14 Ақпан, 2015

Мемлекет талант иелерін қолдайды, оларға әр уақытта қамқорлық көрсетеді

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
фото 3 Кеше Алматыда әдебиет пен өнер қайраткерлеріне және жас таланттарға 2014 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендия­лар табысталды. Елбасының тапсырмасын орындау үшін оңтүстік астанаға арнайы келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова  осынау аманатты атқарып, зиялылармен дидарласты. Стипендиялар жыл сайын мем­лекеттік қолдау көрсе­ту мақ­сатында Қазақстан Рес­­пуб­ликасының құрметтi атақ­тары мен мемлекеттiк наградаларын иеленген мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ, аса дарынды шығармашыл жастарға зор шығармашылық жетістіктері үшін  берiледi. Қазір  қандай мәселе қозғалса да әңгіменің аяғы экономикадағы ахуалға, әлемдегі тұрақсыздыққа барып тіреледі. Оның салқыны тимей жатқан сала жоқ. Бірақ осының бәріне қарамай, биыл да Елбасының арнаулы Өкімімен әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендиялар көлемі қысқартылмай, дәстүрлі түрде тапсырылды. Мемлекеттік стипендияларды табыстау рәсімі қай кезде де шы­ғар­машылық ордасы болып келген, әдебиет пен өнердің  танымал өкіл­дері шоғырланған Алматыда өтті. Ел дамуының ең қиын кезеңінде осыдан 21 жыл бұрын, 1994 жылы жалақының да, зейнетақы мен сти­пендияның да уақытында төленбей жатқан тұсында, Қазақстанның әр шалғайындағы үлкен кәсіп­орын­дардың жұмысы тоқтап тұр­ғанда, Президентіміз ұлттық интел­лигенцияның қаймағын жинап, бір жағынан рухани сеп болсын деп, осы стипендияны тағайындаған болатын. Осыны айтып, рәсімді ашқан Гүлшара Әбдіқалықова отандық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқандарға Елбасының алғысын жеткізе отырып: – Енді осы әңгімеміздің алдында жақсы бір қуанышты хабарды жеткізсем деймін. Бүгін ортамызда отырған, бәріміз әндерін сүйіп тыңдайтын көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиев 75 жасқа толып отыр. Осыған орай, Елбасы Ескендір Өтегенұлына өзінің арнайы құттықтауын жолдады, – деп Мемлекет басшысының өз қо­лы­мен жазған сәлемдемесін оқып берді. Шынында да, дәл осы күні әйгі­лі сазгер мерейлі жасқа толған еді. Осындай әдемі оқиғамен бас­талған рәсім келелі әңгімеге ұлас­ты. Мемлекеттік хатшы өткен жылы отандық мәдениетті жаңа белеске көтеру үшін Қазақстан Респуб­ликасының ұзақмерзімді Мәдени саясатының тұжырымдамасы қабылданғанын еске сала отырып, осыған орай шығармашылық адамдарының алдында елдің жаңа әдебиетін, жаңа өнерін жаңа биіктерге көтеру міндеті тұрғанын атап көрсетті. 2014 жылдың қорытындысы бойынша отандық мәдениетті да­мы­туға қосқан маңызды үлесі үшін әдебиет пен өнер саласының 100 қайраткеріне стипендия тағай­ын­далды. Президенттік стипендияға ие болғандар қатарында Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жол­дас­беков, Бибігүл Төлегенова, Ес­кендір Хасанғалиев, Владимир Толоконников, Асанәлі Әшімов, Юрий Померанцев, Шерхан Мұр­таза, Әкім Тарази, Анатолий Молодов және басқалар бар.Сондай-ақ, Алан Бөрібаев, Ер­ке­бұлан Дайыров, Әйгерім Беке­таева, Жанель Төкеева, Әлия Теле­барысова, Қасымхан Бұғыбай және басқа да бірқатар жас дарын­дар Мем­лекеттік стипендияға ие болды. Г.Әбдіқалықова мәдениет пен өнер қайраткерлері Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» атты Жол­дауын іске асыруға сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді. Мем­лекет­тік хатшы күнделікті әрі қажыр­лы шығармашылық еңбек мәде­ниет пен өнерді экономикалық өсудің, инновацияның және адами дамудың негізгі ресурстарының біріне айналдыратынын айтты. Кездесу отандық мәдениет пен өнер­ді дамытудың өзекті мә­се­­­ле­­лерін талқылаумен аяқ­тал­ды. Мемлекеттік хатшы көкей­тес­ті проблемаларды шешу үшін сындарлы ұсыныстарды қалып­тас­тыруға және өзара түсіністікті терең­детуге жол ашатын мұндай тұрақ­ты әрі ашық әңгімелесудің маңыздылығын атап көрсетті. Г.Әбдіқалықова мәдениет, әде­биет және өнер қайраткерлері Қазақстан халқы Ассамблеясы жы­лын өткізуге, сондай-ақ алда келе жатқан Қазақстан халқы Ассам­­блеясының 20 жылдығына, Конс­ти­туцияның 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына және Жеңістің 70 жылдығына арналған мерейтойлық  іс-шараларға белсене атсалысатындарына сенім білдірді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Айтжан МҰРЗАНОВ.