Кеше елордада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жаңа университет ашылды.
Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: “Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық тараптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоо-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне ұмтылуы керек”, дей келіп, Астанадағы Жаңа Халықаралық Университетке басымдық берген еді. Енді, міне, сол білім ордасы пайдалануға беріліп, әлемдік білім кеңістігіне енуге жаңа қадам жасалып отыр.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев білім ордасының ашылу рәсімінде бұл оқу орны кеңес үкіметінен кейінгі кеңістікте баламасы жоқ жаңа бірегей білім беру жобасының іске қосылуы екенін ерекше атап өтті. Ол сонымен бірге, елімізде Президенттің “Болашақ” халықаралық бағдарламасының жақсы жұмыс істеп жатқанын, талапкерлер төрткүл дүниедегі белді де беделді оқу орындарын бітіріп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүргенін, ендігі жерде мұндай үрдіс өз мемлекетімізде де орнығатынын, түлектер Отанымыздың өркендеуіне талабы мен талантын жұмсайтынына сенім білдіріп, өзінің атымен аталатын теңдессіз оқу орнына сай болу әрбір жастың азаматтық парызы дегенді қадап айтты.
Осы арада Елбасы университеттің аясында Астанада үш жаңа ғылыми орталық құрылатынын, нақтылай түссек, Өмір туралы ғылымдар орталығы, Балама энергетикалық орталығы, Халықаралық аспаптық орталығы жұмыс істейтінін де еске салды.
Биыл бұл университетке 500 мемлекеттік білім беру гранты бөлініп отырғанын, ол студенттердің оқуын, тамақтану мен тұрғын жайын өтейтінін, оларға сабақ беретін профессор-оқытушылар әлемнің мықты елдерінен келетінін назарға салып, дүние жүзінің ең таңдаулы деген 30 университетімен қазірдің өзінде 11 келісім жасалғанын тілге тиек етті.
Сол жағалауға орналасқан бұл оқу орны 80 гектар алқапқа орналасқан. Ғимараттар мен құрылыстың бірінші кезегінің жалпы аумағы 143 мың шаршы метрді құрайды. Елбасы осы алып ғимаратты аралап көріп, заманға сай жабдықталған кітапханада болып, ғылыми интеллигенциямен, студенттермен жүздесті. Мұнымен қатар, Мемлекет басшысы әріптес шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдерімен, Халықаралық консультативтік, Жаңа университеттің директорлар кеңестерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында халықаралық дәрежедегі зерттеу университетінің жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Президент сондай-ақ университеттің негізгі қызметінің маңызды ұстамдарын айқындайтын Назарбаев Университетінің Декларациясына қол қойды.
Жалпы, елорданы білім мен ғылым қаласына айналдыру жолындағы Елбасының батыл қадамдарының айтулы бір жемісі саналатын бұл оқу орны Президенттің бастамасы бойынша барлық зияткерлік элитасын қалыптастыру мақсатында құрылып отыр. Бұл болашақта Қазақ елінің ұлттық бренді болады.
Университеттің академиялық және ғылыми саясаты, ең алдымен оқу орнының құрамына кіретін әрбір мектептің (институттың) әлемнің жетекші жоғары оқу орындары қатарынан өзінің академиялық әріптесінің болуын және қуатты ғылыми, сол секілді өндірістік базаға ие болу көзделген. Бұл білім, ғылым өндіріс арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Алты факультет бойынша: инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық ғылымдар мектебі, медицина мектебі, магистратура және РhD бағдарламасы, 2012 жылдан бастап мемлекеттік саясат және бизнес мектебін ашу жоспарланып отыр.
Университеттің заманға сай архитектуралық шешімі батыс стандарттарына жауап береді. Барлық оқу корпустары бір-бірімен атриум арқылы байланысқан. Бұл, кешеннің тұтастығы мен архитектуралық жиынтығының бірлігі. Елдің назарын аударып отырған білім ордасы уақыт өте келе төрткүл дүниедегі үздік оқу орындарының қатарынан орын алары еш шүбәсіз.
Сүлеймен МӘМЕТ.