Экономика • 12 Сәуір, 2025

Құрылыс компаниясы «Наурыз жұмыскер» аясында қызметкерлеріне қолдау білдірді

266 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұмысшы мамандықтары жылында «Nest Stroy» құрылыс ком­паниясының басшылығы қыз­мет­керлеріне «Наурыз жұмыскер» бағытымен несие алуға бас­тапқы жарна үшін 1 млн теңге береді. «Nest Stroy» құрылыс ком­паниясы Алматы облысында жа­қында ғана жаңадан бой көтерген Алатау қаласында «Gate City» тұрғын үй кешенін салып жатыр.

Құрылыс компаниясы «Наурыз жұмыскер» аясында қызметкерлеріне қолдау білдірді

Суреттерді түсірген – Вера ОСТАНКОВА

Осы орайда «Nest Stroy» ЖШС директоры Александр Нестерцов пен «Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов «Наурыз жұмыскер» бағытын жүзеге асыру және банк клиенттері қолжетімді несиеге қол жеткізу үшін әрленген пәтерлерді беру бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Осы құжат­тардың арқасында құрылыс компаниясында жылдар бойы адал жұмыс істеп келе жатқан кәсіби қызметкер­лерге «Наурыз жұмыскер» бағытына қатысу үшін бастапқы жарна ретінде қайтарымсыз 1 млн теңге беріледі.

Компания қызметкерлерінің «Отбасы банктегі» жинақ шоттарына қаражат аударғаннан кейін олар «Отбасы банк» филиалына жүгініп, төлем қабілеттілігін растап, «Наурыз жұмыскерге» қатысуға өтініш бере алады. Бұдан бөлек, «Nest Stroy» ЖШС қанатқақты режімде «Отбасы банк» салымшыларына қолжетімді несиелеу үшін «Gate City» тұрғын үй кешенінен 20 пәтер береді. Әрленген дайын пәтерлерді баспана құнының 50%-ын жинаған, бірақ несиелеу үшін бағалау көрсеткіші аз банк клиенттері сатып ала алады. Десе де, басымдылық бірінші кезекте жұмысшы мамандық иелеріне берілмек.

ап

«Отбасы банкте» аралық несие алу үшін бағалау көрсеткішінің ең төменгі мәні 5 болуы керек. Оған пәтер құнының 50%-ы мөлшерінде депозит толтырғаннан кейін кемінде 6 ай өткен соң жетуге болады. Сонда ғана банк жылдық 8,5%-ға дейін (ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін) мөлшерлемемен несие береді.

Осылайша, «Gate City» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған клиенттер бағалау көрсеткіші 5-ке жеткенін күтпей бірден дайын үйге көшіп, қоныс тойын тойлай алады. Алты ай бойы пәтерде тұрған кезде тек коммуналдық қызметтердің ақысын төлейді.

«Gate City – Алатау қаласындағы алғашқы тұрғын үйлердің бірі. Бүгін біз компаниямен екі меморандумға қол қойдық. Баспана құнының жартысын жинап, 6 ай ішінде коммуналдық төлемдерді ғана төлеп тұру деген – жаңа бастама. Таза әрленген пәтерлер нарықта өте сирек кездеседі. Әдетте Қазақстанда құрылыс компаниялары пәтерді әрлеусіз сата береді. Ал үй жөндеуге, сантехникаға сатып алушының қалтасынан ақша шығады. Сондықтан «Nest Stroy» бас­қаларға үлгі болып отыр. Сондай-ақ компания өз қызметкерлеріне «Наурыз жұмыскер» бағытына қатысу үшін бастапқы жарна ретінде қайтарымсыз 1 млн теңге береді. Мысалы, үй құны 30 млн теңге болса, бастапқы жарнаның үштен бірін компания төлейді. Бұл бастама жұмысшыларды ынталандыратыны сөзсіз», деді «Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

«Gate City» тұрғын үй кешенінде үйлер 9 қабатты, таза әрленген пәтерлер. Ауласы абаттандырылған, балалар алаңы және work out алаңы бар. Аулаға көлік кірмейді, бұл балалардың қауіпсіздігі үшін қолайлы болмақ. Пәтердің бір шаршы метрі 395 мың теңгеден сатылады. Пәтер құны 18 млн теңгеден басталады.

«Пәтерлер, аула ұнады. Аулада серуендеуге, балалар ойнауға, жаттығу жасауға жағдай жасалған. Апаттан сақтану үшін көлік кірмегені жөн. Қазір адамдар осындай қауіпсіз үйлерде тұрғысы келеді. Алматыға автобус қатынайды. Мектеп пен балабақша салынып жатыр. Мұның бәрі қарапайым дүние болып көрінгенімен, бұл адамдардың жайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасайды. Үйлердің түрлі түске боялуы да жайлылықтың белгісі», деді Нұрлан Ақшанов.

Айтуынша, «Наурыз», «Наурыз жұ­мыскер» бағытының қатысу­шылары таза әрленген үйді алған жағ­дайда бас­тапқы жарна сомасы 20%-дан 10%-ға түседі. Осылайша, «Отбасы банк» се­рік­­тес құры­лыс компанияларға да пәтер­лерді таза әрленген дайын күйде пайдалануға беруді ұсынып отыр.

«Біз «Отбасы банкпен» бұрыннан серіктеспіз. Бүгін компаниялар арасында өзара стратегиялық меморандумға қол қойдық. «Наурыз жұмыскер» аясында қызметкерлеріміз де баспаналы болсын деп оларға бастапқы жарна үшін қайтарымсыз 1 млн теңге береміз. Алматыда жер жетпейді, үй салу қиындап барады. Сол үшін Алатау қаласында ауласы кең, сапалы тұрғын үй салғымыз келді. Мектеп, балабақша, әртүрлі нысандар бой көтеріп, қала көркейеді деп сенеміз», деді «Nest Stroy» ЖШС директоры Александр Нестерцов.

«Отбасы банктің» Алматы облыстық филиалының директоры Қуаныш Ұласбеков «Nest Stroy» мен банк арасындағы қолжетімді несиелеу жобасына кез келген адам қатыса алатынын, қанатқақты жоба сәтті іске асса пәтер саны да көбейетінін атап өтті. «Отбасы банк» басшылығы осы жобаға басқа да құрылыс компаниялары қосылады деп үміттенеді. «Отбасы банк» бұл тетікті «сатып алу құқығымен жалға беру» деп атады. Ол «Корпоративтік» өнім аясында жүзеге асырылады. «Gate City» тұрғын үй кешенінде несиеге берілетін пәтерлердің ең жоғарғы құны 36,8 млн теңгені құрайды.

2025 жылғы 14 сәуірден бастап «Отбасы банктің» Алматы облыстық филиалында өтініш беруге болады. Пәтерлерді үлестіру кезінде жұмысшы мамандарға басымдық беріледі.