06 Мамыр, 2015

Жауынгер жайлы дерек

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Снимок-172 жылдан кейін табылды Сұрапыл соғыс басталғанда Серді Тегісбаев Түрікменстандағы Красноводск ауданының Қошоба ауылында ұстаздық қызметте еді. 1943 жылғы наурыз айында Красноводск қаласы әскери комиссариатынан шақырту алып, отыз үш жасында майданға аттанды. Әйелі Бибіажар, қыздары Меңдіхан мен Шархат, ұлы Жұ­мағұл қимай шығарып салды. Отағасы қанды қырғынның ортасында жүргенде қыркүйек айында отбасында Аманқұл атты ұлы дүниеге келді. Бір қуаныш, бір қайғы. Сол жылғы күздің бір күнінде майдан жақтан ауылға Сердіге қатысты қаралы хабар да жетті. Қара қағазда жауынгердің қай жерде, қалай қаза тапқаны жазылмапты. Соғысқа кеткен солдаттың жаңа босанған жарына туыстары қаралы хабарды естіртпеді. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы Бибіажар серігі Сердімен қайта қауышамын деген үмітпен ғұмыр кешті. Жетпісінші жылдардың соңында Сердінің ұлдары Жұмағұл мен Аманқұл әкелерінің опат болған жерін тауып, рухына тағзым етуді аңсап іздеу салуға бекінді. Олар Украинаны шарлап, одан әрі Польша асып, іздеулерін тоқтатпады. Сандаған хат жазылды. Көптеген сұрау салынды. Бәрібір ешқандай дерек табылмады. Дегенмен, Сердінің тұңғыш ұлы Жұмағұл түбінде әкесінің жатқан жерін табатынына сенімді еді. Өстіп жүргенде өзі де 1989 жылы өмірден озды. Арада едәуір уақыт өткенде Аманқұл да сағынышын баса алмай осыдан үш жылдай бұрын көз жұмды. Тегісбаев Сердінің қалған ұрпақ­тары ағаларының аманаттарын орындау үшін іздеу ісін жалғастырып, ақыры аталарымен бірге соғысқан жерлестерінің туыстарын тапты-ау. Ауылдасы Торғай Қашабаев 1943 жылы Украинаның Донецк облысында болған қиян-кескі шайқастарға Серді Тегісбаевпен бірге қаты­сып­ты. Майданнан жолдаған хатында ол жараланып госпитальға түскенін баяндап, ұрыс кезінде жерлесі Сердіні көргенін, оның аман-есен екенін жазыпты. Бұл жауынгердің елге салған соң­ғы хаты еді. Госпитальдан шық­қаннан кейін Торғай Қашабаев қайтадан сапқа тұрып Краматорск қаласын жаудан босату шайқасына қатысады. Жан алысып, жан беріскен қырғында Торғай мен Серді 1943 жылғы 9 қыркүйекте мерт болыпты. Осы хат Серді Тегісбаевтың соғыстағы тағдырын анықтап, одан әрі іздеу салуға септігін тигізді. Үміт оянып, іздестіру ілгерілей түсті. Ресейдің және Украинаның мем­лекеттік мұрағаттарына тағы да сұрау салған хаттар ағылды. Ға­лам­торды кеңінен пайдаланып, барлық сайттар жіті қаралды. Қыруар жұмыс атқа­рылды, бі­рақ өкінішке қарай, бұдан да түк нәтиже шықпады. Ата­ларын із­деп әбден әуре-сарсаңға түс­кен Тегіс­баевтардың әулеті парыздарын өтеу мақсатында былтырғы қараша айында Сердінің аруағына арнап ас берді. Дегенмен, немерелерін атасы туралы ойлар тыным таптырмады. Олар екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар жөніндегі форумға сұрау салып, ғаламтордың мүмкіндіктерін пайдалануды тоқ­татпады. Әлгі жерден іздеген адам­дарға өз туыстарын табуға көмек көрсететін ерікті жасақ­тар­дың электронды мекенжайлары анықталды. Сонымен, 2015 жылы 23 ақ­панда Украинадан жауынгер Серді Тегісбаевтың қаза табу тарихы нақты көрсетілген жауап келді. Хатта сол кездегі оқиғалар туралы құжаттармен танысатын сайт көрсетіліпті. Тегіс­баевтың тегінің қате жазылуы 70 жыл бойы жауынгерді іздеп табуға кедергі болған. Соғыс уақытында қолмен жазылатындықтан, «Тегісбаев» деп жазудың орнына құжаттарда Тежебаев деп толтырылып кеткен екен. Енді деректерді сөйлетейік. Жо­­ғарыда жазылғанындай, Серді Тегісбаев танкке қарсы атқыштар батальонының құрамында Донецк облысының Краматорск қаласын жаудан босатуда қаһармандық танытып, 1943 жылы 9 қыркүйекте болған қантөгіс ұрыста ерлікпен қаза тапқан соң Алексеевка елді ме­кеніндегі бауырластар зиратына жерленіпті. Жауынгердің жанкешті ерлігі I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталыпты. Және де бір дерек. Батальон командирі Сердіні осы наградаға ұсынарда оның батырлығы мен батылдығы жөнінде жазған құжат та бірге табылды. Бүгінде Серді Тегісбаев ұрпақ­тары Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Тұщықұ­дық ауылында тұрады. Ауылдас­тары Зина деп атайтын Шархат Сердіқызы қос бауыры Жұмағұл мен Аманқұлдың, әпкесі Меңді­ханның әкелері туралы білмей кеткен ерлігін немере-шөберелеріне әрдайым аңыз етіп айтып отырады. Осылайша, Тегісбаевтар отбасында өз ұрпағының бақытты болашағы, бейбіт өмірі үшін соңғы демі мен қасық қаны қалғанша шайқасып, жанын қиған қаһарман жауынгер Серді есімі ерекше қастерленеді. Олар аталарының зұлым жауға қасқиып қарсы тұрып, бұларға бейбіт өмір сыйлағанын ешуақытта ұмытпақ емес. Енді, перзенттері оның алыста жатқан жеріне барып тағзым етіп тұрмақ. Өйткені, бұл парыз әрі міндет. Міне, Жеңіс күні де жақын­дады. Сол Ұлы Жеңісті жақын­датқан Серді Тегісбаев тәрізді жауын­герлердің есімдері мен ерлігі әрқашан ел жадында сақталмақ. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».