13 Ақпан, 2015

Жетістік – кеңесе білген жерде

369 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Түп шежiресi сонау ежелгі ел – Мәңгілік Елден бастау алатын қазақ халқының шерлі шежіресіндегі күрмеуі көп күрделі сұрақтардың ең өзектісі – этногенез, этностық тарих, оның ішінде  ұлттық мемлекеттілік мәселесі. Отандық, төл тарихна­ма­да бұл сонау Шоқан, Абай, Шәкәрімдерден бастап талай талқыға түсіп, зерделеніп келеді. Десек те, Елбасы Жолдауында жарияланғандай, биыл Қазақ хандығының іргесі қаланғанына 550 жыл болатыны айқындалды. Еуразия атты қарт құрлық талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апай­төс құрлықтың дәл кіндік орта­сындағы ұшы-қиыры жоқ Ұлы Даланы «үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғаннан бері» мекен етіп келе жатқан халқымыз әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық ұғымдарымен ұлықтанған. Десек те, бас-аяғы 5,5 ғасыр ішінде қазақ халық ретінде қалыптасып, хандық құрды, осы аралықта небір тар жол, тайғақ кешуден өттi. Керей мен Жәнібек, Хақназар мен Тәуке хандар тұсында азуы алты қарыс көршілерінен еш қаймықпай, қалыспай, терезесін тең ұстап, ел мен жұрт үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты. XVIII-XIX ғасырларда ағайын арасы алшақтап, көз ала болса да, көңіл құла болмаған алмағайып кезеңдердің өзінде жер бетiнен жойылған жоқ. Бостандығы бос­қындыққа айналса да, бодандығы қыл бұғаудай қылдыраса да, көкейін қара бұлт басып, қасiретi шаш-етектен асса да, жатса түсi­нен, тұрса есiнен еркiндiк пен егемендік идеясы  кеткен жоқ. Іргесе отырып, сіресе жүріп,  iр­гелi елдігі мен ерлігін, жоралы жұрттығын, қабырғалы қал­пын, салиқалы салтын сақтап қал­ды. Ол да болса қазаққа ілкі­ден тән сол баяғы Ұлттық мем­ле­кеттілікке деген ұлы махаб­бат­тың, еркіндік сүйгіш ерік-жігер­дің, тәуелсіздікке деп аялаған арманын дүниедегі бар асылына балаған асқақ рухтың арқасы. Бүгін, міне, Қазақстан – әлемнің төрт бұрышына түгел мәшһүр, ұлттық мемлекеттiлiкке тән барлық  қалыбын, қадір-қасиеті мен рәміздерін қамта­ма­сыз еткен мемлекет. Саяси еге­мендігіміздің іргетасы эко­но­микалық жетістіктермен бекі­­тілуде. Әлеумет әлденуде. Керуен жүріп, көш түзелуде. Ал­ға озық елдің ортасынан ойып орын аламыз деген ұлық мақ­сат қойылып, ұлттың рухын асқар шыңға шығарар биік меже қойылуда.Ұлтаралық татулық пен халық достығы саяси тұ­рақ­тылығымыздың мәуелі бәй­терегiне айналып отыр. Тіліміз бен діліміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз жанданып, жаңарып жатыр. Егемендігіміз баянды, Тәуелсіздігіміз табанды болған, сөйтіп, алдымызға ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламалар қойып, жүзеге асыру жолында күні-түні еңбектеніп жатқан, ұлтымыздың рухани қуатын, қа­йыс­пайтын қара нардай қайратын, арыс алдаспандай сенім мен жігерін желдің жүзіне суарып, шыңдап жатқан осынау кезеңі – сол Ұлттық мемлекеттілік идеясының ғасырлар бойғы рухани күресінің заңды жемісі де, тарих алдындағы жеңісі де! Осы тұрғыдан келгенде Ел­басы Жолдауының күн тәрті­біне дер уақтылы әрі өте орын­ды шығарылғаны еш күмән ту­ғыз­байды. Жаһандық күрделі үде­рістер, әлемдік геосаяси және геоэкономикалық дағдарыстар, дүниежүзілік беймаза әлеуметтік, мәдени және діни ахуалда сана­ны сансыратқан сан түрлі сын­ның тууы – осының барлығы адамзат алдына шырмауы шым-шытырық мәселелер шығаруда.  Қазіргідей көзді ашып-жұмғанша ертеңің кешегіге айналатын заманда жайбасарлық жақсы нышан емес. Сондықтан да болар, Жолдаудың мұнша ерте жасалатынын ешкімнің де бол­жап-білмей қалғаны. Оның үс­тіне әңгіме ел мен жер үшін, Ұлт­тық мемлекеттілік пен ұлт үшін аса өзекті міндет пен мақ­саттар төңірегінде қозғалып отыр. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жылдығы, Қазақ­стан Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығы секілді саяси, әлеумет­тік, мәдени және рухани маңызы айрықша мерейтойларға да өз ба­ғасы беріліп отырғаны қуантады. Тамақ және химия өнер­кәсібіне, машина жасау, қызмет көрсетулер салаларына қатысы бар шағын және орта бизнеске, әрі  кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлініп отыр. Халықтың көпшілігі үшін аса маңызды банк секторын сауықтыруға қосымша 250 миллиард теңге жұмсалмақ. Ұлттық мемлекеттілігіміздің халықаралық абыройын әспет­тейтін ЭКСПО-2017 көр­ме-кешеніне, көліктік-логис­ти­калық,  индустриялық-энер­ге­ти­калық және тұрғын үй инфра­­­құрылымдарын нығайтып, одан әрі дамытуға бөлінетін қар­жы көлемі қыруар. Білім, тәлім мен тәрбие  саласына бай­ла­­нысты, әсіресе,  балалар бақ­шасы жүйесінің дамуына 3 жыл бойы қосымша 20 мил­лиард теңге, мектептерді жөн­деуге және жаңалауға 20 млрд. теңге бөлінбек. Тек жол құры­лысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылып, сол жол құрылысына 70 млрд. тең­ге жұмсалмақшы. Ежелден Батыс пен Шығысты жалғап, екі дүниенің саяси, әлеуметтік, эко­номикалық, мәдени және рухани байланыстарының күретамыры болған Ұлы Жібек жолы өтетін Қазақстан үшін жол, көліктік логистика  мәселелері ерекше маңызға ие екені әбден түсінікті. Айналып келгенде, аталған әлеуметтік-экономикалық сала­лар­дың баршасы – мемлекеттің, Ұлттық мемлекеттілігіміздің т­ұғырлы тіректері.  Олардың әр­бірі – Қазақ мемлекеттілігінің әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолындағы ауқым­ды да абыройлы қадамдары. Жетістік – кеңесе білген жер­де, бірлік пен тірлік бар жерде.  Солай болғанда ғана, Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткендей, Жалпыұлттық идея –Қазақстан құт пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың  ошағына айналмақ! Алтайы ОРАЗБАЕВА, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. АСТАНА.