
Химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мәдениет Елубай Ертіс-Баян өңіріндегі жаратылыстану ғылымын дамытуға зор үлесін қосып жүр. Ол бүгінде Торайғыров университеті Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, 50-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ «Мұнай мен газды қайта өңдеу» бизнес-жобалау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі. Маманданған ғылыми зерттеу саласы – катализ, мұнай-химия, қалдықтарды қайта өңдеу. Оның жетекшілігімен жас ғалымдар жергілікті кәсіпорындарға тың жобалар әзірлеп, жаңа өндірістік шешімдер ұсынады. Бірқатар жоба мұнай-газ, химия, металлургия саласындағы ірі өндіріске енгізіліп те үлгерген.
– Ғылым саласына келіп, шәкірт тәрбиелеу туралы ой бастапқыда болмаған еді. 2006 жылы қазіргі Торайғыров университетін тәмамдаған уақытта бірге оқыған қыз-жігіттердің көбі кәсіпорындарға, бір бөлігі бизнеске бет бұрды. Мен білімімнің әлі де шектеулі екенін түсініп, Алматыға жол тарттым да, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. 24 жасымда кандидаттық диссертациямды қорғадым. Туған өлкеме қайтып оралған соң қазіргі Павлодар мұнай-химия зауытына газфрикционды қондырғы операторы болып жұмысқа кірістім. 2015 жылы Торайғыров университетіне аталған кәсіпорын химия кафедрасын жабдықтап берді. Зауыт басшылығы: «Біздің өндіріске келешекте өзің сияқты білікті мамандар қажет болатыны даусыз. Сондықтан сен университетке бар, сапалы кадрлар даярлауға кіріс», деп әрі бағыт, әрі тапсырма берді. Сөйтіп, оқу орнындағы ғылыми мансабым басталды. Мұнда жаратылыстану ғылымына бірігетін мамандықтарда оқып жатқан студенттер белсенділігімен көзге түсті. Әттеген-айы ғылыми жағынан әлеуеттері төмен екен. Уақыт өте, бұл жағын да түзеп алдық, – деп бастады әңгімесін Мәдениет Азаматұлы.
Өндіріспен шаруашылық тақырыптарын көтеру, өндірістік есеп құру, ғылыми жобаларды талқылау сияқты байланыс бүгінде жақсы қолға қойылған. Жалпы, жаратылыстану бағытындағы мамандықтарды жыл сайын 60-70 студент тәмамдаса, олардың барлығы дерлік жергілікті кәсіпорындардан екі қолға – бір күрек табады. Себебі «Павлодар мұнай-химия зауыты», «Нефтехим LTD», «УПНК Павлодар», «Каустик», «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», Ақсу мен Екібастұз қалаларындағы аймақтық электр стансаларында, толып жатқан орта және шағын химиялық кәсіпорындарда білікті кадрларға сұраныс жоғары. Мұның сыртында химия мамандары ішкі істер саласында, медицинада, зертханаларда жұмыс істей алады.
Бұдан біраз уақыт бұрын университет ғалымдары «Нефтехим LTD» кәсіпорнына қажет реактордың есептерін жасап, ұсынған.
– Біздің ғалымдарымыздың қатысуымен мұнай-химия зауытындағы мұнайды бастапқы тазалау кезіндегі электр тұзсыздандыру қондырғысының есептеулерін шығарып бердік. Яғни реагенттерді беруді оңтайландырдық. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша бес бірдей жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Маңызды жобалардың бірі – өндірістегі су ағындарын оңтайландыру. Өңірде су ресурстарын мейлінше көп тұтынатын өндірістер баршылық. Соларға судың көлемін азайту бойынша жас ғалым Иван Раделюк тиімді ұсыныстар әзірледі. Әрине, бизнес үшін ең әуелі табыс пен пайда екені белгілі. Біздің ұсыныстарымызға жергілікті зауыттар қызыққанымен, оларды жаңа әдіс-амалдар қаражатты қаншалықты үнемдеп, тиімділік көрсетеді деген сұрақ мазалайды. Соңғы стандарттарға сәйкес, қазір кез келген кәсіпорында пайдаланылатын су толық тазартудан өтуі керек. Әрі тазартудан өткен судың сапасы күнделікті тұтынатын тіршілік нәрімен теңесуі тиіс. Бұл ғалым ретінде бізді қуантады. Ендігі кезекте су тұтынуды үнемдеу технологияларын енгізу күн тәртібінде тұр, – дейді ғалым.
Павлодар облысы қоршаған ортаны ластайтын заттардың шығарындылары бойынша елімізде көш бастап тұр. Өндіріс қалдықтары мен түрлі күл-қоқыстың 30 пайызы, яғни 730 мың тоннасы осы өңірге тиесілі. Ал отын-энергетика саласындағы бұл көрсеткіштердің үлесі тіпті сорақы, 65 пайыздан асады. Экологтердің пайымдауынша, өңірде шамамен 700 млн тоннадан астам өндірістік қалдықтар жиналып қалған. Жыл сайын шамамен 7,5 млн тонна күл үйіндісі пайда болады. Осыған байланысты облыста өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша мәселе күн тәртібінде тұр.
Мәдениет Елубай өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату бойынша бірқатар жобаны қолға алған. Айтуынша, тау-тау болып үйілген қоқыстың барлығын қайта өңдеуге отандық ғылым да, өндіріс те әзірше қабілетсіз. Түптеп келгенде, ондай технология жоқтың қасы. Тек экологияға зор қауіп тудырып тұрған мұндай үйінділердің көлемін азайтуға болады.
«Екібастұздағы көмір кеніштерінің маңында жал-жал болып үйілген кен жыныстарының ауқымы өте үлкен. Қарапайым адам оның құрамында темір, кремний, алюминий оксидтері, басқа да металдар мен минералдар бар екенін білмейді. Бірақ бұл элементтердің барлығы аз ғана көлемде. Оларды айырып алу кез келген зауыт немесе цех үшін тиімсіз болар еді. Сондықтан өндірістік қалдықтардан құрылыс материалдарын жасауға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Бұл жерде жасалатын материал құрамындағы әлгіндей қалдықтардың мөлшері 20-30 пайыздай ғана болатынын ескерген абзал. Кірпіш, кеспетастар жасау үшін беріктігін нығайтатын цемент, құм қоспай болмайды. Ақсу ферроқорытпа зауытында жоғары көміртекті феррохромның қожы қайта өңделіп, қазір онда полимерлі кеспетас өндірісі жолға қойылған. Полимер ыстыққа төзімсіз болғандықтан оны тек кеспетасқа ғана пайдалана аламыз. Полимер тез еритін зат болғандықтан оның қасиеттерін үздіксіз зерттеп келеміз. «Металл органикалық полимерлер» деген болады. Бұларды дәрі-дәрмекті белгілі бір ағзаларға жылдам жеткізу үшін медицинада, қауіпті заттарды тасымалдауда, т.б. салаларда қолданудың келешегі зор деп есептеледі. Тағы бір ғалымымыз вольт амперлік әдістермен кен құрамындағы бағалы металдарды анықтау жобасын бастап кетті. Мұндай жобалар мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырылып, зерттеулер мен сынақтар өткізу үшін құрал-жабдықтар сатып алып жатырмыз. Бүгінде зертханаларымыздың жабдықталуы көңіл толарлықтай түрленіп келеді» дейді ғалым.
Университет мамандары шұғылданып жатқан тағы бір жоба – PM 2,5 бөлшектері ерекшелігін зерттеу (авторы – И.Раделюк). Бұл – қатты микробөлшектер мен сұйықтықтың ұсақ тамшыларынан тұратын ауа ластағышы. Мұндай ауа тозаңдары экологиялық жобаларды жүзеге асыруға тиімді. PM 2,5 бөлшектерін пайдалана отырып, ауадағы қауіпті қалдықтардың мөлшерін азайтудың амалын табуға болады деген сенімде ғалымдар.
Отандық ғылымдағы маңызды мәселенің бірі – өңірлік ғылымның дамуы. Академик Қаныш Сәтбаев тек зерттеу қызметінің ғана емес, сонымен бірге оның нәтижелерін өндіріске енгізудің жоғары өнімділігі мен тиімділігіне апаратын ең қысқа жол деп есептеп, ғылымды өңірлерде дамытуға ұмтылғаны кездейсоқтық емес. Дәл осы тәсілдің арқасында өткен ғасырдың 60–80 жылдары аралығында Қазақстан экономикасында қарышты қадамдар жасалғаны белгілі. Ендеше, бұл үрдіс неге үзіліп қалды?
Павлодарлық ғалымның пікірінше, өңірдегі өндіріс орындарының ғылымнан қол үзуіне өткен ғасырдың соңындағы тоқырау кезеңі себеп болған. Экономикадағы құлдырау зауыттардың ғылымға деген сенімін жоғалтты. Бәсекенің болмауы, дамуға деген сенімсіздік көп кәсіпорынның оқшаулануын тудырып қана қойған жоқ, олардың бей-берекетсіз жұмыс істеп, ақыр-соңы жабылып қалуына әкелді. Ал тоқыраудан аман қалған кейбір өндірістік еңбек ұйымдары үшін ғылым – әлі күнге шығыны шаш-етектен келетін сала ретінде байқалатыны рас. Бұл теріс үрдістің шылауынан көбіне шағын кәсіпорындар арыла алмай келеді. Тек ірі зауыттар ғана бүгінде ғылымның көмегіне сүйенуге әрекеттеніп, өндірістік технология мәселелерін шешуге жергілікті жерден көмек алып отыр. Тағы бір кемшілік, отандық өндірістер жергілікті ғалымдармен бірлесіп, жаңа әзірлемелер жасаудың орнына, дайын жобаларды шеттен сатып алғанды құп көретіні де белгілі. Мұндай «қажетсіздік», сұраныстың болмауы мықты деген ғалымдарымыздың іргелі ізденісіне кедергі келтіріп отыр.
Профессор Мәдениет Елубай бүгінде университетте ғалымдардың жаңа буыны өсіп келе жатқанын жеткізді. PhD Римма Уәлиева, Нариман Мапитов, Иван Раделюк, Жәмила Фазлутдинова, Алина Фаурат, докторант Сәбит Маусымбаев, басқа да жас ізденушілер жаратылыстану бағытындағы ғылым көкжиегінде жарқырай көрініп, ғылыми ізденістерін өндіріс пен күнделікті өмірге сыналап енгізуге тырысып жатыр.
Павлодар облысы