АҚТӨБЕ. 6 мамыр. Ақтөбеде Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында «Әскерге шақырушылар күні» өткізілді. Шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскерге шақырушылардың ата-аналары, Ауған және локальды соғыстардың ардагерлері, әскери қызметшілер, курсанттар, студенттер, мектеп оқушылары және патриоттық клубтардың мүшелері қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйлеп, жиналғандарды алда келе жатқан мерейлі мерекелермен құттықтады. Егеменді еліміздің қарулы күштерінің қуаттылығына тоқтала келіп, ТМД елдерінің арасында алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Оған ақтөбеліктердің өзіндік үлес қосып келе жатқанын, тек тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта 16 мыңнан астам ақтөбелік әскер қатарында болғанын, ал, биыл 2 мыңнан астам жастардың әскер қатарына шақырылып отырғанын жеткізді. Ұлы Отан соғысының ардагері Андрей Андреев пен облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Ғалымжан Жантөрин әскерге аттанушыларға ақ жол тіледі.
Әскерге шақырылғандар атынан сөз алған Данияр Ғалымжанов аға ұрпақтың ерлік істеріне адал болатындарын, әскерде жақсы қызмет етіп, ақтөбеліктерді ұятқа қалдырмайтындарына сендірді.
Ақтөбелік сарбаздар «Батыс» аймақтық №41433 әскери бөлімде Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады.
Шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен әскерге аттанушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Хайредин Раушанов.