Қызылорда қаласын көркейтуге қатысты көптеген шара қолға алынды. Орталық көшелер жөнделіп, жарық бағаналары ауыстырылып, аялдамалар жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Алдағы уақытта да Ақмешіттің ажарын арттыруға қатысты көптеген шаруа қолға алынбақ.
Мысалы, «Арай» шағын ауданынан жаңа тұрғын үй кешені бой көтермек. Сәулет-қала құрылысы кеңесінің отырысында «Жету» ЖК мердігер компаниясының басшысы Әлайдар Сыздықов тұрғын үй кешені жобасымен таныстырды.
«Арайдағы» Әбдімомынов көшесінен салынатын бұл кешенде 3 қабатты 12 және 18 пәтерлі 2 үй, 2 қабатты танхаустан тұрмақ. Сондай-ақ, коттедж үйлер де бой көтермек. Балаларға арналған ойын, спорт алаңдары да қарастырылған. Мердігер жобаны өз қаражаты есебінен жүзеге асырмақшы. Құрылыс жұмысы толығымен 2016 жылы аяқталатын болады.
Кеңес отырысында тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы мақұлданды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев нысанды сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды. Салынатын құрылыс нысандарының барлығы техникалық талапқа сай және қаланың сәулетіне кері әсерін тигізбеуі керектігін ескертті.
Сонымен қатар, Қызылордада заманауи сауда ойын-сауық кешені салынады. Сауда ойын-сауық кешенін «Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС қаржысы есебінен Сұлтан Бейбарыс көшесінде салу жоспарлануда. Бұл жоба үшін 8 гектарға жуық жер бөлінді.
Жоба бойынша сауда ойын-сауық кешені толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, оның аумағы абаттандырылады. Ойын-сауық орталығында «Рамстор» сауда желісі, кинотеатр, «Бэбилон» балалар ойын орталығы, мейрамхана, киім дүкендері, әуе, теміржол және туристік агенттіктердің кеңселері сияқты қызмет көрсету орындары болады. Сонымен қатар, 300 автокөлікке арналған ашық автотұрақ та салынбақ. Мердігер жобаны жүзеге асыру үшін екінші деңгейлі банктерден 3 миллиард теңгеге жуық қаражатты несиеге алуды көздейді. Құрылыс кезінде 300 адам, құрылыс біткен соң тұрақты 150 адам, 30 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамтылмақ. Аймақ басшысы жаңа ғимараттың айналасын көгалдандыру және көркейту жұмыстарында тамшылатып суару әдісін пайдалану қажеттігін айтты.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.