06 Мамыр, 2015

Соңында өнегелі ісі қалған

371 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
УОС-ЦВЕл басына күн туып, жау жағадан алғанда ойланып жатпас­тан қолына қару алып, қан майданға аттанған боздақтардың ерліктерін, өнегелі істерін айтып тауысу мүмкін емес. Десек те, олардың өмір жолын үнемі санамызда жаңғыртып, жас ұрпаққа насихаттап отыру қоғамның негізгі міндеттерінің бірі болуы тиіс. Өйткені, оның тәрбиелік мәні өте жоғары. Осы орайда, бүгін біз Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған ардақты азамат Сәдуақас Сарқытбаевты еске алып, ол кісі жөнінде аз-кем әңгіме өрбітсек. Соғыс және еңбек ардагері, өзінің саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнап өткен Сәдуақас Сарқытбаевтың есімі Шығыс Қазақстан өңіріне кеңінен танымал. Ол 1905 жылы 10 қаңтарда Күршім ауданындағы Сарыөлең ауылында дүниеге келген. Әкесі Сарқытбай балық аулап, Ертістен қайықпен ары-бері кісі тасып, күн көріпті. Өкінішке қарай, 1919 жылы Сәдуақастың әке-шешесі бірдей қайтыс болады да, қарындасы екеуі жетім қалады. Содан оларды апалары қолына алады. Жезделері Бейсенбі байға жалданып, әзер күн көріп жүрген кедей адам екен. Сәдуақас бұл отбасына келген бойда таңертеңнен қара кешке дейін мал бағады, өзге де түрлі жұмысқа жегіледі. Басындағы жетімдігі, буыны қатпай жатып ауыр бейнетке тап келгені жас баланы жасыта қоймайды. Келер күннен үміті мол Сәдуақас қандай қиындыққа кезіксе де мойымай, өзін өзі қайрап алға ұмтылады. Қағылез, кісі жатсынбайтын, ұтымды сөз, әзіл әңгіменің майын тамыза айтар қасиеті бар ол ауыл-аймақтың құрметіне бөленеді, өзі құралпы жастардың алды болады. Саркытбаев   СадуақасЖалпы, С.Сарқытбаевтың жастық шағы қазақ жастарына білім берудің өрістеген уақытымен тұспа-тұс келеді. Сол кездері Ақтүбек ауылында орысша-қазақша жеті жылдық мектеп ашылып, соған барады. Ал 1924 жылы комсомол қатарына өтіп, алғашқы колхоздарды құруға белсене араласады. Сондай-ақ, 1926-1930 жылдар аралығында Семейдегі жетіжылдық мектепте оқиды. Содан кейін осы қаладағы мұғалімдер училищесін үздік бітіріп, өзінің туып-өскен жеріндегі Ақтүбек мектебінде мұғалім болады. 1930 жылы коммунистік партия қатарына өтеді. Кейінірек, яғни 1938 жылы Семей қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оны 1941 жылдың шілдесінде аяқтайды. Алғыр жігіттің сол замандары талайдың қолы жете қоймайтын оқу орындарынан білім алуы оның оқу-ағарту саласына түбегейлі бет бұрып, еселі еңбек етуіне жол ашады. Білімді, өз ісіне берілген азаматтың алғашқы аяқ алысын аңғарған басшылар оны 1937 жылы өзі оқыған Ақтүбек мектебінің директорлығына тағайындайды да іле Күршім аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі етіп бекітеді. Елдің жайынан хабары мол, істің орайын келтіре білетін маман осы аз ғана уақыттың ішінде аталмыш аудандағы ақсап тұрған білім саласын уақыт талабына сай ілгері жылжытып, халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Ұйымдастырушылық қабілеті, еңбекқорлығы, ой-өрісінің кеңдігі С.Сарқытбаевтың ауыл немесе аудан масштабындағы қызметтерден гөрі өңірлік, республикалық ауқымдағы шаруалармен шұғылдануға мүмкіндігі жететін адам екенін көрсетіп береді. Содан да болар, ол 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Зайсан-Күршім округі бойынша депутат болып сайланады. Осылайша, қарапайым халықтың, ел-жұртының қажетін, өтініш-тілегін биік мінбеде тұрып айтуға мүмкіндік алған азамат Жоғарғы Кеңес депутаты болған санаулы жылдарда өзіне үміт артқан халықтың мұң-мұқтажын билікке тайсақтамай жеткізе біледі, елдің жоғын түгендеп, мүддесін қорғайды. Алайда, жастық жігерімен қызметін жанын сала атқарып жүрген кезде кенеттен соғыс басталып кетеді. Әскери комиссариат халық қалаулысын майданға аттандыруды жөн көрмейді. Өйткені, оқыған-тоқығаны мол, мықты ұйымдастырушы, істің көзін білетін азаматтар «бронмен» тылдағы жұмыстарды жүргізу мақсатында қалдырылатын. Партияның осындай шешімі негізінде С.Сарқытбаев та әскерге бірден алына қоймайды. Талайлар Отан қорғауға аттанып жатқанда өзінің елде қалып қойғанын намыс көрген ол әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырып жүріп, ақыры соғысқа аттануға рұқсат алады. Бұл 1942 жыл болатын. Сол жылы командирлер даярлайтын оқуды аяқтап, әскерге қосылған С.Сарқытбаев қан майданда өзіне тапсырылған ротаны бастап жауға қарсы атой салады. 1942-1945 жылдар аралығында Бессарабиядағы, Болгария мен Мажарстандағы ұрыс қимылдарына қатысып, басқыншыларды талқандауға ерекше үлес қосқан гвардия аға лейтенанты ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталады. Сондай-ақ, Украинаның Измаил, Венгрияның Востерген, Будапешт, Сегет қалаларын азат етуде және Дунай, Тисса өзендерінен өтуде танытқан басқару шеберлігі үшін И.Сталиннің атынан мақтау қағазын алған. Сол сияқты көптеген алғыс хаттар берілген. Оның батырлығы мен тапқырлығы, жауынгерлерге деген қамқорлығы талайларға өнеге болады. Мәселен, майдан газеттерінің бірінде біздің кейіпкеріміз жөнінде Т.Үмбетәлиев деген автордың «Қазақ халқының қалаулысы» атты мақаласы жарияланыпты. Онда: «Біздің бөлімде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, гвардия аға лейтенанты Сәдуақас Сарқытбаев неміс басқыншыларына қарсы шайқасып жүр. Жуықта болған ұрыста ол жараланып қалса да өз ротасына тез оралды. Көше ұрыстарында халық қалаулысы, гвардия аға лейтенанты Сарқытбаевтың ротасы дұшпанның 111 солдатын, 7 офицерін тұтқындап, 14 зеңбірек, 9 пулемет, 20 автомашина мен 350-ден аса винтовканы қолға түсірді...», деп жазылыпты. Соғыстың қиын кездерінде С.Сарқытбаев командир ретінде Күршімнің аудандық газетіне мақалалар жолдап, жерлестеріне жігер беріп, туған жерімен байланысты үзбейді. Мәселен, Күршім аудандық «Социалистік еңбек» басылымының 1943 жылдың 9 қыркүйегіндегі санында шығысқазақстандық командирдің «Майдандағы әскер» мақаласы жарық көреді. Автор бұл мақаласында: «Бөлімдегі жауынгерлер бірнеше биікті жаудан азат етті. Қазақ жігіті И.Мусин 45, өзбек Әділқадіров 32, ұйғыр Ахметов 31, украин Полев 23 фашисті жойды. Колхозшы жолдастар! Еңбекпен өсірген егіндеріңізді мерзімінде ысырапсыз жинап алыңыздар. Құнарлы мал азығын көбейтіңіздер. Армияға көптеп қысқы киімдер дайындаңыздар. Біз фашист басқыншыларының есінен кетпейтіндей соққы береміз. Жеңіс күні жақын», деп баяндайды. С.Сарқытбаев әскери қызметтен 1946 жылы қазан айында, яғни, Киевте штабта жұмыс істеп жүрген жерінен босатылады. Дәлірегі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғанын ескерген Күршім аудандық партия комитеті оның елге оралуын қалап, шақыртып алады. Ол өзінің туып-өскен жеріне келген соң, оқу-ағарту саласындағы қызметін жалғастырады. Ал 1950 жылы «Теректі бұлақ» орта мектебінің директоры болып тағайындалады. Содан кейін, яғни 1956 жылы Күршім аудандық «Социалистік еңбек» газетін басқарады. Бейбіт өмірде де белсене қызмет еткен С.Сарқытбаев 1960-жылы кезінде өзі басқарған «Теректі бұлақ» орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беріп жүріп зейнетке шығады. Құрметті демалысқа шыққанымен ардагер азамат қарап жатпай, елдің сөзін сөйлеп, халықтың қамын жеп, көптің игілігі үшін аянбай еңбек етеді. Бұл арада оның мыңдаған шәкірттері өмірден өздерінің лайықты орнын тауып, әр салада маман болып, қызметтерін атқарып жатқанын да айта кетейік. Ол 1985 жылы 80 жас­тан асқанында дүниеден озды. Өзі кеткенімен соңында өнегелі ісі қалған адамдар қаншама десеңізші. Солардың арасында Сәдуақас Сарқытбаевтың да өзіндік орны бар екенін біле жүрейік. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».