Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 77 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбай дүние салды.
Оразбек Сәрсенбайұлы 1938 жылы 20 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жаңа тұрмыс ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін, Шиелідегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Одан соң «Лениншіл жас» басылымында (қазіргі «Жас Алаш») әдеби қызметкер, 1968-1973 жылдары «Жұлдыз» журналында, 1974-1982 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1982-1986 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1987-1993 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1993-1995 жылдары ішінде «Өнер» баспасының директоры, 1996 жылдан өмірінің соңына дейін «Қайнар» баспасына басшылық жасады.
Қаламгердің тырнақалды туындылары, өлеңдері мен әңгімелері республикалық басылымдарда алпысыншы жылдары жарық көрген болатын. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде басылған «1961» атты публицистикалық дастаны әдеби және қоғамдық ортада үлкен дүрбелең туғызып, әділетсіз сынға ұшырады. Бар ғұмырын жазушылыққа арнаған ақсақал қаламгердің осы уақытқа дейін жиырмадан астам кітабы жарық көрді. Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия бағытындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Сондай-ақ, ол баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырман арасында насихаттау ісінде қажырлы еңбек етті. «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сиқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», «Мұхтасар» сынды ондаған кітаптарды қазақшаға аудару ісіне тікелей қатысты. Ол әр жылдарда В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искандер секілді өзге ұлт өкілдерінің таңдаулы әңгімелерін қазақ тілінде сөйлетті. О.Сәрсенбай қаламынан туған әңгімелер негізінде «Долана» атты («Қазақфильм», 1981, режиссері С.Нарымбетов) көркемсуретті фильм түсірілді. Жазушының жекелеген шығармалары украин, орыс, эстон, якут, мары, тыва, венгер, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар сынды алыс-жақын елдердің тілдеріне аударылды.
Оразбек Сәрсенбай жаңа дәуір, бүгінгі заман тақырыбына талмай қалам тартқан суреткерлеріміздің бірі. «Шамшырақ», «Шеңбер» романдары кешегі социализм заманында өмір сүрген ұрпақтың басынан өткерген қилы-қилы тағдырын сөз еткен көркем тілді кестелі туындылар ретінде әдебиетіміздің алтын қорына қосылды.
Оның «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы (1987), «Шамшырақ» романына халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы (1994), ал «Шеңбер» романы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы (2000) берілді. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері».
Тәжірибелі баспагер ретінде О.Сәрсенбай «Қайнарға» басшылық жасаған тұста ұлттық әдебиетіміздің дамуына елеулі ықпал етіп, нарықтық заманның талаптарына лайық жаңа жобаларды іске қосып, баспалардың тақырыптық өрісін кеңейтуге зор үлес қосты.
Қазақ сөз өнерінің білгірі, көрнекті мәдениет қайраткері, аяулы азамат Оразбек Сәрсенбайдың есімі халық жадында әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы.
Жатқан жерің жарық болсын
Дүниеде жайсыз хабар жата ма?! Көзімді ашпай жатып, сумаңдап жетіп келгені. Бұл жалғаннан Оразбек те өтіпті. Жақында ғана Шараны жөнелтіп, жалғыз қалып, қоңылтақсып жүр еді. Шыдамаған ғой. Серігінің соңынан сапар шегіпті ғой.
Университет қабырғасында алғаш танысқан жолдасым еді. Терезе жақтағы соңғы қатарда отырған менің қасыма келіп: «Бола ма екен?» – деп, бір жігіт жайғасып жатты. Жүріс-тұрысы, қимылы тым емін-еркін. Көзі көрген нәрсе туралы лебізін де көп көлкештемей, ашық айтып салып отырады екен. Көп нәрсеге көңілі толмайды. Сампылдаған шешендерді әрі тыңдап, бері тыңдап отырады да, қолын бір-ақ сілтейді. Көп ұзамай өлең жазатыны да белгілі болды. Сәл нәрсеге мардамсымайтын мұңы мен уайымы көп, ойлы ақын екендігін танытты.
Бірден бауыр басысып, дос болып кеттік. Өзі өскен Сыр бойының табиғаты, мінез-құлықтары, ақ пейілі өн бойынан түп-түгел көрініп тұратын еді. Кейін ауылына барғанда, ата-анасын, ауызынан тастамайтын Ахат көкесін ағайын-тумасынан сұрамай-ақ бірден таныдым. Жүрген ортасын дәл байқап, дәл жеткізіпті.
Алғашқы әңгімелері мен повестерінен-ақ бет-жүзіңе қарамайтын турашылдығы мен шыншылдығы көзге ұрады. Ол кездегі әдебиет бойлай қоймайтын терең иірімдер бірден баурап, тұңғиығына шым батырып жүре береді. Соғыс тұсындағы Сыр бойының шындығын өз басым алғаш Оразбектен таныдым.
Уақыт өткен сайын осы мінезі үдей түсті. Бірде моншақтай тізіп жазған бір бума қағаз ұсынды «1961». Бұрын-соңды қазақ әдебиетінде кездеспеген әдеби құбылыс. Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті жанында жаңа ұйымдасып жатқан әдеби бірлестік бар еді. Сонда талқыладық. Алпысыншы жылдарғы жас буынның алғаш рет тізгін үзіп бой көрсеткені осыдан басталды.
Одан бері де көп уақыт өтті. Бүгінгі әдебиеттің қалыптасуына, орнығуына бірте-бірте бел алып, бой көтеруіне айта қаларлықтай әсер еткен бұл оқиғаны бүгінгі таңда айрықша еске алуды қасиетті парыз деп білемін.
Құдайға шүкір, қаулап өсіп жатқан әдебиет орманында өз бағыт, өз бағдарын түзеп, қазақ руханиятында бүгін бар, ертең жоғалып кетпейтіндей баянды жол сала алған азғантай әдебиет сүлейлерінің бірі Оразбек екені даусыз. Оған ол жазып қалдырған романдар, хикаяттар, әңгімелер, тәмсілдері, хиссалар, мақалалар куә. Бұл арада біз Сәрсенбаев моралистикасы жөргегінен дарыған имангершілік тәрбиеден өрбіп жатқанын айтуға борыштармыз. Бұл қасиет кеңес кезеңінің өзінде ол жазған шығармаларды ерекшелеп тұрды. Ал тәуелсіздік заманында мұны арнайы тақырып, дербес ағымға айналдырып алған бірден бір қаламгер Оразбек екенін айрықша бөліп айтуымыз керек.
Ол Мұстафа Шоқайдың еңбектерін насихаттауға да мейлінше жан салды.
Береке-бірлікті, ар-ұжданды, обал-сауапты, пәтуа-парасатты демі таусылғанынша әспеттеп өткен Оразбек Сәрсенбаевқа бүгінгі қазақ қауымының айрықша ризагер екендігі сөзсіз.
Өзіңмен де қоштасатын кез келді. Жатқан жерің жарық болсын, Оразбек!
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.
Ойлы сөздің өріс кеңейтер өкілі
Әдебиетке атой сап, айқайлап келгенімен, айқайының төркінінде ұлыс пен ұлт тұтастығын түгендер ақыл мен парасат жатқан алпысыншы жылғылардың қатары сетінеп келеді.
Қазақ көркем ойы мен көркем сөзіне олжа салған осынау тебінгілі, текті буынның көрнекті өкілдерінің бірі – Оразбек Сәрсенбай өмірден озды дегенде жан-жүрегім күйзеліп, ішім ұлып сала берді... Сөз дейтін ұлы кеңістіктен қазаққа жарасар үлгі-нышан іздеуден жалықпай, көркемдіктің алуан-алуан ізденістеріне батыл барып, ойы мен бойын ұлтты сүюге, ұлтқа қызмет етуге саналы түрде бағыттай білген осы бір тақуа мінезді, табиғаты таза жанмен кездескен, сырласқан сәттерім еске түсті... Жасы үлкен аға, әдебиет үшін отқа да, суға да түсуден тартынбайтын қабырғалы қаламдас, қажетті жерінде Алаштың жоғын жоқтап, қазақтың амандығын сұрар, ескі мен жаңаның арасына жалғау боп тартылар жайдары замандас, сұңғыла мінезді суреткер сөздің де, ойдың да, ортаның да көркі еді...
Өкінішті...
Алматы дейтін ұлы шаһардың төріне жараса қонған, арыстар мен алыптардың көзіндей болған қаламгерлер үйінің есігін айқара ашып, еркін кірер әріптес-ағамен соңғы кездескенімде дүниеден өткен жеңешемізді айтып, қатты толқып еді... Толқып отырып, жас шағын, Сыр бойынан Алатауға келіп, Алматыға қалай орныққанын, қаламды қатар ұстап, сөз дейтін сыры мен жұмбағы мол әлемге бірге келген құрбы-құрдастарын еске алып еді... Ол осы бір соңғы кездескенімізде өнер дейтін өлшем мен шеңберге сия бермес өлкеге тағдырын қалай байлағанын да әңгімеге арқау етіп еді... Жайшылықта сөзге сараң, сырға берік, қайран Орекем, сол күні заман, қоғам, адам жайлы әріден қозғап, тереңнен тартып, таусыла сөйлегені жадымда жаңғырып отыр. Аға қаламдастың сабырлы қалпы көзіме елестеп, сахараның суырып соғар жұмсақ самалындай болған сырбаз дауысы құлағыма келді.
Дегенмен...
Дос-жар адамдардың өкінішін басып, өксігін сейілтер бір ақиқат бар.
Орекең Алланың алдында сөзінен де, ісінен де жаңылмай жүріп, қазақтың ұлы әдебиетін өзінің өрісті, өркенді дүниелерімен толықтырды. Ұрпақ өсірді. Ұлтының Тәуелсіздікке жетіп, терезесі теңелгенін көрді. Осынау ұлы жолда сөзін жасқанбай айтып, туған халқының рухани тұғырының биіктей түсуіне өзінің үлесін қосты.
Биігін төмендетпеді. Алғанын аласартпады.
Иә...
Уәдеге берік, досқа адал, қазақ десе қабырғасын сөгіп беруге дайын, әдебиетті ары санаған нар тұлғанаң тағы бірі, бірегейі, қазақтың хас сипатты қаламгері, шынайы жазушысы өмірден өтті...
Алла артына амандық берсін!
Қазақ әдебиетінің қайыпберені, ойлы сөздің өріс кеңейтер өкілі, бақұл бол!
Қош, Ореке!
Нұрлан Оразалин,
сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы.
Биік өлшемнің адамы
Қазақтың аса белгілі қаламгері өтті дүниеден. Ол повесть, әңгіме жазудан бастап үлкен романдар тудырды. Одан қала берді, эпикалық, философиялық рисалалар жазып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол өмір бойы әдебиетке адалдығынан, әдебиеттің қамынан ауытқымай, ұлт руханиятын дүниежүзілік деңгейге шығуға барынша атсалысқан адам. Талабы биік, талғамы зор еді. Әдебиет әлеміне әдеби дарынының бір қанаты саналған сыншылығымен кірді. Сондықтан, оның әдеби өмірге көзқарасы, жалпы өнерге, шығармашылыққа деген көзқарасы мен ұстанымы сыншылдықпен астасып жататын. Орекеңнің қаламгерлік болмысы осылай қалыптасты.
Ешкімді ешуақытта өтірік мақтамайтын. Ешкімнің шығармасын мынау досым екен деп бостан-бос дәріптемейтін. Қимас жолдасы болса да шығармасының олқылығын, кемшілігін бетке айтып отыратын сондай биік өлшемнің адамы еді. Сонысымен біреуге жақса, біреуге жақпады. Бірақ өзінің әдебиетке деген адалдығында мінсіздікпен, кіршіксіздікпен өтті бұл өмірден. Алғашқы туындыларына келер болсақ, «Жалғыз күрке», сонан кейін «Шамшырақ», «Жиде гүлдегенде», «Даңқ» дейтін әңгіме-хикаяттары, кітаптары бірінен соң бірі шықты. «Шеңбер» романы биік белестен көрінді. Өз басым Орекеңнің әңгіме-повестерін өте жоғары бағалаймын.
Ілкі қадамдарында «1961» деген поэма жазып айды аспанға шығарғаны бар. Сонда оған формалист, тағы сондай айдарлар тағылып, ағаш атқа таңылып, талай сынға да ұшыраған. Талай мақала тұздығына айналып, талқыға түсті. Әлбетте мұндай сын оны шынықтырды, шыңдады. Ақыр соңында үлкен парасат иесі қаламгер болып қалыптасты.
Қазақ әдебиетіне әкелген оның дүниелерінің көбі өлмейтініне мен кепілдік бере аламын. Оразбек Сәрсенбаев шын мәнінде халқымыздың қажетіне жарайтын туындылар жасады деп ойлаймын. Біз жасымыздан әдебиетке бірге келіп, әдебиет туралы ой-пікір, көзқарастарымыз үйлескен, осы орайда, тіл табысқан жолдастармыз. Дәл осы кезде өмірден өтіп кетеді деп үш ұйықтасам қаперіме кірген жоқ еді. Осындай болады, жолдас қазасында қаралы сөз айтамын деп мүлдем ойламаппын. Амал не, ауыр қазаға тап болып отырмыз. Біреуге ерте, біреуге кеш келетін ажал ғой бұл. Бақидағы жолы оң болсын дейміз. Ореке артыңа қалдырған мұраларыңды өлместей қылып өзің жазып кеттің. Жұбанып медет ететініміз де сол.
Әнес САРАЙ,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты.
АЛМАТЫ.
Кәдуілгі өмірде кіршіксіз таза еді
Тағдыр бізді 1957 жылы табыстырды. Соколов-Сарыбай комбинатының құрылысында істеп келген мен КазГу-дің журналистика бөліміне қабылдансам да, филология бөліміндігі жігіттердің бірталайымен тез таныстым. Солардың бірі Оразбек еді. Әңгімеміздің жарасуына менің 1948 жылы ала жаздай ол туған ауданның «Үлгілі» колхозында масақ тергенім, күріш отағын жұлысқаным түрткі болды ғой деймін. Нақ сол жылы «Жұлдыздың» 11-санында өлеңі жарияланды. Өзіме ұнады. «Жатақхана маған қолайсыз екен, пәтер іздеп жүрмін», деді Оразбек менің өлеңі туралы лебізімді елемегендей. «Қаламақыға пәтер жалдағың келген екен ғой», деп күлдім. Содан былай араласып кеттік. Баспасөзде жарияланған шығармаларын құр жібермейтін болдым.
Оразбек кәдуілгі өмірде кіршіксіз таза еді. Әдебиетте де соны істеді. Жазғаны сол өмірдің қоспасыз шындығы болатын. Атқарған қызметтерінде де сонысынан таймады. Бұл жалғаннан былғанбай өттің, ОРАЗБЕК! Алдыңнан жарылқасын.
Нұрмахан ОРАЗБЕК,
журналист.
Тағы бір асылымыздан айырылдық
Оразбек Сәрсенбаев ағамыз өмірден өтіпті деген суық хабар жүректі дір еткізді. Араны толмас ажал қазақтың біртуарларын арамыздан алып кетіп жатыр. Өкініші көп. Оразбек ағамыз туған жері – Шиелімен кіндігін үзген жоқ. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін аудан орталығындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
Оразбек Сәрсенбаевтың артында үлкен мұра қалды. Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия саласындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Сондай-ақ, ол баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырмандар арасында тарату ісінде көп жұмыс істеді. «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сыйқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аудару ісіне тікелей қатысты. Жазушының шығармалары украин, орыс, эстон, якут, мары, тува, венгер, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тілдеріне аударылған.
«Шамшырақ», «Шеңбер» романдары нағыз көркем, кестелі туындылар ретінде әдебиетіміздің алтын қорына қосылған дүниелер болды.
Оразбек ағамыз жыл сайын туған жеріне бірнеше рет келіп кететін. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүргенімде ағамызды күтіп алып, ел мен жерді бірге аралаған кездеріміз болып еді. Сондай сапарларында үнемі елдік, мемлекеттік, рухани, имани әңгімелерді айтатын. Бір сөзінде «Бүгінгі аға ұрпақ – мәдениеттің, кітаптың ордасымен біте қайнасып өскен буынның өкілдері. Ол кездері бәріміздің мемлекетке, ұлтқа, кітапқа шын жанымыз ашитын. Ал қазір кітап жөнінде бірқатар мәселелер жиналып, қордаланды. Кітапсіздік деген заман туды. Сол кітапсіздікті пайдаланып, кім көрінген – саудагерлер, пысықайлар оны күнкөріс көзіне айналдырғанын жұрттың бәрі біледі. Сенің атыңды, затыңды, еңбегіңді, байырғылығыңды сыйлайтын адамдар азайып бара жатыр. Қызметке, мансапқа қазақ мектебін бітірмеген, қазақтың әдебиетінен, мәдениетінен хабары жоқ адамдар келіп жатыр», – деп мұңайған болатын.
Орағаңның жаны таза, иманы күшті адам еді. Әкесінен жақсы тәлім-тәрбие алған. Талай рет әкесі туралы тебіреніп жазды да. Қашанда жақсылық пен ізгілікке жаны құмартып, қуанышты нәрсе болса балаша тебіреніп қалушы еді.
Жеңгеміз өмірден өткелі ағамыздың да қайғысы қалыңдап кетіп еді. Міне, Орекең де сүйікті жарының артынан бақилыққа аттанды. Қазақтың рухани әлемі тағы да бір асылынан айырылды.
Асыл аға! Алла алдыңызды жарық қылсын! Иманыңыз жолдас болсын! Қаралы хабарға байланысты жазушының туған өңіріндегі бауырларға да қайғырып көңіл айтамын.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор.