06 Мамыр, 2015

Ілгерілеуге серпін береді

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Миров Мұхтар суретМен еліміздегі оң өзгеріс­тердің барлығын Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың сараб­дал саясаткерлігімен, көсем­дік көрегендігімен сабақ­тас­тырамын. Жаһандық дағдарыс жағдайында елімізді кез келген тығырықтан алып шығатын дара тұлға екеніне де бек сенемін. Себебі, Елбасының сөзі мен ісі қашанда үйлесім тауып жататынына мен ғана емес, барша қазақстандықтардың көзі жетті. Күні кеше ғана кезектен тыс Президент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлына деген халқының қалтқысыз сенімі, ыстық ықыласы десем ақиқаттан аттай қоймаспын. Мемлекет басшысы Президенттік қызметке кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде дамуымыздың болашағын қолға ұстатқандай баяндап берді. Бір айта кетерлігі, жәй ғана баяндаған жоқ, сенімге селкеу түсірмейтіндей етіп, дәйектеді. «Мен өзімнің сайлауалды тұ­ғырнамам болған 5 инс­титуттық реформаны ұсындым. 26 сәуір күнгі дауыс беру қорытындысын мен халықтың жедел түрде реформалар жүргізуге деген тікелей мандаты ретінде қабылдаймын. Мен реформаларды жүзеге асыру үшін өзімнің барлық ерік-жігерімді, шешімділігімді көрсетіп, мемлекеттік аппаратты қоғамның күш-жігерін реформаларды орындауға жұмылдыру ниетіндемін. Аса таяу уақытта ел Президенті жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылатын болады», деген еді Елбасы сол сәтте. Айтқандай-ақ, елдегі реформаларды жүйелі жүргізуге бірден білек сыбана кірісіп кеткенін көзіміз көріп, көңіліміз аңғарып отыр. Уақыттың ырғалып-жыр­ғалуды күтпейтінін, бүгінгідей күрделі кезеңінде шапшаң және дұрыс шешім қабылдаудың үлгісін көрсетіп үлгерді. Елбасы Жаңғырту бойынша ұлттық комиссияны құрып, оның миссиясына жататын 5 реформаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды басқаратын жауапты адамдарды да белгіледі. Бұл Президенттің үлкен істерге үлкен дайындықпен, егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп барып кірісетін кісілік келбеті екені даусыз. Елбасы айтқандай, Ұлттық комиссия жанында құрамы беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылардан тұратын ха­лық­аралық консультативтік ке­ңестің жұмыс істеуі де бұл ба­ғыттағы жұмыстардың қай­тарымдылығын қамтамасыз ете­тін қадам. Яғни, ұлттық комиссия ілгерілеу мен ілкімді істерге берік тұғыр қалайтын болады. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның бес халықтық реформаның ойдағыдай жүзеге асуын ғана қамтамасыз етіп қоймай, қанаттас атқарылатын жұмыстарға қозғау салып, қар­қын береріне сенім мол. Ұлт­тық комиссия жұмысының ұлт­қа қызмет етуінің арқасында бұ­рын­ғыдан гөрі де биік белестерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Мұхтар МИРОВ, Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік өңірлік университетінің тәрбие ісі және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор. Ақтөбе облысы.