Жүзден астам қисса-дастанды жатқа білетін ғажайып қазақ – Қазым ӘЛМЕНҰЛЫ туралы ой-толғам
Қисса-дастандар мекені
Жырақта жүрген қандастарымыз өте ұлтжанды, аса дәстүршіл келеді. Атамекеннен алыста болса да, ешқайсысы әлі күнге дейін ата салтын ұмытқан емес. Жат жердің топырағын мекен еткен ағайындарымыз үнемі өзінің ұлттық құндылықтарын жоғалтып алмаудың қамын ойлайды. Оған Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында тұратын қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі толығымен айғақ. Бір жарым миллиард қытайдың ішіндегі бір жарым миллион қазақ ұлт ұпайын арттыру мақсатында көп жұмыс атқарды. Олар ұмыт боп бара жатқан салт-дәстүрлерімізді, мәдени мұраларымызды қайта жандандыру жолында біраз тер төкті. Қандастарымыз ауқымды «флэшмоб» жасап, «Қара жорғаны» қалың қытайға танытты. Бір мың бір жүз метрге созылған қазы, әлемдегі ең кішкентай домбыра, ең үлкен бауырсақ, елу алты бағлан еті сиятын ең үлкен тайкөмеш жасап, Гиннес рекордтар кітабына кірді. Осы арқылы бірқатар ел таласып жатқан ұлттық құндылықтарымызды қазақтың қанжығасына қайта байлады.
Қытайдағы қандастарымыз өздерінің тұратын аймақтарында ұлттық ерекшеліктерін қалың жұртқа танытып, өз мекендеріне абырой әперді. Мәселен, Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданындағы қазақтардың көбі саятшылықпен айналысады. Кезінде аудан тұрғындары бірігіп, Қытайдың орталығынан, яғни Бейжіңнен беделді шенеуніктер, шетелдік қонақтар шақырып, саятшылар жарысын ұйымдастырып, өз өнерлерін паш етті. Сонда қалың жұрт саятшылықты қазақ тұрмысының бір бөлшегі ретінде бағалады.
Кейіннен орталықтан келген шенеуніктердің шешімімен бұл өңірге ресми түрде «саятшылар мекені» деген атау берілді. Сол секілді Шыңжаңда қазақтар тұратын бірнеше ауылдың «күйшілер мекені», «айтыскерлер мекені» секілді қосымша атаулары бар.
2014 жылдың шілде айында сол қосалқы атауы бар өңірлердің қатарына тағы бір елді мекен қосылды. Ол – Шыңжаң автономиясының Алтай аймағына қарасты Бурылтоғай ауданы.
Бұл ауданға «қисса-дастандар мекені» деген атау берілді. Себебі, мұнда атақты қиссашы – Қазым Әлменұлы деген ақсақал тұрады. Бүгінгі әңгімеміз ұлттық мұрамыздың сақталуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан осы қазына кеуде қария туралы болмақ.
Қазым Әлменұлы бұл жақтың қазақтарына «тірі магнитофон» деген лақап атпен танымал. Себебі, атамыз адамның аузынан шыққан әңгімені бір естісе болды, жадында мықтап сақтап қалады екен. Шынымен де, сиқырлы жәшік секілді «жазып» алады да, арада айлар, жылдар өтсе де, сол әңгімеңізді қаз-қалпында, үтір-нүктесіне дейін түгел айтып береді. Есте сақтау қабілеті ерекше дамыған.
Бұл кісінің есімін мен өткен жылы Шыңжаң телевидениесінің Гүлсара Татан деген журналисінен естіген едім. Өнерімен қалың жұртқа танылған қазақтар жайында бейнесюжет дайындау үшін Шыңжаңға, Үрімжі қаласына іссапармен барғанмын. Менің келгенімді жұрттан естіген ол телефон соқты: «Өнерлі қандастарыңыз жайында материал әзірлеп жүр екенсіздер. Игі іс екен, оңынан шықсын ойларыңыз. Қазым деген қарияны естулеріңіз бар ма?». Мен ол кісі жөнінде көп біле қоймайтынымды айттым. «Ол – сіздерге кейіпкер болуға ең лайық адам. Халық арасында «тірі магнитофон» атанып кеткен кісі. Жүздеген қиссаны жатқа айтады. Басқаларды қоя тұрып соны түсірсеңіздер жақсы болар еді», – деді де, маған оның байланыс нөмірлерін берді. Мен алғысымды айтып, қариямен байланысқа шығуға бел будым. «Тірі магнитофон» дейді. Неге олай атайды екен? Бәлкім, қырғыздың манасшылары секілді тоқтамастан жыр айтып, сағаттап отыра беретін шыдамды шал шығар. Сірә, түс көріп, тұра сала тұла бойын тылсым күш кернеп, өзінен-өзі сөйлеп кететін аруақты адам болса керек деп түйгенмін ішімнен. Магнитофон дәуірін ұмытқан мен сол аспаптың дауысты жазып, сақтай алатын қасиеті барын да естен шығарыппын. «Тірі диктофон» десе бір сәрі, бірақ магнитофонды есте сақтаумен байланыстырмап едім.
Не де болса мән-жайды қарияның өзінен білейін дедім. Гүлсара берген нөмірге телефон соқтым.
Тұтқаның ар жағынан қарттың емес, орта жастағы кісінің даусы естілді. Үкімет Қазым қартқа жауапты етіп бекітіп қойған Бәден деген қандасымыз екен. Өзі Бурылтоғай аудандық мәдениет басқармасының бастығы көрінеді. «Қазым ақсақал телефон ұстамайды, шаруаларыңызды айта беріңіз», – деді. Мен жағдайды, жоспарды ұқтырдым. Бәден бірден Қазым қарияның қасиеті жайында баяндап берді. Бізбен (қасымда телеоператорым бар еді) сұхбаттасуға қарттың келісімін алып, оның үйінде күтетінін айтты. Тағы бір сенсацияға бара-бар тартымды тақырып тапқанымызға қуанған біз құстай ұшып, Бурылтоғай ауданына жол тарттық.
Жыр сақтаған жадығат
Осыдан бір жарым жылдай уақыт бұрын Қызылсу-Қырғыз округіне іссапармен барғанмын. Онда атақты манасшы Жүсіп Мамаймен жүздесудің сәті түскен. Жүсіп атамыз дүние салардан бірнеше ай бұрын сұхбаттасып үлгерген едім. Ол кезде қария 95 жаста еді. Қарт манасшы даусы қалтырап отырып, екі-үш ауыз сөзді әрең айтқан. Қарттық өзін әбден қалжыратып тастаған екен. Жүсіп атамыздың терісі сүйегіне жабысып, көзі көрмей, қинала қозғалған сәтін таспаға түсіргенбіз. Арасы 800 шақырымдай болатын Үрімжі – Бурылтоғай тас жолында мәшине ішінде отырып, сол кісінің кейпі көз алдыма келді. Телефон ұстамайтынына қарағанда біз іздеп бара жатқан Қазым қария да сондай халде болар деп ойладым. Бірақ бұл ойым ұзамай теріске шықты.
Үйіне жеткенде Қазым атамыздың өзі алдымыздан шығып қарсы алды. Қимылы аса шалт демесек те, ширақ қозғалады. Қарттық әлі еңкейте қоймаған, бойын тік ұстайды. Сөйлеуінде де бір мін жоқ. «Ал, ассалаумағалейкүм! Қош келдіңдер! Қалай, атамекен аман ба?», – деп амандасып жатыр. Біз де сыпайы жауап беріп, аман-саулық білдірдік. «Алыстан ағайындар келе жатыр, «сәйфан» (cұхбат) қылады деген соң шапан кидім. Әйтпегенде, мен де сен сияқты кәстүммен жүремін. Қазақстандағылар «мына шал қай бетімен қазақпын деп «сәйпан» қылып отыр, үстінде шапаны да жоқ» деп айтпасын. Қалай, дұрыс болды ма?», – деп маған ұлттық үрдістегі шапанын көрсетті.
Атамыздың денсаулығы аса сыр бере қоймаған секілді. Бар мүшесі сау. Аузындағы тістерінің бәрі бүтін көрінеді. Тек көзі дұрыс көрмейді екен. Сонда да адамның бетіне тік қарайды. «Мен сені дұрыс көріп отырған жоқпын қазір. Бірақ тұп-тұнық көретін адамдай бетіңе тік қарауға тырысамын. Біреуге осал жерімді танытқым келмейді», – дейді қария. Жөн сұрасып, жағдайды білгеннен кейін іске көштік. Қария қазақы салтпен алдымен үйдің дәмінен татқызып, өзінің өмір жолын әңгімелеп берді.
Шынында да, Қазым атамыздың есте сақтау қабілеті ғажап екен. Өмірінде болған оқиғалардың түгелін дерлік нақты датасымен айтады. Ата-бабасы ежелден осы Алтай тауларына қоныс тепкен. Керейдің Жантекей аталығынан тарайды. Одан – Қыстаубай.
Өзі 1929 жылы сәуірдің 28-і күні дүниеге келіпті. Әкесі Әлмен діндар кісі болған. Ағайыннан – үшеу. Сол үшеуіне Әлмен кішкентайынан құранның сүрелерін жаттатып үйретіпті. Қазым өзінің қасиетін жастайынан байқаған. Әкесінің айтқан әңгімелерін, жаттатқан сүрелерін бір айтқаннан-ақ қағып алады екен. Бала болған соң өзінің ерекше қабілетін тиімді пайдалануға аса мән бермеген. Үй шаруасынан қолы босамаған Әлмен балаларын оқытпаған. Қазым «ә» деген әріп танымай он екі жасқа жетеді. Ол кезде Алтай аймағында көтеріліс басталады. Біраз бүлік шығады. Сол тұста Алтайды жайлаған көп қазақ биліктің әмірімен қоныс аударуға мәжбүр болады. Сол көп қазақтың ішінде Әлмен де кетеді. Олар бірнеше ауыл боп Моңғолияға көшеді. Ұлан-Баторды жағалап қоныстанған шаңырақтың жалғыз табыскері Әлмен малшылықпен айналысып, үй шаруасынан босамайды.
Он екі жасар Қазым зеріккен сәтте ауыл қариялары бас қосатын жиындарға баратын болған. Қарттардың әңгімесін тыңдап, солардың аузынан шыққан өлең-жырларды жаттап алып жүреді. Сол жиындарға халықтың ерекше ықыласына бөленген Бөкен мен Көксеген деген екі кісі үнемі қатысады екен. Олар ел ішінде беделі мол қиссашылар саналған. Қазымның қисса-дастандарға қызығушылығының артуына себепкер болған осы екі шал көрінеді. Солардың қасында еріп жүрген бала Қазым біраз өлең-жыр, қисса-дастан жаттаған. «Мен олар білетін дүниелердің үштен бір бөлігін ғана игердім», – дейді Қазым қарт ұстаздары туралы.
Өзі оқи білмейді, сондықтан, елдің айтқанын бір естігеннен жадына сақтауға дағдыланған. Тек жырларды ғана емес, ертегілерді де, өмірде болған оқиғалар туралы әңгімелерді де, қысқасы, естіген нәрсесінің бәрін миының мүйісіне жинап, құлағына құя берген. Сөйтіп, бойына дарыған ерекше қасиетін пайдаланудың жолын тауып, машықтана түскен. Он алты жасында өз ауылына танымал қиссашы бала атанған.
Атажұрт... «Алтай – Сұлушаш»
1946 жылы ауылындағы Мұхтархан деген имамның медресесіне оқуға қабылданыпты. Сонда бір жыл оқып, арабша әріп таныған. Келер жылы олар Шыңжаңға қайта көшіп кетеді де, оқуы тоқтап қалады. «Бұл мен үшін басқа қонған бақыт болды. Бұрын тек жұрттың айтқанын ғана жаттайтынмын. Әріп тану арқылы мүмкіндігім кеңейді. Тек ауыл адамдарының айтқанын зердеге тоқып қана қоймай, алыстағы ағайынның жазған дүниелерін де оқи білетін болдым», – дейді қария.
Күндіз үй шаруасында жүреді. Ал түнде, үй іші ұйқыға кеткенде шырақты пайдаланып, кітап беттерін ақтаратын. Ол кезде кітаптың тапшы кезі. Біреуден бір-екі күнге сұрап алады. Сондықтан Қазым қолына түскен кітапты бір оқып жаттап алуға тырысатын. Сол кезде-ақ Шыңжаң қазақтарына қаламгерлік өнерімен кең танылып үлгерген Ақыт Үлімжіұлы мен Арғынбек Апашбайлардың шығармаларын, аудармаларын сүйіп оқыған. Олардың өздері жазған түпнұсқасын оқып, халықтың айтқанымен салыстырып, қай нұсқасын да жадында сақтап жүрген. Өзі түсінбеген жерлеріне Әлмен ата қолұшын беріп, ұғындырып отырыпты. Әйтсе де, баршаға мәлім қисса-дастандарды жаттап болған Қазым бұған қанағаттанбайды. Оның болмысында кәдімгідей «ақпараттық ашқарақтық» дағды қалыптасады. Тек жыр-қиссалар ғана емес, халық аузында жүрген дүниенің барлығын жаттай береді.
Жиырма жастан асқанда Қазымның жадында біраз қор жинақталған. Енді ол Алтайдың арғы жағында, Қазақстанда басылған кітаптармен танысқысы келеді. Бұл Кеңес үкіметі мен Қытайдың достық қарым-қатынастары дәуірлеп тұрған кез еді. 1952 жылы Қазақстаннан көркем туындылар шекара асып келе бастайды. Жергілікті зиялы қазақтар оны дереу төте жазуға көшіріп, халыққа таратады. Осы хабарды естігенде Қазымның қуанышында шек болмады. Сол кітаптарға қолы жеткенше асығады. Бірақ тәртіп бұрынғыдай, қолыңа алып бір оқисың да, келесі кезектегі адамға бересің. Бұған әбден дағдыланған Қазым кітаптарды жұртпен таласып жүріп оқиды. Ешбір кітаптың үтір, нүктесін жібермей жаттайды. Қазақстанның зиялы қауымымен, ақын-жазушыларымен кітап арқылы танысады. Абай мен Жамбылдан бастап Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, Жақан Сыздықов, Сапарғали Бегалин, Жұмағали Саин, Мәриям Хакімжанова секілді қаламы қарымды ел ардақтыларының шығармаларымен табысады. Бірақ бұл қуанышы көпке созылмайды.
1956 жылы Кеңес Одағы мен Қытай арасы шиеленісіп, шекара жабылады. Көрші елден келген танымдық дүниелердің көбі жойылады. Сол үш-төрт жылдың ішінде-ақ Қазым біраз дүниені жадына жинақтап үлгерген. «Сәбит Мұқановтың «Сұлушашын», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» ықылас қойып оқып шығып, жаттап алғанмын. Содан кейін мен ол кітаптарды көрмеппін. Үтір-нүктесіне дейін әлі есімде. Нанбасаңдар, кез келген жерін сұрап көріңдер», – дейді Қазым қарт әңгімесін айтып отырып.
Біз қазыналы қарттан қалаған жырынан үзінді айтып беруін өтіндік. Ол сабырлы сарынмен Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасын бастап кетті... Бәлкім, қытай қазақтары арасында тараған нұсқасы болар, арасында бізге мүлде таныс емес: «Жүндестау, иір-иір біткен жалғас, Биік құз көкке тиген, бүркіт бармас. Тіп-тік қия қарасаң, көзің түссе, Текшеленіп жиналған көксіз сұр тас... Жыландай ирелеңдеп таудан құлап, Сылқ-сылқ көпіршіп аққан бұлақ. Ақ үкісі жайқалып желмен бірге, Шуылдап ән қосады жасыл құрақ».., – деген жолдар түйдектеліп түсіп жатыр. Өзі бұл поэманы «Сұлушаш» демейді, «Алтай – Сұлушаш» дейді.
Жарты сағаттай тынбастан жырлады. Менің микрофон ұстаған қолымның тала бастағанын аңғарды да, «осы да жетер» деп тоқтай қалды. Содан әңгімесін қайта сабақтады. Кеңес-Қытай арақатынасы суып, екі жақты байланыс үзілгеннен кейін де баяғы дағдысынан жаңылмапты. Қисса-дастандарды тауысып, тұрмыс-салт жырларын жаттауға кіріседі. Бесік жырының ондаған нұсқасын жадына жинақтайды. Диуана сарыны, бақсы сарыны, сыңсу, жоқтау, көрісу... Қысқасы, Қазым атаның миға сақталған мұрағатында бәрі бар. Ауыз әдебиетінен білмейтіні жоқ десе де болады.
Ұлт мұрасын ұлықтаушы
Кейіннен Қытайда мәдени төңкеріс болды. Көптеген құнды деректер жойылды. Он жыл өткен соң төңкерістің қате екені мойындалып, бағалы деректерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сол кезде Қазым ұлттық мұрамызды қайта жандандыруға атсалысты. Үкімет 1979 жылы аз ұлттар әдебиетін қалпына келтіру туралы шешім шығарды. Сол жылдан бастап Қазым Әлменұлы партияның назарына ілікті. Оның аузымен айтылған мәліметтер арқасында көптеген құнды дүниелер жарық көрді. Ал өзі Қытайдағы қазақтардың әдебиетіне, мәдениетіне байланысты жиындарға тұрақты қатысып тұрды. Айрықша қабілетінің, ұлт мұрасына адалдығының арқасында Қазым қалың елдегі қадірлі адамға айналды. Осы уақытқа дейін ол түрлі марапаттарға ие болды.
2007 жылы Қытай үкіметі оған «Ұлттық мәдени мұраны сақтаушы» атағын беріп, төсіне медаль тақты. Бұл біздің елдегі «Мәдениетке еңбек сіңірген қайраткер» атағын алумен бірдей дәреже. Аз ұлттан шығып, қалың Қытай елінде мұндай жетістікке жету кез келген адамның қолынан келе қоймас.
Биыл Қазым ақсақал 86 жасқа келді. «Мемлекет шаруаларына, мәдени шараларға араласқалы бері дастан-қиссалар жаттауға қол тие бермеді», – дейді ол. Қытайлармен қанша араласса да, ханзушаға икемі болмаған көрінеді. Ғажап зерделі бола тұра, «Нихаодан» басқаны ұқпайды. Қызығып, қытайша бір-екі өлең жаттаған. Бірақ мағынасын білмейді. Тек әуеніне бола құмартқанын айтады. Ешқашан ресми қызметте болмаған. Десе де, ол бүгінде зейнеткерлер санатында.
Аз ұлттар мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін үкіметтен ай сайын мың юань жәрдемақы алады. Қыстық отыны мен малға беретін шөбі де үкіметтің мойнында. Жергілікті билік өкілдері Бурылтоғай ауданынан үй салып беріпті. Алыс-жақын сапарға шыға қалса, жол пұлын үкімет көтереді. Мемлекеттік, автономдық, аудандық фольклоршылар қоғамының беделді мүшесі.
«Жағдайым жаман емес», – дейді қария. Бірақ осы күнге дейін атамекенге әлі ат ізін салмапты. Жамбасы жерге тигенше бір барып қайту жоспарында бар екен. Үнемі серік болып жүретін Бәден Қазым қарияны алыстан іздеп, бұрын-соңды жоғалған дастан-қиссалар жайында сұрап келушілердің көптігін айтады. «Қазекең қандай жырды үйренсе де, үзіліп-жұлынған үзінділерін емес, толық нұсқасын жаттаған», – дейді ол.
Қарияның айтқандарының негізінде көптеген жыр-дастандар қалпына келтірілген, қайта толықтырылған.
Бәденнің бастамасымен «Қазым қарияның дастандар жинағы» деген төрт томдық кітап басылып шыққан. Бұл төрт томдыққа тек жетпіске жуық қисса-дастандар ғана сыйған. Қазымның жадындағы қалған барлық дүниені жарыққа шығару үшін тағы да осынша кітап бастыру керек. «Ешқашан шатаспайды. Бірде-бір жырды үтір-нүктесіне дейін ұмытпайды. Кейде сынап көрейік деп бұрын айтқандарын таспаға түсіріп аламыз. Араға біраз уақыт салып қайта сұраймыз. Сол қаз-қалпында айтып береді. Ара-тұра газет-журналдан мақала оқып береміз. Соны қайталап шығуын сұраймыз. Іркілмейді. Бір әрпінің, бір сөзінің орнын ауыстырмайды. Сондай ғажайып адам!», – деп Бәден тамсанып қояды.
Қазым ата мен Бәден кейде қарияның жадындағы дүниелерді таспаға түсіргенде ешкім мазаламасын деп ауыл сыртынан қонақ үй белгілеп, сонда барып жатады екен. Басында бір аптаға деп жалдаған қонақ үйде бір айдан астам уақыт жатқан кездері болыпты. Мұндай жұмыстар негізінен Қазым ақсақалдың шаршағанынан емес, Бәденнің шыдамы таусылуына немесе техниканың бұзылып қалуына байланысты тоқтатылатын көрінеді. Тыңдаушының шыдамы жетсе, қария бір кесе шәй ішіп, бір үзім нан жеп алу үшін аз ғана үзіліс жасап алып, қиссасын жалғастыра береді екен.
Қазаққа қымбат қазына
Бүгінде Қазым қарт 107 дастанды жатқа айтады. Тұрмыс-салт жырларын қосқанда бар білетін дүниесі 130-ға таяп қалыпты. Оның сыртында ертегілер, шағын өлеңдер, ауызша әңгімелер бар... Оларды есепке алсақ, бұл сан бірнеше еселеніп кетеді. «Қозы көрпеш – Баян Сұлу», «Ләйлі-Мәжнүн» секілді әйгілі жыр-дастандарды ілгеріде-ақ игеріп алған. Алтай төңірегінде ғұмыр кешкен батырлар туралы жырларды жақсы біледі. Мәселен, атақты Сұлубай батыр секілді ел қорғаны болған ерлерге арналған елу сегіз жыр бар екен. Соның бәрін жатқа айтады. Өмір бойы малшы болған ол есте сақтау қабілетін жайлауда мал соңында жүріп жаттықтырған. Күні бойы естіген әңгімелерін еске түсіріп, ішінен үнемі қайталап машықтанған.
Қазым атаның жеті баласы бар. Екі ұл, бес қыз. Үлкен ұлы Мәден – жол сақшысы, кіші ұлы Жекен – орманшы. Қыздары Күлман, Бәтей, Зәтей, Бөкен, Сайраш әлдеқашан тұрмысқа шыққан. Бәрі де осы Алтай қазақтары шаңырағының түтінін түтетіп отыр.
Қазір он шақты шәкіртті өз өнеріне баулып жүр. Ішіндегі ең икемдісі – Дәурен деген он жасар бала. Той-томалаққа соларды ертіп апарып жыр айтқызып тұрады. Шәкірттерінің ішінде өзінің немересі Болат та бар. Болат – ұлы Жекеннің перзенті.
Бір қызығы, Қазым ата әлі күнге дейін қолына қалам ұстап көрмепті. Тіпті, бір жапырақ қағаз да шимайламаған. Бүкіл өмірінде көргені мен естігенін тек жадында сақтаған. Оның миы шексіз галактиканың бүкіл ақпаратын сыйғызуға болатын алып хард-диск секілді. Сол хард-дискіңіздің де, магнитофоныңыздың да, диктофоныңыздың да, фотоаппаратыңыздың да міндетін қарттың бір өзі атқарады... Қазіргі заманның ақпарат алмасуға арналған озық техниканың барлығының қасиетін бір ғана Қазым атаның бойынан табуға болады. Алайда, осы озық техниканың құлағында ойнап, емін-еркін пайдаланып жүрген сіз бен біз, жалпы, бәріміз жабылып ұлтымызға Қазым ақсақалдың үлесіндей еңбек сіңіре алдық па?! Тілі де, діні де бөлек елде жүріп, талай қилы кезеңді бастан кешіп, ұлттық мұрамызды осы күнге аман жеткізген қария қандай марапатқа да лайық. Ол бойға дарыған ғаламат қасиетін ұтымды пайдаланып, ұлтының игілігіне жарата білді. Ал қазыналы қартты біз қалай ұлықтай аламыз? Тоқсанға таяп қалған асыл текті атамыздың миында сақталған мұрағатты толық санаға сіңіріп үлгереміз бе?
Әзірге, Алтайдың арғы жағында жүрген, жүз дастанды жадына жаттаған қарт жүректің амандығын тілейік!
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
БЕЙЖІҢ – ҮРІМЖІ – БУРЫЛТОҒАЙ – БЕЙЖІҢ.