Таяуда Өскеменде ХІХ халықтық спорт ойындарының аясында киіз үйлер көрмесі өтті. Шығыс өңірінің 19 қала мен ауданы тіккен ақшаңқан киіз үйлер Ертістің жағасына ертедегі қазақ ауылы көшіп келгендей көзімізге жылы ұшырады. Ұлттық дәстүр мен мәдениетті паш ететін киіз үйлер қалашығы шараға қатысушы қонақтарға ұлттық тағамдар мен сусындарын ұсынып, меймандос көңілімен күтіп алды. Аталған шараға қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов киіз үйлерді аралап көріп, әрқайсысының безендірілу барысындағы өзіндік ерекшеліктерін жоғары бағалады.
– Бұл халықтық ойындар болғандықтан, бәрі халық үшін жасалып жатыр. Қазақтың ғажайып мұрасына қызығушылық танытушылар көп екенін байқаймыз. Киіз үйлерді көрген жастар, қонақтар ұлтымыздың салт-дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады, – деді облыс басшысы.
Қазылар алқасының төрағасы Бекен Теміров барша киіз үйдің қожайындары жоғары дайындықпен келгенін, киіз үйлердің жабдықталуы, безендірілуі, табиғи өнімдерді пайдалануы айрықша екенін атап өтті.
Жарысқа қатысушылар киіз үйдің іші мен сыртын көркемдеп қана қоймай, ұлттық дәстүрлердің озық үлгілерінен көріністер де даярлаған екен. Оның ішінде, келін түсіру, баланы бесікке бөлеу, тұсау кесу сынды тал бесіктен жер бесікке дейінгі қазақтың салт-дәстүрлері қамтылды. Киіз үй иелерінің бесік жыры мен беташар, жар-жар орындауы да тамаша әсер қалдырды.
Қала тұрғындары мен алыстан келген меймандар әр киіз үйден саба пісіп, қымыз дайындау, нан илеп, бауырсақ пісіру, құрт қайнату сынды ұлттық тағамдарды дайындау үдерісін көріп, қазақтың мол дастарқанынан дәм татты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.