Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы белсенділерінің қатысуымен брифинг өтті. Онда қозғалыс кеңесінің төрағасы Данат Жұмин ұйымның жыл басынан бері атқарған жұмысы және алдағы уақытқа белгіленген жоспарлары жөнінде баяндап берді.
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы жастардың қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасау мақсатында атқарып келе жатқан жұмыстарын ойдағыдай орындап келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан бері аталмыш ұйым бірқатар жаңа жобаларды қолға алып, оларды өз деңгейінде жүзеге асыра білген.
Бүгінде 8 мың жас маманның басын біріктіріп, ортақ іске жұмылдырып отырған қозғалыстың төрағасы Данат Жұминнің сөзіне қарағанда, бұл ұйым Жеңістің 70 жылдығына орайластырып, 5-8 және 9-11 сынып оқушылары арасында республикалық эссе байқауын жариялаған. «Жеңіс» жобасының аясында ұйымдастырылған жас қаламгерлер конкурсына еліміздің барлық өңірлерінен және шетелдерден 1 500-ге тарта шығарма келіп түскен. Ұлы Отан соғысында қазақстандықтардың ерлігін ұрпаққа үлгі етіп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға жолданған эсселердің аймақтар бойынша үздіктерін іріктеу ісі әлі де жүргізіліп жатқан көрінеді. Олардың ішіндегі таңдаулы эсселердің авторларына ақшалай сыйлықтар және грамоталар берілмек. Ал жалпы байқау бойынша «жүзден жүйрік шыққан» 3 жұмыс 15 мамыр күні анықталмақ. Бұл жеңімпаздар Білім және ғылым министрлігінің арнайы грамоталарымен марапатталады.
Сондай-ақ, «Қазақстан-2050» қозғалысының белсенділері «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесе «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында салынатын нысандарда жұмыс істейтін жастар үшін де республикалық жобаны қолға алыпты. Дәлірегі, «Қазпоштаның» ауылдық жерлердегі бөлімшелері арқылы аталған бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқысы келетін жастардан өтініш қабылдау ұйымдастырған. Бүгінге дейін осы санаттағы 3 590 азаматтан өтіш түсіпті. Қазіргі таңда бұл жастармен телефон арқылы байланыс орнатылған. Ең бастысы, Білім және ғылым министрлігімен бірлесе оларды «Жасыл Ел» желісі және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы негізінде жұмысқа тұрғызудың жолдары қарастырылуда.
Осы арада тағы бір айта кетер жайт, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, сыбайлас-жемқорлыққа жағдай туғызатын әкімшіліктік кедергілерді жоюға септігін тигізу үшін I-Azamat жобасын іске асыруға құлшыныс білдіріп отыр.
Жалпы, бүгінде 8 мың жасты бір бағытқа – еліміздің дамуына қолдау білдіруге жұмылдырып отырған бұл ұйымның беталысы оңды. Белсенді жастарымыздың өз Отандарына деген құрметтерін осылайша нақты іспен білдіруі, әрине, қуантарлық жайт.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».