Ең қысқа әңгіме • 22 Сәуір, 2025

Күтпеген жауап

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн аяз. Намаз оқуға мешітке келдім. Имам уағыз айтып жатыр екен. Оң жақ бұрышқа таман отырған екі адамның қасына жайғастым. Бірі жастау, екіншісі қырықтан асқан қырма сақал. Сыртқы пошымдарына қарағанда, жан бағысқа қара жұмысты кәсіп етіп жүргендер сыңайлы. Сәлден кейін әлгі екеудің бірі – жас жігіт маған қарап: «Осы имамдар о дүниенің жәннатына қызықтырып, тозағымен қорқытып-үркітіп болды-ау, әйтеуір. Бейне бір сол жақты көріп келгендей сөйлейді өздері. Бар-жоғы белгісіз, қайдағы бір о дүние жөнінде миды ашытты ғой мынау да» деді имамды иегімен нұсқай күбірлеп.

Күтпеген жауап

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Сіз мұнда жаңылысып кіріп кеткен жоқсыз ба? – дедім бәсең үнмен.

– Жоқ, біз мұнда жылынып алу үшін кіргенбіз, – деді ол. Одан әрі жауаптаспадық.

Бұл кісінің әлгі сөзін мінберде тұрған имам естіген жоқ, әрине. Бірақ Құдайдың құдіретіне шек бар ма? Әлгі күбірлеген кісінің «о дүниені көріп келгендей сөй­лейді...» деген жазғыру сөзін естіп, соған әдейіге уәж айтқандай болған имам орағыта келіп, о дүниенің бар екенін растайтын Құраннан, хадистерден дәлелдер келтіріп, бұл тұрғыда Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасиет тұнған өсиеттерін қозғады.

Имамның сөзінен не ұққаны белгісіз әлгі екі кісі уағыз бітпей сыртқа шығып кетті. Мен уағыздан кейін намазымды оқыдым да үйге қайтуға аялдамаға келдім. Жаңағы екеу де осында екен. Олардың бірі – жастауы маған тақап келіп:

– Айтыңызшы, жаңағы имамның сөзіне сенесіз бе? – деді.

– Сенбегенде, Құраннан, хадистерден дәлел келтіріп тұр ғой.

– О дүние бар ма?

– Бар.

– Кім көріп келіпті, айтыңызшы.

– Ешкім көріп келмесе де, о дүниенің бар екені адамзатқа Құран арқылы анық ескертілген. Осы ескертпеге жүрегінде иманы бар адам мойынсұнып, о дүниенің бар екеніне сенуге тиіс. Әйтпесе, мейірімді Құдайға сенбеген, Құранға күмән келтірген боламыз.

– О дүниенің бар не жоқ екенін адамзаттан жасырып қойған сіздің Құдайыңыз қайдан мейірімді болсын, ол қатігез. Құдай жақсы болса, бәрін ашып көрсетпей ме мына жұртқа. құдайшылын, мұның бәрінің.

Сол кезде әлгінің жанындағы кісі серігіне қарап:

– Сорың құрғыр-ау, бақидың бар не жоқ екені адамзатқа анық белгілі болса, мынау өмір қасіретке айналмай ма? Тіршілікте не мән қалады? Көрсоқырсың. Ойлансаң­шы тереңірек. О дүниенің бар екенін сөзбен ескертіп, бірақ оны іс жүзінде көзден, санадан жасырып қоюында Құдайдың теңдессіз мейірімділігі жатқан жоқ па? О дүниенің барына не жоғына сенуді Құдай адамның санасының талқысына қалдыруы нет­кен ұлылық. Осы талқы-сынақтан сү­рінбей өту маңдайына жазылған пендеден артық бақытты кім болмақ? – деді.

Мен одан мұндай ой күткен жоқ едім. Оған таңырқай қарадым. Жүзі нұрланып тұрды.

Мен автобусқа мініп бара жатып көрдім, Құдайды қатігез деген жігіт серігіне қолын бір сілтеді де, өз бетімен кетіп бара жатты...