18 Ақпан, 2015

Жаңа бағдарлама үш жылда 50 мың адамға еңбек орнын тауып береді

406 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

ek10-astЖұмыспен қамту –  елді дамыту

Мемлекеттің ауыл шаруа­шы­лығын көтеру үшін көмекке беріп жатқан қаржысын сала-саласымен саусақ бүгіп санар болсақ әлденеше миллиардтаған теңгеге жетеді. Әрине, қаржысы көптіктен, игере алмағандықтан беріп жатқан жоқ. Әлемді дағдарыс құрсаудай қысып, мықты деген мемлекеттердің өздері «ертеңгі күнім қалай болады?» деп абыржып отырғанда Қазақстанның кәсіпкерлік саласына қыруар қаржы бөлуі шаруаларға жаңа жұмыс орындарын ашып, өз арбасын өзі сүйреуге септесу болса, екінші жағынан, өзге мемлекеттегі кәсіпкерлермен бәсекеге түсуге қабілетті ету мақсаты жатыр. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Оңтүстікке арнайы келген сапарында Үкімет қолдауға берген артық ақшаны жонып жеп жата бермей, көрші мемлекеттерден бәсі жоғары өнім өндіру үшін жаңа қондырғылармен жабдықталған кәсіпорындарды іске қосу қажеттігін айтқан. Яғни, бәсекелестікте мықты сапа белгісімен алда болу керек. Расында, Оңтүстіктегі ірі кәсіпорындар құлашын кеңге сермей бастады, көрші ел нарығына еркін кіріп жатқандар бар. Қанатбек ОспанбековБірақ, оншалықты ескерілмей келе жатқан шетін мәселе де бар еді. Оңтүстікте үш миллионға жуық халық тұрады десек, жұмысқа қабілетті адамдардың бәрі бірдей екі қолға бір күрек таба бермейді. Әсіресе, он-он бес саулығын алданыш қылып отырған ауыл адамдары. Бұған дейін мемлекеттік қолдау іріленген агрофирма, үлкен шаруа қожалықтарына беріліп келді де, нағыз көмек керек ететін ауыл еңбеккерлері несие ала алмайтын. Бүгінде облыс әкімдігінде қабылданған жаңа жоба бойынша жұмыс істеймін, отбасымды асыраймын деген адамдарға мол мүмкіндік ашылды. Мәселен, он баласы бар Шарапат Са­лы­бекова апай кенже ұлымен үйінде мал бор­дақылап отыр. Облыстан 6 пайыз үсте­месімен қаржы алған. Кәсіпкер үшін мал бор­дақылаудан бөлек, оның етін өткізу үлкен проб­лема. Салыбековтер отбасы оған бас ауыртпайды. Өйткені, бұл шаруамен айналысатын ауылдық тұтыну кооперативі бар. Біз Оңтүстік Қазақстан облысы үшін ғана емес, республиканың басқа өңірлерінде де үлкен қолдауға ие болатын, салынған қаржыны молынан ақтайтын жоба жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қанатбек Оспанбековтен сұрағанбыз. – Облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метовтің аудан, қала ғана емес, барлық ауылдарды түгелге жуық аралап, әлеуметтік карта түз­генін білесіз. Ауылдағы адам­дардың тіршілік көзі мал және бау-бақша, егістік жерлер. Оңтүс­тіктің көп жерінде су тапшы, ауыл тұрғындарының көбі мал асы­рағанды, бордақылап сатқанды, содан нәпақасын айырғанды қалайды. Солай етейін десе, қолдарында қаражат аз. Елбасымыздың өзі «әуелі экономика, сосын саясат» деп нақты айтты ғой. Халықтың аз бөлігі ғана бақуатты болғаны барлығына сая бола алмайды. Елдің ертеңі жақсы болу үшін орта шаруаны көтеру керек. Осының бәрін електен өткізген облыс әкімі министрліктегі мамандардың көзін жеткізе жүріп, он, он бес мал өсіргісі келетіндерге мемлекеттік жәрдем берудің тетігін тапты. Айтып отырғаныңыз «Оң­түстік Қазақстан облысы мал шаруашылығын дамыту іс-ша­раларының 2014-2016 жылдарға арналған жоспарына» кірді ғой... – Иә, Оңтүстік Қазақстан облысы мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірдің біріне жатады. Облыста 764,1 мың бас ірі қара, 3485,8 мың бас қой мен ешкі, 187,4 мың бас жылқы және 20,4 мың бас түйе өсірілуде. Өңірдің ерекшелігін ескеріп, 2014 жылдың ақпан айында облыс әкімінің арнайы қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мал шаруашылығын дамыту іс-шараларының 2014-2016 жылдарға арналған жоспары» бекітіліп, аталған іс-шара бойынша 2014 жылдың өзінде жалпы 2166 жобаға 5,9 млрд. теңге несие қаржы берілді. Оның ішінде 2034 шағын мал бордақылау алаңдары ашылып, 24 271 бас мал алынды. Өндірілген ірі қара мал етін арадағы алып-сатар делдалдарсыз сату мақсатында Шымкент қаласының ірі базарларында арнайы орындар беру жө­нінде базар басшыларымен меморандумға тұрып, бүгінгі таңда нақ­ты жұмыстар жүргізілуде. Көр­ші мемлекет Өзбекстанға ірі қара мал етін өткізу, малды тірідей алып барғанда тиімді болатыны анықталып, арнайы топ құрылып, келісімдер басталды. Алматы қаласының базарларына ет шығару, арнайы көтерме сату орын анықтау бойынша да алдын ала келісімдер жасалынып, бекітілген жауапты кәсіпкерлер жұмыстар жүргізуде. 4 068 ауыл тұрғыны жаңадан тұрақты жұмыспен қамтылып, өндірген еттерін нарықтық ба­ға­да өздері сату арқылы тұрмыс жағ­дайларын жақсартуға мүмкіндік алды. 112 шағын 5-10 бастық отба­сылық сүт фермаларын ашу үшін 245,3 мың.теңге қаржы бөлінді. 1 120 бас сауын сиыр сатып алынып, 224 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды. 11 сүт қабылдау бекеті және 9 ауылдық тұтыну кооперациясы жұмыс жасап жатыр. Соның нәтижесінде: 7,3 мың тонна ет; 12,8 мың тонна сүт; 5,9 млн. дана жұмыртқа қосымша өндірілді. 4482 адам тұрақты жаңадан жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. 2014-2016 жылдары мал шаруашылығын дамыту іс-шараларын жүзеге асырған жағдайда, үш жылда 91,0 мың тонна ет; 72,0 мың тонна сүт; 27,0 млн.дана жұмыртқа қосымша өндірілетін болады. Осының бәрін есепке алатын болсақ, қосымша 40,1 млрд. теңге мал өнімдері өндіріліп, ең бас­тысы, 21 мың ауыл азаматы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, тұрмыс жағдайлары мен әл-ауқаттарын жақсартатын болады. Бұған қоса, тек жаңадан ашылған сүт қабылдау бекеттеріне шағын отбасылық аулалардан сауылған сүттерін тапсыру арқылы 30 682 адам тұрақты табыс табады. Осы өзгерістердің жақсы нә­тижесін ауылдарға сапарға шыққанда байқадық. Ауылда отырып сүт, май, ірімшікті қала­дан таситын кесір келін, еріншек жеңгейлердің уәжі «ауылда еш­кім сүт сатып алмайды» болып келе­тін еді. Жұмысты жақсы үйлес­тіріпсіздер. – Жұмыс жоқ дейтін адам жұ­мыс жасамау үшін өзіне әртүрлі сылтау тауып алады. Үкіметтің жеңілдетілген несиесінің арқа­сында кеше ғана қаратабан болып жүрген талай азамат бүгінде қалталы азаматтардың қатарын толтырып жатыр. Тағы бір жобамыз құс шаруашылығын дамыту. Мұнда да адамдар қаржыдан бас­тап тауық асырайтын тор-клетка, құрамажем іздемес үшін оның да жолын ойластырып қойдық. Бұрын клетка шетелден әкелінетіндіктен қымбат болатын, өзімізде дайындалғандықтан құны екі есеге арзандады. «Максимум» ай­мақтық-инвестициялық ор­талығы алты-жеті пайызбен қаржы береді. «Оңтүстік құс» қажетінше балапан бастырады. Құрамажем дайындап беретін арнаулы цех бар. 500-ден 4 мың тауыққа дейін асырауға болады. Қызметкерлерге де көп шығын шығармайсың. Екі-үш тауықшы жетеді. Су-жем қондырғымен келеді, малағы да аппарат арқылы далаға шығарылып жатыр. Осы жобаны ұсынғанымызда жүрексінгендер көп болды. Жақын ініме ұрсып, зорлағандай төрт мың тауық асырауға кеңес бергенмін. Жоба бойынша шағын құс фабрикасының құны бес жылда ақталуы керек. Шын мәнінде екі-ақ жылда табысқа шығуға болады. Әлгі інім мені көрген сайын «көке, рахмет» дейді. Халқымызда сөз бар ғой, «көз қорқақ, қол батыр» деген. Жұмыртқаны көтерме бағамен данасын 15 теңгеден беріп жатыр. Құс нарқы да базардан төмен. Басқа жақтан келіп жатқан құс еті базарда тұрып сататындарға болмаса шағын құс фабрикаларының өніміне бәсекелес бола алмайды. – Елбасы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыс орын­дарын сақтап қалу, жаңа­сын ашу жөнінде тапсырмалар берді. Сіздің сөзіңіздің ыңғайына қара­ғанда, биыл да облыста әлде­неше мыңдаған жұмыс орны ашылады-ау... – Нұрсұлтан Әбішұлының «біз «Боинг» ұшағын, «Мерседес» көлігін шығарып, нарықта бәйге ала алмаймыз. Бізде басқаларда жоқ жайылымдық, егістік жеріміз бар. Қазақстан әлемдік нарықта мал шаруашылығымен әйгілі болады», деп айтқан сөзі бар еді. Облыс басшысы Асқар Мыр­за­х­метовтың талап етуімен жақ­сы жұмыстар қолға алынды. Атап айтсақ, тек өңірлік мал шаруа­шылығын дамыту іс-шара жоспары бойынша ғана 2016 жылғы 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Қазір 43 ет, 39 сүт, 39 же­міс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істей­ді. Яғни, сойысқа түскен мал, сауыл­ған сүт, бау-бақшадан алынған өнім ешқандай ысырап болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Экономикасы кері кетпеген ел­міз» деп баға бергеніндей, біз жақ­сы табыстармен алға бет алған мемлекетпіз. «Былтыр экономикаға 1 трлн. теңге бөлінгенін тағы бір еске салып өткім келеді. Алдағы үш жылда 3 млрд. теңгеден бөлетін боламыз. Сондай-ақ, халықаралық қаржы институттарынан шамамен 10 млрд. тағы бар. Қазақстан үшін қандай қомақты қаржы бөлініп жатқанына назар аударыңыздар. Сіздердің алдарыңызда осы қаржыны игеріп, экономикаға бағыттау сынды үлкен міндет тұр. Әр министрдің, Үкімет мүшесінің, қала немесе облыс әкімдерінің және т.б. алдындағы үлкен міндет. Енді елестетіп көріңіздер. Осының бәрін Үкімет орталықтан бақылап, жұмыстың тоқтап қалмауын қам­тамасыз етуі керек», деп атап өтті Мемлекет басшысы сол кеңесте. Сонымен қатар, негізгі бағыт ауылшаруашылық өнімдерін және азық-түлік өнеркәсібін дамыту болатындығын ерекше атап өтті. Бұл жағдайда Оңтүстік Қазақ­стан облысында тау көтерген Тола­ғайдай толымды істер атқарылып жатыр. Мен де осы елдің бір бөл­шегі, бір кірпішімен ғой, жұмыс тәжірибемді алға тарта айтар болсам, әлемді сансыратқан дағдарыс Қазақстанға оншалықты әсерін тигізбейді. Тек, халқымызда ауызбіршілік болып, Елбасымыздың, Үкіметтің алға қойған тапсырмаларын ой­да­ғыдай орындауға бір кісідей жұмылып еңбек етейік. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.

Инновациялар оқу орнынан басталады

_PAV7985Серік ӨМІРБАЕВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Елбасы Жолдауындағы мін­деттер сан салалы. Бұл жүк­телген міндеттерді Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы универ­ситетінің ұжымы ғалымдар, оқы­тушылар, студенттер бірлесе жүзеге асыруда. Оқу мен білім егіз. Сондықтан да, ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын қалыптастырып, студенттерге инновациялық бағытта білім беретін жоғары оқу орны ретінде қызмет етіп келеді. Бұған жуырда ғана «Инновациялық форсаж» атты инновациялық бизнес жобалардың республикалық байқауындағы университет ғалы­мы, техника ғылымдарының док­торы, профессор Әбілхан Қара­қаевтың жеңісі дәлел бола алады. Жолдауда, сонымен бірге, қазақстандықтар үшін жол, тұрғын үйлер ұсынатын көліктік-логистикалық, индустриялық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығы турасында айтылды. Бұл міндет-мақсаттарға орай біздің оқу орнының ғалымдары шығынды аз жұмсайтын құрылыс материалдарын шығаратын жобалар дайындады. Осындай маңызды жобалардың бірін университет ғалымы, профессор Ш.Торпищев жасап шықты. Елбасы Жолдауына үн қосу деген осы. Біздің ғалымдардың осындай өзекті жаңа жобалары техникалық ерекшелігі жоғары, техногенді қалдықтарды пайдаға асыратын жаһандық сапа стандартына жауап беретін жаңа дәуірдің экологиялық қауіпсіз құрылыс материалдарын өндірудің отандық технологияларын тәжірибеге енгізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Жас қазақстандықтарға білім беру және тәрбиелеудің маңыздылығы жөнінде «Ин­дустрияландыру бағдар­ламасы шеңберінде базаларында ғы­лымның экономика салаларымен және мамандар дайындау­мен байланысты қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын», деді Елбасы. Ал, Білім және ғылым министрлігінің шешімімен университетімізді экономиканың 4 маңызды – энергетика, металлургия, машина жасау және мұнай-химия салалары бойынша базалық жоғары оқу орны деп белгіледі. Енді Швеция, Германия, Ресей, Латвия, Чехия және Польша мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы серіктес жоғары оқу орындарымен жұмыс істеу мақсатында инновациялық бағыттағы жаңа оқыту бағдарламалары бойынша жұмыс жасалатын болады. Қазіргі таңда индустриялық-ин­но­вациялық дамудың мемле­кеттік бағдарламасы жобаларын жүзеге асыратын кә­сіпорындар да анықталды. Олар «Нефтехим LTD компания­сы» ЖШС, «Қа­зақ­стан электролиз зауыты» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Кас­тинг» ЖШС, Ақсу ферро­қорыт­па зауыты, «Қазхром» ТҰҚ ААҚ, «Еуразиялық энерге­тика­лық корпорация» АҚ, «Пром­машкомплект» ЖШС, «Format­MachCompany» ЖШС, ПНХЗ ЖШС АҚ және басқалары. Оқу сабақ­тарында студенттерді энерге­тика, металлургия, машина жасау және мұнай-хи­мия салаларындағы жаңа иннова­циялық технологиялармен таныс­тыру мақсатында жаңа зертха­налық құрылғылар, заманауи тех­никалар қолданылады. Мұн­дай бағдарлы тәжірибе алмасу студенттердің кәсібін терең мең­геруіне сеп болады. Студенттерді кешенді оқыту кәсіпорындарда өңіріміздің көркеюіне еңбек ететін білікті мамандарды табуға жол ашады. Осылайша, ғалымдар мен кәсіпорын мамандары арасындағы байланыс ғылым, білім және өндіріс ықпалдастығының арта түсуіне қызмет етеді. Басты басымдық ретінде адам капиталы, тәжірибелік білім мен біліктілікке инвестиция салынатын болады. Өйткені, заманауи маман үшін оның білімі, кәсібилігі, оқып-білуге деген қабілеттілігі құнды қасиет ретінде баланады. Осы бағдарламаның арқасында еңбек нарығы және жұмыс берушілер  түлектердің дайындық деңгейіне көз жеткізе алады. Ал ЖОО мен кәсіпорындар арасында бір-біріне деген сенім арқылы шынайы серіктестік қарым-қатынас орнайды. Біздер осы талап үдесінен шығу үшін толымды қызмет жасаудамыз. ПАВЛОДАР.