13 Ақпан, 2015

Солтүстікте ауыл әкімінің өліміне күдікті ұсталды

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13-02-15-noj-1

АСТАНА. 13 ақпан. Солтүстік Қазақстан облысы Тахтаброд ауылдық округі әкімінің өліміне күдікті адам ұсталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген Tengrinews.kz тілшісі хабарлады. Болжам бойынша әкім 6 ақпанға қараған түні кісі қолынан қаза тапқан. Құқық қорғау органдары ауыл әкімі Қайрат Ғалымжановтың мәйіті табылуына байланысты «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Жасалған жедел-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде кісі өлтіруге күдікті ретінде 1951 жылы туған ер кісі ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды. Қазір қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр. Осыған қатысты бірнеше сараптама тағайындалды. Тахтаброд ауылы әкімдігінің өкілдері Қайрат Ғалымжановтың жаназасы кеше, 12 ақпан күні Көкшетауда шығарылғанын жеткізді. Қазір оның міндетін Әсел Қасымова уақытша атқаруда. Айта кетейік, Қайрат Ғалымжанов 2014 жылдың қараша айында әкім болып тағайындалған. Бұған дейін мұндай оқиға Екібастұз қаласында орын алған еді. 2008 жылдың мамыр айында қаладағы «Асыл» базары маңында өзінің Toyota Land Cruiser автокөлігіне отырғалы жатқанда, Екібастұздың бұрынғы әкімі Рамазан Жұматаевты белгісіз біреулер атып кетті. Оқиға орнынан жеті гильза табылды. Тергеу барысында қаланың экс-әкімінің өліміне күдікті ретінде төрт адам - Серік Мұқантаев, Әлихан Исин, Ернар Бижұменов және облысқа белгілі кәсіпкер Бауыржан Мұқантаев ұсталды. Екібастұз қаласы экс-әкімінің өлімі үшін Серік Мұқантаев 15 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол «Базарские» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі болған. Полицейлер бірнеше жыл бойы оның соңына түсіп келген. Ол 2013 жылдың сәуір айында Алматыда ұсталып, Павлодарға жөнелтілді. Құрыш Нұрымбет. Дерек, фото: Tengrinews.kz.