06 Мамыр, 2015

Соғыс ардагерлеріне бейбіт күннің марапаты

610 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
УОС-ЦВҰлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне санаулы күндер ғана қалды. Қостанай облысында Жеңіс мерекесін биыл қарсы алатын соғыс ардагерлері үш жүзден сәл ғана асады. Мереке қарсаңында облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов облыстағы бірқатар соғыс және тыл ардагерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. – Ұлы Отан соғысында от пен оққа кеудесін тосқан аталарымыз ерлігінің арқасында бүгінгі ұрпақтары осындай бейбіт күнге жетіп отыр. Тылдағы еңбек те ауыр болды, аналарымыз жанкешті еңбегімен ер азаматтарды жоқтатпай, шаруашылықтарды жүргізді, майданға көмек берді, балаларды асырады. Бүгінгі ұрпақ мұндай ерлікті мәңгі ұмытпауы тиіс, – деді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов кездесуде. Мұнан кейін ол соғыс ардагерлері Мол­дағали Жүнісбековтің, Нико­лай Люлюктің, тыл ардагері Ма­­ғауия Жүнісовтің кеудесіне «Құр­мет» орденін тақты. Со­ғыс ардагерлері Александра Ефа­нова, Яков Қаратаев, Мұғадар Серкебаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен, соғыс ардагерлері Сайын Иманбаев, Алексей Ком­лик, Семен Яковлев Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірқатар соғыс және тыл ардагерлері «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңіске – 70 жыл» мерекелік медаліне ие болды. IMG_1433 – Мен 1939 жылы Қызыл Армия қатарында қызмет етуге кеткен едім. Ол кезде фин соғысы басталды да, соған қатыстық. Енді босанып, елге қайтамыз ба дегенде Ұлы Отан соғысы басталды. Соғыстың барлық ауыртпалығын бастан кештік. Туған еліме 7 жылдан асқанда бір-ақ оралдым. Ондай соғысты енді менің ұрпақтарым көрмесін. Тәуелсіз елімнің наградасын кеудеме тағып тұрмын, заманым тыныш, бүгінге жеткен ардагерлердің бақыты ғой бұл. Тәубе! – дейді соғыс ардагері 98 жастағы Молдағали Жүнісбеков атай. Ұлы Отан соғысы жылдары берік тыл болмағанда фашизмді ауыздықтау оңай болмас еді деген пікірді тарихшылар жиі айтады. – Одан бері көп уақыт өтіп кетсе де, қиындығы әлі көз алдымда. Бейнетті жастықпен ғана көтердік. Көктемде бидай септік. Орманда ағаш кестік. Мал да бақтық. Күндіз жұмыстан титықтап шаршап келіп, үйге келген соң жүн түтіп, иіріп, шұлық тоқып, майданға жіберетін едік, – дейді Кәбира Қолбаева әжей. 70 жыл аз уақыт емес. Қарт­тыққа амалсыз мойынсұнған ардагерлерді мемлекеттік наградаларын алуға балалары, немерелері жетектеп келді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин ардагерлерді наградаларымен құттықтап тұрып: – Сіздерді уақыт құрыштан құйған! Сіздер отанымыз са­нал­ған Кеңестер одағын ғана емес, бүкіл Еуропаны фашизмнен азат еттіңіздер. Ал фашизмнің не екенін біз бүгін де сезініп отырмыз. Сіздердегі майдандас достықтан, рух биіктігінен кейінгі ұрпақ тек қана үйренеді, – деді Кенжебек Үкіұлы. Бейбіт күннің тәбәрігіндей ардагерлердің арамызда жүрге­нінің өзі әдемі сурет, жарасым тәрізді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.