06 Мамыр, 2015

Ерлік ескерусіз қалмайды

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанада саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлының «Забытые герои. Герои Советского Союза» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл еңбекте Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше көзге түсіп, қажыр-қайратымен көпке үлгі болған отандастарымыздың ерен ерлігі арқау болған. Бүгінгі күнге дейін 1941-1945 жылдар бедеріндегі Қазақстан туралы аз кітап жазылып, аз фильм түсірілмеген. Алайда, сұрапыл соғыста от пен оқтың арасында жүрсе де ерліктері ескерусіз, есімдері елеусіз қалған талай батырдың болғаны анық. Бұл кітапқа сондай азаматтардың күрескерлігі өзек болыпты. Яғни, мұнда зұлмат жылдары көрсеткен ерліктері үшін дер кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылып, бірақ, белгісіз себептермен батыр атағы берілмеген, тіптен ел жадынан өшуге айналған қариялар туралы тың мәліметтер топтастырылған. Кітап авторы осыдан 5 жыл бұрын Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры қызметін атқарып тұрған кезінде «Халық батыры» жобасы аясында соғыс жылдарынан хабар беретін тың деректерді іздестіру, саралау, зерт­теу, қорыту мақсатында үлкен жұмыс атқарыпты. Жеңістің 70 жылдық мерейтойы шеңберінде жүзеге асырылған бұл еңбек – соның игі нәтижесі. Әзірге, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған 10 қазақстандық батыр жайында ғана мағлұмат пен құжат табылыпты. Ресейдің Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан алынған маңызды мәліметтердің басым көпшілігі алғаш рет жұртшылыққа ұсынылуда. Еңбек авторының айтуынша, жобаның мақсаты – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және жас ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру. Ал бұл бастамаға «Нұр Отан» партиясының Қоғам­дық саясат институты мен «Байкадам Холдинг» компаниясы қолдау танытқан екен. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».