06 Мамыр, 2015

Маңғыстауда мүгедек-кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде

413 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
IMG_6733АҚТАУ. 6 мамыр. Маңғыстауда мүгедек жандардың «Даму» қорына хабарласуы көбейген. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Даму» қорының Маңғыстау облысындағы аймақтық филиалына көмек көрсетуге өтініш білдіруші мүмкіндігі шектеулі жандардың, сондай-ақ, оларға «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша көмек көрсетуші кәсіпкерлердің саны күн сайын көбеюде. Биыл сәуір айында «КазАзот» компаниясы бірден үш мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге демеушілік көмегін көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі үш кісі, бизнесінің дамуы мен жалғасуына қолдау көрсетеді деген үмітпен Маңғыстау филиалына арнайы келген. Олардың бірі – екінші топ мүгедегі, Шетпе селосының тұрғыны У.Ерниязов жеңіл көлік сатып алуға кішігірім қаржылай көмек сұрап, көлігімен жолаушыларды тасымалдауды және мүмкіндігі шектеулі кісілерді ақысыз жеткізуді жоспарлаған болса, М.Алигулов ауыл шаруашылық бизнесіне қажетті ноутбук алып беруге өтініш берген. Сондай-ақ, Мұнайлы ауданының тұрғыны М.Оразовқа қолданыстағы  цехына жиһаздар шығару үшін жабдық алу қажет болған. Үш кәсіпкерге жалпы соммасы 600 мың теңгені құрайтын демеушілік көмекті «КазАзот» компаниясы көрсетті. Аталған компания Қазақстан бойынша аммиакты селитраны өндіруші жалғыз кәсіпорын. Қайырымдылық істері үшін кәсіпорын басшысы Кеңес Орақовқа «Даму» қоры атынан арнайы алғыс хат табыс етілді. Маңғыстау облысы бойынша «Даму-Көмек» бағдарламасы шеңберінде 46 мүгедек-кәсіпкерлерге демеушілік көмегі көрсетілген. Гүлайым Шынтемірқызы. Дерек, сурет: egemen.kz. IMG_6783