Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Мақажанов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол аграрлық салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
Осыдан алты жыл бұрын ауыл шаруашылығын дамытуға Ұлттық қордан 120 млрд. теңге бөлініп, ол қаржы осы жылы толық игеріліп болуы тиіс еді. Д.Мақажанов көрсетілген 120 млрд. теңге ауыл шаруашылығындағы қандай инвестициялық бағдарламаларға жұмсалғандығы туралы айтты. «Бүгінде бұл қаржы толығымен игеріліп, жаңа өндірістерді құруға, кәсіпорындарды жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталды. Атап айтқанда, осы бағытта бөлінген қаржыға микроклиматты жасайтын компьютерлік жүйемен 96 гектарлық қазіргі заманғы жылыжай кешендері іске қосылады. Бұл жылыжай кешендеріндегі өндірістің жалпы көлемі 51 400 тонна қызанақ пен қиярды құрайды. Мұнымен бірге, 4 800 гектар аумаққа тамшылатып суару технологиялары енгізілді. Бұл тұрғыда өнім шығымдылығы артады және су үнемделеді», деді ол.
Бұған қоса, осынау қаржыға 109 мың тонна сүт өнімдері өндірісіне арналған ірі сүт фермаларының желісі ашылыпты. Сондай-ақ, 80 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін құс фабрикаларының желісі іске қосылған. Бұлармен бірге, астық қоймаларының құрылысына назар аударылып, бидай сақтайтын қоймалардың көлемі 762 мың тоннаға артыпты. Ал салынған көкөніс сақтайтын қоймалардың көлемі 123 800 тоннаны құраған.
Бұйыртса, биылғы жылы 50 млрд. теңге сомасына 75 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр екен. «Холдингтің инвестициялық жобаларын іске асыру сүт импортын – 9, құс еті импортын – 17, көкөніс импортын 4,1 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығын 62,4 пайызға азайтып, 2016 жылы ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін қамтамасыз етеді. Жалпы, «ҚазАгро» холдингінің инвестициялық қоржынына 315,2 млрд. теңге болатын 506 жоба кіреді. Бұл 15,8 мың жұмыс орындарын құруға мүмкіндік тудырады. Қазірге 371 жоба іске қосылды. Оның 236 жобасы, яғни 70 пайыздан астамы толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жалпы құны 39,3 млрд. теңгені құрайтын 73 жоба холдинг тарапынан қаржыландырылды. Енді биылғы жылы 50 млрд. теңге сомасына 75 инвестициялық жобаны іске қосуды жоспарлағанбыз», деді Д.Мақажанов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».