18 Ақпан, 2015

Соғысқа кеткен сәйгүліктер

836 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
zima01 1941 жылы басталған соғыс салмағы майданға аттанған азаматтар мен олардың отбасына ғана түскен жоқ, өндіріс пен ауыл шаруашылығы, өзге де салалық кәсіпорындар майданға қызмет етуге жұмылдырылды. Бүкіл ел аяғынан тік тұрды. Бұғанасы қатпаған бүлдіршін мен еңкейген қарттарға дейін еңбек майданынан табылды. Тіпті, халықтың рухын көтеру мақсатында өнер мен әдебиет саласында да екпінді үн, өршіл леп қалыптасты. Өнерпаздардың майдан даласына барып концерт беруі, Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім» деп жауынгерлерді қайрай түсуі, сондай-ақ қазақ ғалымдарының со-о-нау Маңғыстаудан қарт жырау Мұрын Сеңгірбекұлын Алматыға шақыртып, әйгілі «Қырымның қырық батыры» эпостық жырын қағазға түсіруі секілді рухани бағыттағы істер осы бастамалардың жемісі болатын. Сол аласапыран зұлматты тойтарып, Жеңісті жақындатуға қазақтың құтты даласы қосқан үлес пен күш ересен. Азық-түлік, жылы киім-кешекпен бірге соғысқа қажетті жабдықтар эшелондармен үздіксіз тасылып жатты. Ондай эшелондардың бірқатарындағы платформаларда майданға қарай жалы желбіреп қазақтың адай жылқылары да аттанғанын біреу  білсе, біреу білмейді. Адай  жылқысы жылқы баласының бертінде әртүрлі селекциялық жұмыстар нәтижесінде алынған тек пен түр, тұқымдық жемісі емес, ұзақ жылдар бойы қатал табиғаттың сұрыптауынан өтіп, адамзаттың шапса қанатына, ашықса тағамына жарап, ел мен жерді қорғауда сенімді серігіне айналған табиғи тұқым. Сол секілді оның атауы да белгілі бір ел-жұрттың атын кешелі-бүгін иемдене салған жоқ. Ол да XIX-XX ғасырлардағы талай шетелдік зерттеушілердің қаламына солай ілігіп, тарихи құжаттарға осылай еніп тарихи қалыптасқан атау.  Насихатталу тұрғысынан олқылық болғанмен, адай жылқысының суыққа, жүріске төзімділігі, жүйріктігі, күш-жігері және шөбі ащы, жері сортаң құрғақ даланың табиғатына шыдамды қасиеті көпке мәлім. Тіпті, патшалық Ресей­дің жер-көкті шалған жиһанкездері мен жер шолып, ел жаулауды мақсат еткен шабарман-шенділерінің адай жылқысына «қаны қатып» көңілі түскендігінен бірер мысал келтіре кетейік. Еуропа елдеріне ашыл­ған қақпа сынды Форт (Кетік) даласына келген-кеткен олардың  ерікті-еріксіз түрде тұлпарды тақымына басып, өз мақсат-мұрат­тары жолында пайдаланбаған кездері кемде-кем. 1873 жылы Хиуа жорығын сәтті аяқтап дәндеген патша үкіметі түрікмен халқын отарлау үшін «Ақалтеке» жорығын жасап, жолда тағы қазақ даласына ерулейді. Хиуалықтармен қазақтардың арасындағы бітіспейтін дау-жанжал, барымта-қарымтаны ұтымды пайдаланған орыстар өз мақсаттары үшін жолдан Маңғыстау қазақтарын жалдап, «милиция» деген атаумен 150 жігіттен құралған қосын құрады. Шөлден су тауып, жолсыздан адастырмай діттеген жеріне жеткізген қазақ жігіттері мен тұлпарлары туралы түрікмен жерін бағындыру үшін шерулетіп Маңғыстау даласына келген Кубань армиясындағы казактар полкының 5-ші жүздігінің командирі М.Арнольди маңызды естелік қалдырған. 100 шақырым жерді су ішпей-ақ жүріп өтетін және өңкей жусанға жайылғанның өзінде жадап-жүдемейтін жылқы тұқымы туралы айта келіп, бұл жорықта біраз жылқысын сол адай жылқыларына айырбастап алады. Ал орыс әскерінің қылқұйрықтарын жергілікті қазақтар тек сою үшін ғана алады. Қызыл Арбатта жеңіліс тапқан орыс әскері кері шегінеді, сол жолы олардың жылқыларының көбісі жүріске де, мініске де жарамай діңкелесе, адай жылқылары 1776 шақырым жолды міні құрамай жүріп келіп қайран қалдырады. «Жығылған күреске тоймас» дегендей, көліктерін түгелдей адай жылқыларына алмастырған патша әскері екінші рет жорыққа аттанғанмен, тағы жолы болмай оралады. Үшінші рет, жасағындағы адай жігіттерінен құралған жалдамалы топты 500 адамға жеткізіп, қайта аттанған патша әскерлері жеңіске жетіп, 1881 жылы түрікмендердің мықты қамалы Көктөбені алып тынады. Міне, сөйтіп бас көтертпей салық салып, оны төлемесе жайылым-жазықтықтан қағып, шығынға ұшыратқан Хиуа хандығы, қала берді қиқулап келіп әлсін-әлсін жазықсыз ауылдарды шауып, отар­ды ойрандайтын түрікмен елімен арадағы түсініспеушілік жағаласқан екі бауырлас елдің үшінші алып мемлекеттің аузына бірге түсуіне сеп болып, мықты жұрттың өз ішкі есебін түгендеуі үшін жүргізген жымысқы саясатына бірге жем болуға әкеп соқтырады. «Ағайын ала болса, ауыздағы кетеді» деген осы болса керек... Аталмыш жылқының қадір-қасиеті туралы 1899 жылы ғалым Я. Полферов Ре­сейден шығатын «Конезаводство» жур­налындағы «Лучшие породы киргизской лошади – адай» атты мақаласы аталмыш жылқы тұқымын өзге елдерге танытудың алды болды. Оның өзіндік ерекшеліктері, тұқым-тегі, бітім-болмысын А.К.Росляков, И.Нечаев, А.Вилькинс, И.Н.Чашкин, Ю.Н.Барминцев, Б.Садықов, А.Иманғалиев сынды зерттеушілер жақсы көрсетіп жазды. Осылайша XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ жорықтағы жойқын жүрісі, ерен күш-қайратымен ресейліктердің ықыласты назарына іліккен адай жылқысы 1941 жылы басталған екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де «көңілден де, көкейден де кетпегенін» аңғартты. Майданға күш-көлік ретінде осы жануарларды алу қажеттігі туындап, Маңғыстаудың кең даласында асау жылқыларға құрық салу дүрбелеңі басталған. Біреудің үстіне шаң қондырмай баптап ұстаған жүйрігін, енді біреудің көзден таса қылмай отырған тұлпар туар биесін, біреудің желмен жарысқан адуынды айғырын, еркелігі мен ерекшелігі сөзге ілінген бұла байтал, тай-жабағыларын иелерінің көз жасын көл ете жүріп, Гурьевке айдап, одан әрі лек-легімен вагондармен майданға аттандырған. Азаматынан бір, жылқысынан екі айырылған қалың ел қасірет құшағында қан жұтып қала берген... Photo_20Маңғыстаудан алдымен айдалған 480 бас жылқы, барлық алынған 3000-ға жуық қылқұйрық қай майдан даласына тарыдай шашырады? Қайсысы қандай жұмыстарға жегілді? Араларында ерекшелігімен көзге түсіп, мадақ-марапатқа ие болғандары бар ма? Соғыста нешеуі оққа ұшып, нешеуі аман-сау қалды. Одан кейінгі тағдырлары нешік? Оның бәрі соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердей әлі белгісіз күйде... Тек, адай жылқыларының ол жақта да абыройын аласартпағанының айғағы – генерал Д.И.Городовиковтың атал­мыш жылқылардың қадірі мен қа­сиетін жоғары бағалап, Маңғыстау тұр­ғындарына ризашылықпен хат жолдауы. Соғыста Кабардин-Балкар елінде, Нальчик қаласында  зеңбірек сүйрейтін аттарға күтуші болған маңғыстаулық аза­маттың адай жылқыларын көріп, оларды әскерилердің ұзын арқанмен ноқталап, қамшымен төпелей ұрып жуасытқанына көңілі толмай, ауыздықты жүгенмен  бас білдіріп, қазақы дағдымен жуасытып берген естелігі бар. Бұдан айтпағымыз, бүгінгі кабардин жылқысы деген атаумен аузына құс тістеп, бүкіл бір елдің атағын аспандатып, абыройын асырған мақтаулы жүйріктер соғыстан тірі қалған, түрікмен елін жаулау кезінде патшалы Ресейдің әскерлері мініп кеткен адай жылқыларының ұрпақтары немесе олармен қан араластыру арқылы алынған тұқымдар емес пе екен деген ой туындайды. Бұл ой  жатса-тұрса жылқы, оның ішінде адай жылқысының қамын күйттеп, өткенін түгендеп, болашағын ойлаумен кеткен марқұм Сәбит Әбішұлы ағамыздың, өзге де ат жаратып, жүйрік баптаған сейістердің немесе жылқы саласына ден қойған мамандардың кеуде түкпірінде жатқан арман-ой... Иә, жүріске шыдамай, адай жылқыларына айырбасталып, жергілікті халықтың қуырдағына айналған кабардин жылқыларының шамасы Хиуаға жорық кезінде белгілі болды емес пе?.. 1943 жылы одақтық деңгейде мемле­кеттік Гурьев асыл тұқымды адай жыл­қысын өсіретін мекеме ұйымдасады да, аталмыш «Госплемрассадник» тізгіні ті­келей Мәскеуге, Кеңес Одағының маршалы С.М.Буденныйдың қарамағына беріледі. 13 жыл жұмыс жасап, жылқының қадір-қасиетін білетін білікті басшылар мен бі­лімді ғалымдардың назары ауған аталмыш мекеме адай жылқысының дамуына, ғылыми негізделуіне, өткен-кеткен тарихын зерделеуге қатысты біраз шаруаның басын қайырған сәтті жұмыстардың ұйытқысы бола алған. – Госпелмрассадниктің қызметтік орны шын мәнінде сол кезеңдегі Маңғыстау түбегіндегі екі аудан үшін ауыл шаруа­шылығы, оның ішінде жылқы, түйе мәсе­лесімен атбасын тірейтін, сондай-ақ күн тәртібіндегі келелі істің тұздығын әзірлейтін негізгі орынға айналды. 1956 жылы өз қызметін амалсыз тоқтатқан аталмыш мекеме адай жылқысының асылдануы мен өсіп-өркен жаюына,  жылқы бақташылары мен мал мамандарының тәжірибе жинақтап қалыптасуына кәдімгідей мұрындық және айтарлықтай қозғаушы күш бола білді. Не заманнан бері ата-баба жолымен ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасқан маңғыстаулық жылқы өсірудің сан қырлы әдістемелері  тек қана табиғи іріктеу, сұрыптаумен шектелмей сәтіне қарай адамның ақыл-ойымен жетіскен ғылымға келіп ұштасты. Орал, Атырау тәжірибе стансаларына таңдаулы адай жылқылары топтас­тырылып, оларды жоғарыда ай­тылған таза қанды ағылшын және араб жылқыларымен салыстыра сынақтан өт­кізу, одақтық және облысаралық жиі-жиі көрмелер ұйым­дастыру күн тәртібінің қалыпты ша­раларының біріне айналды, – деп жазады «Тұлпардың тұяғымен өрілген тарих» атты еңбегінде ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, ұзақ жылдар осы салада басшылық қызметте болып, асыл тұқымды мал шаруашылығы ассоциациясын басқарған, адай жылқысын зерттеп-зерделеуде орасан тер төккен Сәбит Әбішұлы. Кейін үзіліп қалған үрдіс біраз жыл­дар бойғы үнсіздіктен кейін 2011 жы­лы жалғасын тапты. Бұл жылы сол кез­дегі Маңғыстау облысының әкі­мі Қ.Кө­шербаевтың қол­дауымен,  Қазақ­стан Республикасы Ат спорты фе­­де­ра­циясының вице-президенті С.Буй­ке­вичтің директорлығымен адай жыл­қылары мемлекеттік сынақтан өтіп, алыс қашықтыққа шабудан бақ сынады. Бәйгеге қосылған 37 аттың 23-і 90 шақырымдық жерді сыр бермей шауып өтіп, алыс қашықтықты игеруге мүмкіндігі бар екендігін дәлелдеді. Сәтті өткен сайыс аламан додаларға, әлемдік талап дең­гейіндегі жарыстарға жол ашты. Бір айдан соң Алматыда өткен Азия ойындары чемпионатындағы Қазақстан халықтары III спартакиадасында адай жылқылары 90 шақырым қашықтықта бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленді және іріктеліп шыққан Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан  тұлпарларымен алаңда тоғысты. Өзге аттар бір сағатта 12 шақырым, ал Маңғыстаудан барған жылқылар осы уақыт мерзімінде 17 ша­қырым шауып өтіп, абырой биігінен көрінді, тағы да үш бірдей медальды өзара иеленіп қайтты. Сол жылы шыжыған шілдеде Ресейде өткен ТМД елдері Кубогы сайысында адай жылқылары  кубоктың оның алдындағы жылғы иегері Ресейдің өзін артты қалдырып, жүлдені Қазақстанға алып оралды. Сол жылы күзде Норвегия, Польша, БАӘ, Мәскеуден халықаралық дәрежедегі төрешілер мен мал дәрігерлерінің арнайы келіп қатысуымен Кендірліде өткен 120 және 80 шақырымдық жарыстарда да адай жылқылары үмітті ақтап, күткен биіктен көрінді. 2012 жылы Ақтауда болған 120-80 шақырымдық сайыс­тарда аталмыш жылқылар барлық жүлдені Маңғыстауда қалдырды. Халықаралық сарапшылар бұл жануарлардың мүмкіндігін  жоғары бағалап, таңданыстарын жасырмай аттанды, шабандоздардың шеберлігі жетіспей жатқан тұстарды да жасырмай айтып, олқылықтардың орнын толтыруға кеңес берді. Қазақстанның Көк байрағын желбіретіп, елімізді алысқа танытар аламандар алда болар деп ойлаймыз. Бірақ, Көк байрақты көкке көтерген спортшыларымызға бөлінетін көңіл мен көрсетілетін құрмет тұяғының желі бар, өзгелер таңдай қаға тәнті болған жылқыларымызға көрсетілмей келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңіс мерекесінің 70 жылдығы тойланар күн алыс емес және бұл мерекелерге арналған дайындық жұмыстары мен бірқатар үлкенді-кішілі шаралар басталып та кетті. Тарихы ел тарихымен қабыса астасқан, тамыры тереңдегі адай жылқысы туралы айтылатын әңгіме де, сыр мен тарихи эпизодтар да жеткілікті. Оның бәрі бір мақала көтеретін жүк емес. Осы орайда бейбіт күнде адал еңбекке араласып, ел басына күн туған алапаттан тыс қалмай соғысқа аттанған, бүгінде тәуелсіз елдің даңқын алысқа асырған адай жылқыларына арнап ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, жоқты түгендейтін іргелі істерді қолға алу қажет-ақ. 2013 жылы «Өзен-Түрікменстан теміржол құрылысы аяқталып, кең көлемде ашылу салтанаты өтті де, осы шараға қатысушылар легімен түрікмен шекарасынан әрі асқанымыз бар. Ұлттық брендіне айналған кілемдерін бірнеше шақырым жерге дейін тұтас жайып, аяғымызды жерге тигізбеген ағай­ындардың ұлттық құндылықтарға беріктігіне тәнті болған едік. Ұзыннан-ұзақ шұбалған көрме-жәрмеңкелерінде әйгілі ақалтеке жылқысының суреті бейнеленіп, тарихы жазылған танымдық кітапшалар, жарнамалық  буклеттер мен дискілерден  көз сүрінеді. «Тұқымы ел асып кетпесін» деп асыл текті жылқысының бір құлынын да жатқа бермейтін, берсе де тұқымы жайылмайтындай етіп ақтап ұстататын ата дәстүрлеріне адал түрікмендер айтулы жылқылары мен кілемдерін алдына ұстап, өздерін осы мұраларымен бірге танытып келеді. Біздің қымыз, шұбат, қазы-қарты, қазақы төбет, тазы, қазақтың киіз үйі мен күй-жыры сынды мәдени-рухани мұраларымыздың қатарында адай жылқысы да ұлықтауға молынан тұратын байлығымыз. Бірақ, іркіліп келеміз. Себебі, жайбасарлығымыз ба, салғырттығымыз ба, әлде... жылқының белгілі бір рудың атын иемденуі трайбалистік тосқауылға тіреді ме? Бірақ, адай жылқылары рудың емес, Қазақ елінің Көк байрағын жамылып, еліміздің атын аспандатып жүр емес пе? Соғысқа алынып, кеңес әскері сапында шайқасқанда «кеңес» деп аталсын демеген еді ешкім... Ұлты, діні, тегі, Отаны басқа легионер спортшыларға аста-төк мейірімділігіміз өз жылқымызға келгенде таусылып қалатыны бар. Осы тоң жоғарыда аталған мерекелер аясында жібіп, барымызды бағалай білуге бастама болса дейміз. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.