13 Ақпан, 2015

Күн тәртібінде – тұрғындар тілегі

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ақпан айының алғашқы күндерінен бастап елордада аудан басшыларының дәстүрлі халықпен есеп беру кездесулері болып өтті. Онда аудан әкімдері өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алда тұрған міндеттерді баяндап, есепті кездесуге жиналған жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. Есіл ауданында 2-6 ақпан күндері аралығында тұрғындар алдындағы әкімнің 5 есеп беру жиналысы болып өткен. Бұл басқосуларға ауданның 900-ден астам тұрғындары қатысқан. Есеп беру жиналыстарына Парламент және мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Аудан әкімі Сәбилә Мұстафинаның айтуынша, жұртшылықпен болған жүздесулерде 71 адам сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына қатысты өз ойларын ортаға салған. Солардың ішінде қағазға жазылған ұсыныс-тілектердің саны 120-дан астам. Тұрғындардан келіп түскен жазбаша арыз-шағымдардың барлығы негізінен әлеуметтік тақырыпты қамтыған. Оның 92-сі сол жүздесу барысында шешімін тапса, 29 ұсыныс-шағымға байланысты атқарылатын іс-жоспарлар бекітілді. Аудан тұрғындарын толғандырған өзекті 6 мәселені шешу алдағы күн тәртібіне қойылған. Мәселен, Пригородный тұрғын алабы тұрғындарымен өткен кездесуде аудан әкімі мұнда 1500 адамға арналған мешіт ашылғанын, биыл осы мешіттің жанынан медресе мен асхана салу жоспарланып отырғанын атап көрсетті. Өткен жылы аудан бойынша 53 отбасына қысқы отын алу үшін көмек көрсетілсе, мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін 10 адамға жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі 6 балаға мемлекеттік жәрдемақы, 24 адамға тұрғын үй көмегі берілген. Пригородный тұрғын алабын қала ішіндегі автобус бағыттарымен қамтамасыз ету жақсы жолға қойылған. Мұнда №10 және №12 автобустары тұрақты қатынас жасап тұрса, енді №53-ші жаңа экспресс-бағыты ашылды. 4 жаңа аялдама салынды. Мектепке қосымша құрылыс салу жұмысы шешімін таппақ. Биылғы жылы мұнда 500 орындық амбулаториялық-емханалық кешен бой көтереді. Сарыарқа ауданы бойынша өткізіліп жатқан аудан әкімінің есеп беру жиналыстарында да тұрғындар белсенділік танытты. Аудан бойынша өткен 5 есептік кездесуге 1400-ден астам адам қатысқан. Кездесулер барысында ауданның 75 тұрғыны сөз сөйлеп, 100-ден астам жазбаша ұсыныс-пікірлер түскен. Аудан әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың айтуынша, тұрғындарды негізінен қоғамдық көлік, жол, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру мәселелері көптеп толғандырады екен. Сұрақтардың басым бөлігі осы мәселелер төңірегінде өрбіген. Мәселен, Өндіріс тұрғын алабында өткен жүздесуде әкім ағымдағы жылы аудан бюджеті 8,9 миллиард теңгеге жеткенін атап өтті. Осының ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша биыл 735 миллион теңгеге 20 көппәтерлі үйді жөндеу жос­парланып отырғандығы айтылды. Елордадағы апатты үйлерді бұзу бағдарламасы шеңберінде Сарыарқа ауданы бойынша алдағы ақпан, наурыз айларында 19 үй, ал жыл соңына дейін 40 үй, соның ішінде, Өндіріс тұрғын алабында 16 апаттық жағдайдағы үй бұзылатын болды. Кездесулерде сөз алған тұрғындар ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалында орын алып отырған келеңсіз жағдайларды да тілге тиек етті. Алматы ауданының әкімі Бекбол Сағын ақпанның алғашқы күндері аудан жұртшылығымен есепті жүздесулер өткізді. Мәселен, «Астана су арнасы» мекемесінде өткен кездесуде қала тұрғыны Нақып Жүсіпованың көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бойынша көтерген мәселесіне байланысты жан-жақты жауап берді. Аудан әкімінің айтуынша, биыл су тасқынының алдын алу шаралары ерте басталған. Ауданда арнайы штаб құрылып, су басу қаупі бар аумақтар ескеріліп, аудан аумағы бірнеше бөліктерге бөлініп, қосымша техника мен жұмыс күші бөлінгенін атап көрсетті. Бұл ретте көктемгі су тасқынын болдырмау үшін қазірден бастап аулалардағы қарды дер кезінде шығару жұмыстарын ұйымдастыру қажет екенін айта келіп, ауданда арнайы кесте жасалғандығын ескертті. Дәл осындай кезекті есеп беру жүздесуінде «Казгородок» тұрғын алабы, Досмұхамедұлы, Ақжол көшелерінің тұрғындары қоғамдық көлік қызметіне байланыс­ты мәселелерді көтерді. Мәселен, аудан тұрғыны Мархаба Залилова өз сөзінде Досмұхамедұлы көшесінде жаңадан салынған емханаға дейін бірде-бір автобус жүрмейтінін айтса, кездесуге қатысушы Кәртай Сәтімбеков қалалық автобустардың сирек жүретіндігін, орталық көшелердегі автобус бағдарларының интервалын реттеу қажеттігін тілге тиек етті. Нақ осындай есепті кездесу Интернациональный тұрғын алабындағы №44 орта мектеп ғимаратында да болып өтті. Онда да аудан басшысы тұрғындар тілегінің ескеріліп, келешекте олар көтерген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын, есепті жүздесулерде айтылған барлық мәселенің жіті қадағалауда болатынын атап көрсетті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».