
Сурет: krisha.kz
Әлбетте, бұл мәселемен көпқабатты үйде тұратын кез келген азамат бетпе-бет келуі ықтимал. Орын алған ұсақ-түйекке бола орынсыз шағымданатындар секілді қоғамдық тәртіпке бағынуды қолай көрмейтіндер де кездеседі. Тұрғындар арасындағы келіспеушілік өмір сапасына да әсер етпей қоймайтыны белгілі. Түсініспеушіліктер көбіне-көп қарапайым ережелерді ескермеуден туындайтын көрінеді.
«Мәселені жан-жақты қарастырған абзал. Көршілердің араздығына белгілі бір деңгейде үй сапасы да әсер етеді. Көп жағдайда эконом санаттағы үйлердің қабырғалары жұқа немесе дыбыс оқшаулау жүйесі болмағандықтан, әңгімелер, балалардың у-шуы, үй шаруашылықтары сияқты дыбыстар басқа пәтерге өтіп, ыңғайсыздық туғызады. Мұндайды біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Мезі болғандар шағымдануға көшеді, кей тұрғындар өзара мәміле арқылы жағдайды реттеуге тырысады. Сол секілді көппәтерлі үйлерде дәліздер мен аула орындары ортақ мүлік екенін ұмытып, шектен шығатын азаматтар да жоқ емес. Мұндай жағдайлар көбіне бейбіт өмір сүруге кедергі жасайды әрі әлеуметтік ортаға кері әсер етеді. Тәртіп бұзған көршілердің мінез-құлқы түрлі формада көрінуі мүмкін. Мұндай мәселелерді шешу үшін нақты іс-шаралар мен түсіністік қажет. Ең алдымен, соның бәрін реттейтін – заң мен тәртіп», дейді әлеуметтанушы Айнұр Ақынбай.
Жуырда көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты ереже бекіп, заң талаптары барынша күшейтілген еді. Енді тұрғын үй кіреберісінде тұрып шылым шеккендер 58 мың теңге айыппұл төлейді. Қоқыс шығаруға ерініп, есік алдына тастап кететіндер 78 мың теңгесінен қағылады. Сол секілді кіреберіс қабырғаларға сурет салып, қаптамаларды бүлдіргендер 197 мың теңге төлеп, тіпті 20 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Түнгі сағат 22.00-мен таңғы 9.00 аралығында шулап, көршілердің мазасын алатындар да 19 660 теңге айыппұл арқалайды. Сондай-ақ жеке заттарын подъезде сақтайтындарға да тәртіп күшейген.
Заңгер Олжас Есенбаев көршілердің теріс мінез-құлқы үнемі қайталанып, өзгенің тыныш өміріне зиян келтірер болса, заңдық шара қолданудан қымсынбау қажет деп есептейді. Адвокат өз жұмыс тәжірибесінде мұндай жайттардың ушығу фактілері орын алғанын алға тартты.
«Қоғамдық мәдениет бәрінен маңызды. Өкінішке қарай, оған немқұрайлы қарайтындар бар. Өзгенің мүлкіне зиян келтіруге, моральдық һәм материалдық тұрғыдан құқына қол сұғуға заңмен тыйым салынады. Көппәтерлі үйлерде тұрғындардың бірге өмір сүріп, өзара келісімге келуі үшін үй басқармасы тұрғындардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіретін ақпараттық сессиялар өткізіп, тәртіп бұзушыларға ескерту жасай алады. Мұндай шаралар көршілер арасында өзара құрмет пен жауапкершілікті арттыруға көмектеседі. Бірер жыл бұрын Ақтау қаласының тұрғындары пәтерінде күрке тауық баққан көршілеріне шағымданғанын білеміз. Сол сияқты көпқабатты үйдегі пәтеріне қаңғыбас ит-мысықтарды паналатқан тұрғынға қатысты да заңдық шара қолданылды. Ішімдікке сылқия тойып алып, өз отбасының ғана емес, көршілерінің де тынышын қашыратын азаматтар бар. Қарапайым қолайсыздықтарды айтпағанда, мұндай іс-әрекеттерді құқықтық тұрғыдан шектемесе болмайды», дейді заңгер.
Мәселенің бір ұшы тұрғын үй салатын компанияларға тіреледі. Себебі құрылыс барысында пәтер мен көлік тұрағының саны ескерілмейді. Бүгінде көпқабатты үйлер аумағындағы тұрақ тапшылығы өзекті проблемаға айналып отыр. Құрылыс салушы да, құрылысқа рұқсат беретін қала билігі де осыны ескергені абзал. Көршілер арасындағы дау-жанжалдар кейде көлік тұрағына таласудан белең алғанын растайтын фактілер аз емес. Бұл тұрғыда былтыр Алматыда жедел-жәрдем жүргізушісінің аяусыз соққыға жығылуы осы мәселеден туындағанын алға тартсақ, жеткілікті.
Ай бұрын Мәжіліс мінберінде көппәтерлі үйлерді басқару жүйесіне өзгеріс енгізуге арналған заң жобасы әзірленгені айтылған еді. Депутат Екатерина Смышляева саладағы реформаға қарамастан, әлі де шикіліктердің барын алға тартқан болатын. Бұл өзгерістер көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындарының құқығын қорғауға бағытталған маңызды тақырыптарды қамтиды.
АЛМАТЫ