Аймақтар • 15 Сәуір, 2025

Кіші Арал кемеріне келсін десек...

0 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады. Кіші Аралдың ертеңіне алаңдаушылық білдірген халық қалаулысы айдынды қалыпқа келтіруге 5 млрд текше метр су қажеттігін айтады. Онсыз аймақтың экономикалық, экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі ауырлай бермек.

Кіші Арал кемеріне келсін десек...

Көршінің көлін толтырдық

Үлкен теңіз бен кіші айдынның арасын бөліп тұрған Көкарал бөгеті бой көтергелі шегінген Аралмен бірге ғайып болған көлдер толып, байырғы қоныста тіршілік жанданып еді. Алғашқы жылдары-ақ атакәсіптен қол үзіп, төңкерілген қайығы қаңсып қалған 2 мыңнан астам балықшы теңіз төсіне қайта шыққан еді. Бірақ кейінгі жылдар бедеріндегі су тапшылығынан Кіші Аралға түсетін көлем азайып, ауқымына 27 млрд текше метр су сыйдырған айдын алаңы кішірейе бастады. Дегенмен кейінгі 2 жылда теңізге құяр су молайып, оның көлемі қазір 22 млрд текше метрден асып тұр. Депутат өз сауалында теңізді жобалық көлеміне жеткізуге бір реттік 5 млрд текше метр су қажеттігін айтады.

«Айдынды қалыпты деңгей­де ұстап тұруға жыл сайын 2,5-3 млрд текше метр көлемінде су ке­рек. 2020 жылы Арал теңізіне 1 659 млн текше метр, одан кейінгі жылы 1 194 млн текше метр, 2022 жылы тіпті 816 млн текше метр ғана су түскен. Тек 2023–2024 жылдары ғана су көлемі молдау болыпты. Әсіресе вегетация кезеңінде дария арнасының суалып қалуы аймаққа қиын тиіп отыр. Соған қарамастан, кейінгі жылдары Өз­бекстанда орналасқан Арнасай көлдер жүйесіне көп көлемде су жіберіліп келеді. Осыдан екі жыл бұрын су тасқынының ал­дын алуға 500 млн текше метр жіберілсе, былтыр жоспар­лы түрде 692 млн текше метр тас­талды. Қаңтар айында өткен Қа­зақстан мен Өзбекстан арасын­дағы су қатынастарының барлық бағыттарында ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі бірлескен жұ­мыс тобының отырысында Ар­насайға 1 542 млн текше метр су жіберу туралы келісім жасал­ғаны белгілі. Бүгін­де келісімді көлемнің орын­далғанына қара­мастан, Арна­сайға су жіберу әлі жалғасып отыр», деді депутат.

Ақпан айында Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы Қызылорда өңірі­не жіберіліп жатқан су 100, ал наурызда 200 текше метрге дейін азайған. Халық қалаулысы мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияларында Арал теңізін толтыру мәселесін басымдық ретінде қарастыру қажеттігін айтады. Өйткені дария арнасын­дағы судың аздығынан кейінгі төрт жыл қата­рынан суаруға бекі­тілген лимит қайта қара­лып келеді. Мұның соңы күріш егісінің көлемін қысқартуға мәж­­бүрлеп отыр. Күріш егілме­ген топырақтың сорға айналып, түкке жарамсыз болып қала­тынын кешегі тоқсаныншы жыл­дар тәжірибесінен жақсы біле­міз. Сол жылдары ауыспалы егіс­тіктің 46 мың гектары айналымнан шығып қалған еді. Үкіметтен Арнасайға су жіберуді дереу тоқтатып, Шардарадан тө­мен­ге тастала­тын судың көле­мін 650 текше метрге жет­кізуді сұра­ған депутаттың айтары осы.

 

Су – біздікі, жер – көршінікі

Есте жоқ ескі заманда пайда болып, айналасы қырық жылдың ішінде жер бетінен ғайып бол­ған теңіз туралы жергілікті өлкета­нушы, су шаруашылығы инже­нері Әлібек Сабырбаевтың жаңа кітабы қазір баспада жатыр. Ұзақ жыл осы мәселені түбірлей зерт­­теген ақсақал істі дұ­рыс жос­пар­ласа, ұлы теңізден қал­ған ұл­т­арақ­­тай Кіші Аралды санаулы жыл­да-ақ толтыруға болатынын айтады.

Қырық жыл бұрын КСРО Министрлер кеңесінің «Арал теңізі ауданындағы экологиялық және санитарлық ахуалды түпкі­лікті жақсарту жөніндегі шаралар туралы» арнайы қаулы қабыл­дауына сол тұста облыс­ты басқарған Еркін Әуелбеков ық­пал етіпті. Қайраткер зардабы анық сезіле бастаған теңіз тақсіреті туралы айтудан қай­мық­паған деседі. Айтып қана қоймапты, шегінген теңізді көзбен көріп, зиянын сезініп отырған жергілікті жұртты әлеу­меттік қорғаудың бастамасын жасап кетіпті.

«Біздің басты қателігіміз – теңіз тағдыры таразыға түсіп тұрған сәтте Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін таратып жібергеніміз болды. Осыдан кейін-ақ сала мамандарын даярлаудан мән кете бастады. Ортақ судың бойында отырған басқа мемлекеттер бұл мәселеге барынша мән берді. Қазір осы судың бойында
3,5 млн гек­тардан астам суармалы жер бар. Халық саны жыл сайын өсіп, су керісінше аза­йып келеді. Біз де қам жасамасақ, ер­тең сан соғып қаламыз. Қазір министрлік құрылды, бірақ көр­ші мемлекет өкілдерімен мәсе­лені тең дәре­жеде талқылай алатын маман жоқ. Біз мұнай мен газдың соңында жүрге­німізде көршілеріміз су саласында бізден әлдеқайда озып кетті. Мысалы, Өзбек­станның 25 жылда дария бойына қандай құрылыс салғанын талдап-таразылап беретін ешкім жоқ бізде. Олар тіпті дарияға құятын майда өзендердің бойына 80-ге жуық қойма тұрғызған деп ести­міз. Біз «Сағадағы су, етектегі у ішедінің» кебін киіп отырмыз. Бұлай жал­­ғаса берсе, алдағы 10-20 жылда осы күні­мізге зар болып қаламыз», дейді ардагер.

Ауқымына 5 млрд текше метр су сыйғызған Шардарадан артық көлемді Арнасай арқылы Айдаркөлге жіберу бұрыннан бар тәжірибе. Тіпті 1969 жылы апаттық жағдайдағы суқойма­сынан ойпатқа 21 млрд текше метр жіберген кезіміз болған. Осы арқылы талай мәрте етектегі елді топансу қаупінен аман алып қалғанымыз да ақиқат. Қазір ауқымы 44,5 млрд текше метр­ге жететін алып көлдегі судың 80-90%-ы Шардара арқылы түседі.

Көзіміздің қарашығындай Кіші Аралдың жағдайы қазіргі­дей болып тұрғанда осы Айдар­көлді су реттегіш есебінде пай­да­ланудың жолын іздеуіміз керек. Көрші мемлекет маман­да­рымен келіссек, сорғы арқы­лы Айдаркөлдегі суды 15 шақырым­дағы Шардараға қайта айдау қисынға соғатын шаруа. Бұған қаражат та көп керек емес, тек қуатты cорғы сатып алсақ болғаны. Оларға қажетті электр энергиясын Шардара су электр стан­сасынан алуға болады. Кезінде салынған «Ертіс-Қарағанды» каналы бо­йында сорғы стансалары арқы­лы су 450 метрге көтерілетінін ескерсек, бұл жұмыстың еш қиындығы жоқ. Тек мәселені жан-жақты қам­тыған келісім керек. Осы арқы­лы Кіші Аралға жылына 3-5 млрд текше метр су беруге болады.

«Аралға Торғай мен Есіл өзендерінен су тарту жобасы кезінде көтеріліп, қазір қайта қолға алына бастады. Сөз жоқ, жақсы бастама. Бірақ жоба құны өте қымбат. Қаржы табылып, жүзеге асырыла қалған жағдайда саланы жақсы білетін мамандар керек. Оның қасында Арнасайды су реттегіш ретінде пайдалану әлдеқайда тиімді. Тағы да айтамыз, бұл жерде «су – менікі, жер – сенікі» деген ұстаным төңірегіндегі келісім керек», дейді Әлібек Сабырбаев.

Ақсақал қазір теңіздің екі жағынан Қарақұм мен Қызыл­құм қусырып келе жатқанын айтады. Осы күнгі екі аралық 83 ша­қырым болып тұр. Егер екі алап бірігетін болса, ұшқан құс­тың қанатын талдыратын алып шөл пайда болатын күн алыс емес.

«Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе екендігіне назар аударған Мемлекет басшысы оны үнемдеуге назар аударуды қадап айтты. Бізге осы мәселеге әлі мән бермей келеміз. Бүгінде мамандардан «күріш егілмесе, жер сортаңданып кетеді» дегенді жиі естиміз. Бұрын күріштік суы қашыртқы арқылы алыста­ғы жайылымдық алқаптарға жіберілетін. Кейінгі 30 жылда оның жолын тазалаған ешкім жоқ. Топырақтың тұздануының басты себебі осы. Ауыл шаруа­шы­лығы мен Су ресурстары және ирригация министрлігі кеңесе отырып, осыны қолға алса жөн болар еді. Дария бо­йына егілетін күріш аумағын ғылыми негізде азайтып, оның орнына суды аз қажет ететін дақылдарды енгізген дұрыс», дейді су саласының ардагері.

Ұзақ жыл ізденген маман Су ресурстары және иррига­ция министрлігі Кіші Арал­ды толтырудың бас жоспарын жасау керек деген ой айтады. Былтырғы еліміздегі су тас­қыны салаға салғырт қарағаны­мызды көрсетіп кетті. Осыдан да ардагер тоспалар мен гидро­то­раптардың техникалық қауіп­сіздігін ғылыми сараптамадан өткізу қажет деп санайды.

 

Үнемдесек, үлестен қағылмаймыз

Осы мәселе туралы су ре­сурс­тарын рет­теу, қорғау және пайдалану жөнін­дегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғановтың пікірін сұрадық. Инс­пек­ция басшысы бұрын бұл шара қауіпсіздік мақсатында атқарылғанын айта­ды. Мысалы, 2003 жылы Шар­дараға жоғарыдан 27 млрд текше метр су келген. Бұл еліміздің ортақ судан алатын екі жылдық үлесінен асады. Жаңағы ұшан судың 5,2 млрд текше метрін Арна­сайға тастап, Қызылорданы аман алып қалдық. Кейін өзімізде «Көксарай» су реттегіші салынып, көрші мемлекетке тәуел­ділігіміз азайды.

«Жалпы, Сырдария алабын­дағы жылдық қоры 37 млрд текше метр болып есептелетін судың біз жыл сайын 12 млрд текше метрін алып отырмыз. 2023 жылы оның көлемі 13 млрд 413 млн текше метрге жетті. 499 текше метрі Арнасайға кетті. Былтырғы үлесіміз 17 800 млн текше метр болды, оның 691 мил­­лионын Айдаркөлге құйдық. Қазір көрші мемлекеттің көзде­гені – Рамсар конвенциясына ену. Ол үшін Арнасайға жыл сайын 1 млрд текше метр су керек болады. Оның есесіне олар жазда бізге тиісті суды жеткізіп беруге бейілді. Бірақ бұл мәселе жө­нінде әлі келісім жасалған жоқ», дейді инспекция басшысы.

Кейінгі жылдары жаз айларында болжанған суды ала алмай қиналғанымыз рас. Болжамды көлемнің жартысынан астамын ғана алған кезіміз аз емес. Былтыр 3,7 млрд-қа болжам жасап, нақты түскені 4,8 млрд текше метр болды. Вегетация кезінде теңізге құяр су көлемін болжамға жеткізе алмаған кезіміз де көп. Бес жылдан бері былтыр ғана суа­ру маусымында теңіз айдынына 977 млн текше метр су жетіпті.

Су тапшылығын болдырмау­дың бір жолы – технологияны дамыту. Бізге көрші Түркістан облысы суармалы 522 мың гектардың 10 пайызға жуығын тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісіне көшірген. Бес-алты жылда оның көлемін 200 гектардан асыруға талпынып отыр. Біздің өңірдегі былтырғы көрсеткіш – 4,4 мың гектар. Биыл бұл екі есеге өсіп, 2030 жылға қарай 50 мың гектарға жетіп қалмақ.

Қалай болғанда да теңізді құтқаруға бағытталған алғашқы қадам нәтижесінде пайда болған Кіші Арал тіршіліктің көзі ғана емес, аймақ экологиясының жақсаруына сеп болып отыр­ған алып айдын. Кезінде қайта тірілген теңізбен бірге жаға­лауындағы жұрттың үміті оянып еді. Көксарай су реттегіші берілген сәттегі мамандардың «енді Кіші Арал айдынын жыл сайын орта есеппен 2 млрд текше метр су толтырып тұрады» деген есебіне де қуана қол соққанбыз. Сондықтан да оның амандығы бәрімізге керек.  Ел көкейінде «Кіші Арал кемеріне келсе екен» деген тілек бар. Осы жолда жасалып жатқан жұмыстармен қатар, жанашыр жұрттың ұсыныс-пікірлері де ескерілсе дейміз.

 

ҚЫЗЫЛОРДА