Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу өткізді.
Дәстүрлі кездесуде сөз алған Президент 2015 жыл Қазақстан үшін айтарлықтай маңызы бар оқиғалармен айрықша болатынын атап өтті. Біріншіден, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толады. Бұл – елдің бірлігі мен тұтастығының жылы. Өздеріңізге белгілі, біздің елімізде 17 діни конфессия мен 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұған Ассамблеяның қосқан үлесі зор. Екіншіден, биыл – бүкілхалықтық референдумда қабылданған, Қазақстанның қазіргі дамуының басты тетігі болып саналатын Конституциямыздың 20 жылдық мерейтойы. Үшіншіден, біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз. Қазақ хандығы – біздің еліміздің түп тамыры, тұңғыш рет мемлекеттің болашағын белгілеген үлкен тарихи оқиға. Төртіншіден, адамзат тарихындағы ең алапат екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толады. Бұл адамзаттық құндылықтарды ұлықтауда, әлемде бейбітшілік орнатуда үлкен сабақ болуы тиіс. Қазақстан тәуелсіздіктің 23 жылында тегеурінді мемлекет болып қалыптасты. Әлемдік нарықтағы күрделі жағдайға қарамастан, өткен жылы еліміздің ішкі жалпы өнімі 4,3 пайызға өсті. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 5 жылдық мерзімін орындадық. 5 жылдың ішінде жаңа өндіріс орындары пайда болды, бұрын Қазақстанда кездеспейтін 400-дей өнім өндіруге қол жеткіздік. Биылғы жылы бұл бағдарламаның екінші кезеңі шеңберінде 75 жоба іске қосылып, 7,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Біз 2014 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасын қабылдадық. Біздің мақсатымыз – еліміздің заманауи көліктік инфрақұрылымын қалыптастыру. Бұл бағдарламаны жаңа сыртқы экономикалық жағдайға бейімдеу мақсатында өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Сол отырыста біз барлық мәселені егжей-тегжейлі қарап, алдағы уақытта қалай жұмыс істеу керектігін анықтадық, деді Елбасы.
Мемлекет басшысы жалпы сомасы 500 млрд. теңгені құрайтын «Нұрлы Жол» бағдарламасы сыртқы әсерлерге қарсы тұрудың тиімді құралы екенін атап өте келе, оның аясында инвестиция тартылып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылатынын айтты. 500 млрд. теңге тек қана 2015 жылы игерілмек. Мемлекет басшысының айтуынша, осындай сома 2017 жылға дейін әр жылы бөлініп отырады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібін, қайта өңдеу, машина жасау, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту сынды мәселелер назарда тұрмақ. «Қазақстанда жасалған» деген брендпен шығарылатын тауарлар ауқымы ұлғаятын болады. Осы мақсаттарға байланысты Үкімет бюджет шығыстарын оңтайландыру туралы Парламентке ұсыныс енгізді. Дегенмен, мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелері өз күшін жоғалтпайды. Денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту, адами капиталға ұзақ мерзімді инвестициялар салу еліміздің болашақ экономикасы өсімінің негізін қалайды деп ойлаймыз. «Нұрлы Жол» бағдарламасына сәйкес, инфрақұрылымды дамытып, Қазақстанның әлемдік экономикамен одан әрі ықпалдастығын қамтамасыз ететін боламыз. Сарапшылар Еуропа мен Азия арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 60 пайызға артады, деп болжам жасауда. Соған байланысты, біздер ауқымды жұмыстар жасап жатырмыз. Биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының Қазақстандағы бөлігінің құрылысы аяқталады. Ол – 2700 шақырым автокөлік жолы. Бұл автокөлік дәлізі Қытайдан Еуропаға тасымалдайтын жүкті 45 күннен 10 күнге дейін қысқартады. Қазақстанның теміржол жүйесі Еуразия құрлығындағы негізгі буынға айналады. Ол Тынық мұхитын Каспий теңізімен жалғастырады. Қытайды Орталық Азия елдерімен, Батыс Еуропамен байланыстырады. Баршаңыз таяуда Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолын іске қосқанымызға куә болдыңыздар. Осының барлығы Қазақстанды аймақтық көліктік-коммуникациялық бизнес хабына айналдыруға бағытталған шаралар, деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Н. Назарбаев биылғы жылы шетелдік инвесторлар үшін жаңа ынталандыру шаралары туралы заң күшіне енгенін, ал индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты, «ЭКСПО-2017» көрмесі шетелдік әріптестермен білескен жобаларды жүзеге асыруға ең тиімді жағдай жасайтынына сенім білдірді. Осы мақсатта сіздер біздің жұмыстарымызды қолдайды деп сенеміз. Сіздердің елдеріңізбен бірге жұмыс істеуге ынталымыз, деді Президент.
Кездесу кезінде Н.Назарбаев 2015 жыл жаһандық ауқымдағы жаңа сын-қатерлермен, қауіп-қатерлермен басталғанын атап өтті. Бұл орайда, Елбасы Парижде болған террорлық мақсаттағы іс-әрекеттер қазіргі қоғамның халықаралық терроризмнің алдында өте әлсіз екенін көрсетіп бергеніне тоқталды. Бүгінде терроризмнің ғаламдық деңгейдегі қауіп-қатерге айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, онымен бүкіл әлем бірлесе күресуі керек. Қазақстан барлық деңгейде көрінетін терроризм мен экстремизге түбегейлі қарсы. Сондықтан, барлық елдің осынау қатерлі дертке қарсы тұруда, онымен күресуде жүргізіп жатқан ғаламдық дәрежедегі жұмыстарына қатысады. Біз үлкен қауіп-қатермен күрес жүргізуде халықаралық қоғамдастықпен арадағы ынтымақтастығымызды нығайтуға дайынбыз әрі мүдделіміз. Ең бастысы, радикализм мен терроризмге қарсы тұру бағытындағы жұмыстар дәстүрлі исламмен байланыстырылмауы керек. Тек мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу аясында ғана экстремизмге қарсы тұруға болады. Қазақстан өркениетаралық және дінаралық үнқатысуды дамытуға айтарлықтай деңгейде үлес қосып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамамыз көптің назарын аударып, халықаралық үнқатысу алаңына айналды.
Бұл ретте, сіздердің елдеріңіздің делегацияларын биылғы жылдың маусым айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне қатысуға шақырамыз. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылы халықаралық қоғамдастық екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 70 жылдығын, Хельсинки Қорытынды актісінің 40 жылдығын, жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясының 25 жылдығын атап өтеді. Бұл мерейтойлық даталар халықаралық қауіпсіздік үшін ашық үнқатысу орнатуға, терең ойлануға ықпал етуі тиіс, деді Мемлекет басшысы.
Елбасы, сонымен қатар, Украинада қалыптасып отырған жағдайға да тоқталды. Украинаның оңтүстік-шығысындағы текетірес 5 мыңнан астам адамның өліміне әкеліп соқты. Украинадағы текетіреске толы жағдайлар адам өмірі құндылық болып саналмайтындай шектен шығып кеткенінің көрінісі болды. Мұны ешкім күтпеді. Бұл – украин халқының басындағы ауыртпашылыққа толы кезең. Сол себепті де, Қазақстан бұл елде болып жатқан дағдарысты шешудің жолын іздестіруге қатысты жұмыстарға алдағы уақытта да қатысатын болады. Бұл жағдай ешкімді бейжай қалдырмауы керек. Украинадағы күрделі кезең өткен жылдың аяғы мен биылғы жылдың басынан бері менің шетелдік лидерлермен арадағы келіссөздерімде қозғалатын басты мәселелердің біріне айналды. Осындай белсенді үнқатысулардың нәтижесінде өткен жылдың тамыз айында алғаш рет Минскіде Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина президенттерінің, Еуроодақ елдері өкілдерінің басқосуы ұйымдастырылып, онда Украина мен Ресей президенттері бірінші рет көзбе-көз кездесу өткізді. Бұл кейіннен түрлі қиындықтармен бетпе-бет келген, бірақ, тараптар үшін өте маңызды келіссөздердің жүзеге асуына түрткі болды.
Менің соңғы айлардағы келіссөздерім «Норманд төрттігі» елдері басшыларының жоғары деңгейдегі келіссөздерінің өтуіне бағытталды. 12 ақпанда Минскіде өте күрделі және өте маңызды келіссөздер жүргізілді. Біз, бұл орайда, осы келіссөздер барысында ұстамдылық, түсіністік және көшбасшылық секілді қасиеттерді байқатқан Мемлекет басшыларына ризашылығымызды білдіреміз. Себебі, олар қантөгістің тоқтатылуы жолында маңызды жұмыстар атқарды. Енді біз бүкіләлемдік қоғамдастық күтіп отырғандай, қол жеткізілген келіссөздердің толықтай орындалуына, соғыс өртінің тоқтатылуына, әлі де күн тәртібінде тұрған саяси мәселелердің өз шешімін табуына шақырамыз. Себебі, мұны бүкіл дүниежүзі күтіп отыр. Яғни, Украинаның оңтүстік-шығысындағы текетіресті бейбіт жолмен шешуден басқа дұрыс жол жоқ деп санаймыз, деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Н.Назарбаев халықаралық ынтымақтастықтағы сенім дағдарысы барлық елдің қазіргі заманның қауіп-қатеріне қарсы тұрудағы мүмкіндігіне кері ықпалын тигізіп қана қоймай, ғаламдық әскери текетірестің ушығуына да себепкер болатынын жеткізді. Сіздер біздің де мұндай сын-қатерден алыс бола алмайтынымызды сезінген боларсыздар. Дүние жүзінде сын-қатерлер ошағы көбейгендіктен, бізге халықаралық қауіпсіздік тетігін күшейту аса маңызды. Біріншіден, сенімді қалпына келтіру, әлемдік тәртіпті тұрақты ету үшін халықаралық құқықтың арқаулық қағидаларын қайтадан бекіте түсу керек. Қазіргідей жағдайда барлық мемлекеттің халықаралық келіссөздер мен келісімдерді сақтауы аса маңызды. Қазақстан теңқұқылықты, өзара мүдделілікті, халықаралық құқықты басшылыққа ала отырып, түйткілді мәселелерді ұжымдық деңгейде оңтайландыру қағидаттарының бекітілуіне мүдделі, деді Н. Назарбаев.
Қазақстан Президенті 2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінде оған қатысқан елдер қауіпсіздіктің еуроатлантикалық және еуразиялық ортақ қауымдастығын құру туралы еліміздің бастамасына қолдау көрсеткенін атап өтті. Бүгінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мұндай қадам өте өзекті. ХХI ғасырдағы сын-қатерлер шеңберінде біз 1975 жылғы Хельсинки актісіне балама бола алатын жаңа тұжырымды әзірлеуге кірісуге шақырамыз. Бұл тұжырым өзара мүдделестікке негізделген қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құруды және ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясы қағидаларын тәжірибе жүзінде жүзеге асыруды қарастыруы керек. Ал бұл тарихи міндеттерді шешу барлық көшбасшыдан ғаламдық деңгейде ойлауды, саяси күш-жігерді талап етеді, деді Мемлекет басшысы.
Елбасы, сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді жолы мемлекеттердің өзара тығыз экономикалық ынтымақтастық орнатуы екенін атап өтті. Қазіргі таңда Батыстың және Ресейдің экономикалық санкциялары әлемдік экономикадағы онсыз да күрделі жағдайды шиеленістіріп, мемлекеттер мен халықтардың жағдайын нашарлата түседі. Қазақстан да әлемдік қоғамдастықтың мүшесі болғандықтан, одан сырт қала алмайды. Сондықтан, 12 ақпанда Минскіде қабылданған декларация Атлантикадан Тынық мұхитқа дейін ортақ экономикалық кеңістік құру туралы идеяны қарастырады. Қазақстан өзі тарапынан сыртқы экономикалық байланыстар мен өңірлік интеграцияның кеңеюіне мүдделі, деді Президент.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарттың күшіне енгенін еске салды. Еуразиялық экономикалық одақтың өзегінде егемендікті құрметтеу, экономикалық прагматизм, теңқұқылық және ашықтық қағидаттары бар. Бұларсыз бірде-бір бірлестік болмайды. Бүгінде бұл Одаққа ондаған елдер қызығушылық танытып, Еуразиялық экономикалық одақпен бірлесе еркін сауда аймағын құру туралы пікірлерін білдіруде, деді Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті ядролық қауіп-қатер қазіргі заманның ең күрделі мәселелерінің бірі болып қалатынына да назар аударды. Бұл орайда, біздің ядролық қаруды таратпау туралы жаңа әмбебап шартты әзірлеу жөніндегі бастамамыздың өзектілігін атап өткім келеді. Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайту бағытында әрі қарай да өз күш-жігерін жұмсайтын болады. Мұндай бағыттағы оң нәтижелердің бірі Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қосымша Хаттамаға Нью-Йоркте қол қойылуы болды, деді Президент.
Н.Назарбаев ядролық қауіпсіздікке қатысты Вашингтон мен Сеулде өткен ғаламдық саммиттерде Ядросыз әлем туралы жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы бастама ұсынғанын айтты. Бұл – күрделі мәселе. Алайда, біз өркениетті сақтағымыз келсе, бұл бағытқа қарай бәрібір де жүруіміз керек, деді Елбасы.
Мемлекет басшысы 2015 жыл халықаралық байланыстарды одан әрі тереңдету және кеңейту бағытында белсенді түрде жұмыстар жүргізетінін атап өтті. Біздің басымдықтарымыз өзгермейді, олар мемлекетіміздің сыртқы саясатына қатысты қабылданған тұжырымдамада көрініс тапқан. Өткен жылдың желтоқсан айында Ресей Федерациясымен бірге XXI ғасырдағы тату көршілестік және одақтастық туралы шарт өз күшіне енді. Ол саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытындағы барлық екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған. Біз бұдан кейінгі кезеңде де Қытай Халық Республикасымен арадағы тату көршілік ұстанымымыздан ажырамай, стратегиялық ықпалдастығымызды тереңдете түсетін боламыз. Себебі, бұл елмен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық сенімділікке құрылған, деді Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті халқын тарихи, мәдени және тілдік байланыс біріктіретін Орталық Азия елдерімен арадағы қарым-қатынастың дамуына айрықша мән беріп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікке айналған Еуропалық одақ елдерімен әріптестікті одан әрі жандандыруға күш салынатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы АҚШ-пен де стратегиялық әріптестікті нығайту маңызды рөл атқаратынын атап өтті, сондай-ақ, әріптестікті дамытуға ықпал ететін басқа да бағыттар жөнінде айтып берді. Біз Азия-Тынық мұхит аймағымен және өңірлік құрылымдармен экономикалық, инвестициялық және технологиялық бағыттарда ынтымақтастықты жандандыруды назарда ұстайтын боламыз. Орталық және Таяу Шығыс елдерімен арада қалыптасқан тарихи және рухани байланыстарды негізге ала отырып, Қазақстан олармен екіжақты әріптестік аясында және өңірлік ұйымдар шеңберінде серіктестік орнататын болады. Біз Ауғанстанның экономикалық және әлеуметтік жағынан дамуына да күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, деді Президент. Бұған қоса, Мемлекет басшысы ирандық ядролық бағдарлама аясындағы келіссөздер биылғы жылы қорытындыланып, барлық тарап үшін маңызды шешімдер қабылданатынына үмітті екенін білдірді.
Қазақстан Президенті Африка кеңістігіндегі, сондай-ақ, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерімен арадағы қарым-қатынас дамып келе жатқанына, мәселен, бұған соңғы жылдары осы өңірлердегі кейбір елдерде Қазақстанның елшіліктерінің ашылуы дәлел екеніне тоқталды.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерінің қызметіне қолдау көрсетілетініне және олар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Осыдан кейін сөз алған Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников Қазақстандағы шетелдік дипломаттардың атынан Мемлекет басшысына және барлық қазақстандық жұртшылыққа жақсылық пен сәттілік тіледі. М.Бочарников дипломатиялық корпус Қазақстанның халықаралық қызметіне оң ықпал ететінін атап өтті. БАҚ-та бұдан бұрын хабарланғандай, 2014 жылы Сіздің қатысуыңызбен халықаралық сипатқа ие 150-ге тарта кездесу мен іс-шара өтіпті, олардың ішінде екіжақты қарым-қатынасты дамыту аясындағы 8 шетелдік сапар, 17 мемлекетаралық саммит және 4 халықаралық форум да бар. Біз Сіздің Украинадағы жағдайды қалпына келтіру және «Норманд төрттігі» пішіміндегі кездесуді өткізу бағытындағы күш-жігеріңізді жоғары бағалаймыз. Үлкен құрмет таныта отырып, қолдау білдіреміз, деді Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі.
М.Бочарников, сонымен қатар, дипломатиялық корпустың Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді жалпыұлттық іс-шараларға қатысуға дайын екендігін білдірді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.