Баға • 02 Шілде, 2025

Мың құбылған мұнай нарығы

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ОПЕК-тің болжамынша, маусым айында мұнайға деген әлемдік сұраныс жылдық мәнде тәулігіне 1,3 млн баррель деңгейінде сақталады. Бұл өткен айдың бағалауымен сәйкес келеді дейді AERC сарапшылары. Сұранысты күшейтіп отырған елдер – Қытай, Үндістан және Азияның өзге де мемлекеттері. Биылғы мұнайдың жаһандық жалпы сұранысы тәулігіне 105,1 млн баррельді құрайды екен.

Мың құбылған мұнай нарығы

2026 жылғы әлемдік сұраныс­тың өсім болжамы да 1,3 млн баррель деңгейінде сақталған. Осылайша, келер жылы мұнайдың жалпы әлемдік сұранысы тәулігіне 106,4 млн баррельге жетпек.

«2025–2026 жылдары мұнайға деген әлемдік сұраныс, негізінен, әуе тасымалына деген жоғары сұраныс есебінен күшейеді. Сондай-ақ автомобиль тасымалына деген сұраныс та тұрақты сақталып отыр. Әлемдік сұраныстың өсуіне Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кірмейтін ел­дердегі мұнай-химия өнер­кә­сібінде жаңа қуаттардың пайда болуы айтарлықтай әсер етеді», делінеді AERC шолуында.

мұнай

ОПЕК+ қатарына кірмейтін елдердегі мұнай өндірісін саралау да маңызды. Мұндай өсімнің негізгі драйверлері – АҚШ, Бразилия, Канада және Аргентина. 2026 жылы бұл елдердегі өндіріс көле­мі тәулігіне 0,7 млн баррельге кө­бейеді деп болжанады. Сөйтіп, тұты­ну тәулігіне 54,7 млн баррельге жетпек.

Бізде мамырда өндіріс тәулігіне 21 мың баррельге азайды. Соның өзінде ОПЕК+ квотасынан 470 мың баррельге асып тұр.

«ОПЕК есебіне сәйкес мамырда өндіріс сәуірмен салыстырған­да тәулігіне 21 мың баррельге азайып, тәулігіне 1,8 млн баррель болды. Еліміздегі мұнай өндірісінің көлемі кейінгі 4 айда тәулігіне 1,8 млн баррельге жуық деңгейде сақталып келе жатыр. Алайда қаңтар-сәуірдегі деректе мұнай экспортының құндық көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда айтарлықтай азайған. Франция, Румыния, Қытай және Түркия Қазақстан мұнайы­ның импортын арттырған. Іргелі тәуе­кел­дер әлі де сақталып отыр. Себебі Иран мен Израиль ара­сын­да­ғы қақтығыстың одан әрі ушығуы Парсы шығанағы өңірінен мұнай жеткізудің бұзылуына алып келуі мүмкін», дейді сарапшылар.

Осы факторларды ескере келе, мамандар қысқамерзімді келе­шекте Brent маркалы мұнай бағасы­ның қалыпты өсімі жал­ға­са­ды деп болжайды. Қандай да бір геосаяси шоктар мен сыртқы қысымдар болмаған жағдайда мұнай бағасы барреліне 76 доллар маңайында тұрақтауы мүмкін.