықтар жылы • 05 Сәуір, 2025

1650 адам қала тазартуға қатысты

«Таза Қазақстан» • 05 Сәуір, 2025

«Жеміс»

Мың бір мысал • 05 Сәуір, 2025

Дәм сезбейтін аспаз

Ғалам ғажаптары • 05 Сәуір, 2025

«Мода дегеніміз...»

Сатира • 05 Сәуір, 2025

Тікелей әуе рейсі ашылады

Саясат • 05 Сәуір, 2025

Отбасына тиімді карта

Қоғам • 05 Сәуір, 2025

Көлікті сақтандыру қымбатқа түседі

Заң мен Тәртіп • 05 Сәуір, 2025

Жеңіс тарихы ұмытылмайды

Өшпес даңқ • 05 Сәуір, 2025

Торғайды түлететін төте жол

Экономика • 05 Сәуір, 2025