
Тұңғыш қыздары жүгіріп жүрген кезінде үйдің іргесіндегі арық суына кетіп шетінеген, одан кейін қос бірдей ұлдары отызыншы жылдар нәубетінің құрбаны болып, жарық жалғанмен қоштасқан соң шешесі марқұм қайғыдан қан жұтып төсек тартып, қатты жығылса керек. Ол кезде дәрігер атаулы таптырмас уақыт. Әке ауылдың дәупері молдасы Жекен ақсақалға «кітап аштырады». «Әй, інім-ай, зайыбың қайғының қара қазанына түсіп кетіпті. Адам болса да барып-барып, кемі төрт-бес жылдан соң ғана болар. Егер Алла алқұлымдап, беті бері қараса, Жаратқан алған үшеудің орнына біреу берер. Көңілдеріңе демеу, тіршіліктеріңе тіреу болар сол перзенттерің. Әумин!» деп бетін сипапты жарықтық...
Шешесі бес жыл төсек тартып жатып сауыққан соң, қырықтан аса беріп ұлды болыпты. Әкесі: «Кәрі бие құлыны табанынан тас батса, маңдайынан күн өтсе алты күнге жарамас, тіршілігіміздің тірегі болмаса да ортасына кәдірлі болсын» деп ырымдап, есім беріпті. Үш перзентінің төлеуі болып дүние есігін ашқан ұлды еркелетіп, шолжаңдатпайтын. Бірақ өмірінің соңына дейін беттен қағып, дауыс көтеріп те көрмепті. Тек бір-екі дүркін ғана ренжігені Ұлдың есінде қалыпты...
Соғыстан соңғы жылдары ұжымшар қойшылары «меншік мал» дегенді білмейтін заман. Орталықтағы мектептің бірінші сыныбында он-он бес күн кітап бетін ашқанымен, тауда қалған әке-шешені сағынып, өгіз мінген бір жолаушыға ілесіп, таудағы қойшы ауылына қашып келген екен.
– Жалғыз ағаң аурудың кесірінен бастауыш мектептен кейін оқи алмай қалды. Сенен бірдеңе шығып қара тани ма деп едім, сораңды сорғалатып келісің мынау. Әй, балам-ай, тұқым-тұяғымызбен қойшы болу пешенемізге жазылған шығар. Ана жалғыз құнажынды ертеңнен бастап қыстау маңына жаясың, – деп тапсырмасын да берген. Бұл – ұлға деген алғашқы реніші еді. Бәлкім, дауыс көтеріп, ұрысса бұл оқиға есте қалмас па еді.
Ұл бағуға тиісті қызыл қасқа құнажынды әкесі мал басын шығынсыз сақтап, көп төл алғаны үшін ұжымшар басшылары жүлде деп берген екен. Ол алғашқы меншік малдың басы болмақ.
Жалғыз құнажынды қыстау маңына құйыршығынан ұстап жүріп жаюға ертеңіне-ақ құлшына кіріскен. Олар – екеу. Жанында мал дәрігері көршілері Қажытайдың өзі қатарлас балдызы Қабди бар. Ол мүйізі шаңырақтай қоңыр сиырдың бақташысы. Екі күн міндеттерін мінсіз атқарып, сүзбе қатығы бар арпа көжелерін адалдап ішкен. Бар пәле үшінші күні басталды. Қазір бұл дүниеде жоқ Қабди марқұм қиыстырып өтірік әңгіме айтуға шебер. Екі сиыр арқан бойы жердегі қолаттың бетегесіне сұғынған. Қабди әңгімесін сабақтайды.
– Қозыларымды өргізіп келе жатқанмын. Астыма мінгенім арамза туған үлкен қызыл қозы. Бір кезде өргізіп келе жатқан қозыларым үркіп, өзіме қарай лап қойсын. «Шайт-шайттап» мен де ұмтылдым. Өлі жүні әлі түспеген бір қаншық қасқыр қозының біреуін арқасына салып алып безіп барады. «Таста-таста!», деп қызылымды тебініп қалып бастырмалата жөнелейін. Ақ бауыр сойылым жетер жерге келсе, шөкөлетіп ұрмақпын... – Әңгімесі түп тамырынан шындықтың ауылынан тым шалғай жатса да, досы: «Міне, жігіт!», деп қолтығына су бүркіп қояды. Бір кезде Қабдидің:
– «Ойбай, ананы қара!» – деген даусы үрейлі шықты. Ұл екі сиыр жаққа жалт қараса, екі қасқыр қарсы жотадан асып, құйындата жортып келеді екен. Екі сиыр да тағыларға үдірейе қарап тұр. Қоңыр айбат шеге өкіріп, мүйізін тіктеді. Қызыл қасқа сасқанынан қоңырдың қалқасына тығылды. Қабди екеуі де шырылдай айғайлап, орындарынан атып тұрған. Бірақ қасқырлар екеуінің айғайлары мен бай-байларын елең қылмастан қызыл қасқаның екі бүйіріне жармасқан.
Әйтеуір, қыстау жақын. Олардың үрейлі дауыстарын естіген ұлдың шешесі мен Қабдидің әпкесі Күләш та бұларға қарай жүгірген. Олар жете бергенде қос көкжал асықпай сөлең қағып, шегіне берген. Бірақ бір отбасының меншік басы болады деген қызыл қасқа құнажын басын тоқпақтап, ақтарылып қалған ішек-қарнының буы бұрқырап жатыр еді. Қозысын ала қашқан қасқырды ақ бауыр сойылымен шөкелетіп тастамақ болған батыр жігіт қолындағы таяғын лақтыруға да ерлігі жетпей, оңған шүберектей болып қалшиып тұрды. Бірақ әке ренжіген жоқ. Е, «Шығасыға – иесі басшы» деген ғой. Екі сиырды отарға қосып жайып жүр едім. Сені қарап жүрмесін деген өз ойым қате болыпты. Қайта адал алып қалғандарың олжа» деді де қойды. Бірақ әлі сөз төркінін ұға бермейтін жаста болса да ұл құнажынның ажалына мектептен қашып келген өзінің себепші болғанын сезген еді.
* * *
Меншік басы болады деген құнажынның су ішерлігі осылай тәмамдалса, ұсақ меншік малдың пайда болуына ұлдың тағы да себепші болғанын әке де жиі еске алар еді.
Жалғыз ағасы көкесінің үгіт-насихаты, тіпті күштеуінің нәтижесінде келер оқу жылы «қайтып көрмесем екен» деген орталықтағы мектепке оралып, бастауыш сыныпты, тіпті озаттар қатарында тәмамдап келген жылдың жазы болатын. Әкесін демалдырып, түстен кейін отарды көш жолының бойына өргізген. Сауырдың ұшар биігіндегі ұлы жайлауды жайлайтын екі шаруашылықтың жиырмадан астам отары көшіп болған. Аспан кезген ақша бұлттай шоқ-шоқ қып айдайтын көп отарлардың, сиыр табындары мен жылқы қосындарының жалғыз сүрлеуі осы жол.
Еңістеп, терең шатқа қарай кетіп бара жатқан отардың алдын қайтарып жүрген ұл қалың бүргеннің ішінен маңыраған лақтың даусын естісін. Келсе, туғанына оншақты күннен аса қоймаған аппақ жас лақ. Бір бақайы айырма болып, ісіп кетіпті. Отарларында мұндай лақ жоқ еді. Өзі әбден ашығып, бұратылып қалыпты. Шөпектеп, емшек іздейді. Кешкілік олжа лағын үйге көтеріп келген. Әке:
– Көшкен қойшылардың біреуінің малы ғой. Іздеп келсе ала жатар. Әзірге аяғын емдейік, – деп брезенттен тігілген дорбаға креолин ерітіндісін құйып, ауру бақайын соған салып байлап тастады. Егіз лағының біреуі өліп қалған шаруашылық ешкісіне теліп, «өз төлі» етіп қойды.
Жайлаудың жазы жылжып, биіктерде алғашқы қар ұшқындай бастағанда жоғарыдағы жұрт қайтадан көш жолына жан бітірген.
– Балам, әрбір өткен отардың иесіне жолығып тілдес. Жайлауға шығарда лақ жоғалтқан кісіні ізде. Тауып алған мал – иесі табылмаса ғана олжа. Иесін іздемесең ол ұрлықпен бірдей күнә, – деп әке ықтияттаған соң ұл шіркін бір апта бойы етекке қарай жөңкілген көп отарларды жіпке тізгендей ғып, түгендеп шыққан. Бәрінің айтатындары: «Жоқ, айналайын, лақ жоғалтқанымыз жоқ».
Ұл кейіндері ойлайды ғой: «Кедей-кепшік болса да жұрттың жандары қандай таза еді. Пайда болсын, ала қояйыншы дейтін бір де бір жан болса екен-ау... Ал әке адалдығы, пешенесіне бұйырған бар-барын қанағат ете білуі, бөтеннің ала жібін аттамау керектігін ешқандай үгіт-насихатсыз ақ өз әрекет-ісімен көрсетуі, бәлкім ұлдың да өмірлік ұстанымы болған шығар» деп...
Сол ақсақ лақтан басталған меншік мал басы ұлы орта мектепті тәмамдап, әке-шеше зейнетке шығып, орталыққа отырықшылық тіршілікке бет бұрған кезде көз тоқтап, көңіл тоғаярдай ірілі-ұсақты мал басы болып қалған еді.
* * *
Адамгершілік дейтін ұлы қасиеттің алтын қайнары адалдық дейтін ұғымда жатқанына ешкім де шәк келтіре қоймас. Әкенің ұлға деген екінші ренішін, сонысымен-ақ адалдық атты ең биік адами қасиеттің ұлдың бүкіл болашағына сабақ болған өмірдегі өте бір елеусіз ғана оқиғаға тоқтала кеткен жөн болар.
* * *
Қойшылар отарларының жабағы жүнін түсіріп, тоғыту дейтін шаруаны тиянақтап болып, жайлауға дүр көтерілуге даяр отырған. Әр қойшының жайлаудың қолат-қойнауларында меншіктеп алған өз жұрттары бар. Оған ешкім таласпайды. Күн ысып, көк шалғын жетілген тұста кісілерді айтпағанда қойлар тауға қарап маңырап, сиыр-жылқы жайлауға қарай жорта жөнелуге даяр тұрған шақ. Тек жұртты көшіретін фермадағы айналдырған төрт-бес түйенің, үш-төрт өгіздің, яғни жүк көліктерінің кезегінің келуін күтуге тура келеді. Бір отбасының аз жүгін артуға бір түйе, бір өгіз жеткенмен, көшуге тиісті біраз үй болғандықтан, бір-екі апта кезек күтуге тура келетін.
Жоғарғы сыныптың шәкірті атанып, азамат болып қалған ұл жұртты көшірісіп, көліктерді ендігі көшетіндерге айдап әкеліп жүрген. Түйелер мен өгіздерді қара жолмен айдағанмен, түнде-түнде ғана жайылатын жануарлар қарындарын толық қанағаттандыра алмаған жиек шөптерге ұмтылып, жүре жайылып келе жатқан. Жол бойына ұзаңқырап кеткен жапырық сары атанды қайырмалап жүргенде ұл қалың бетегенің ішінде жатқан қарала арқанды көріп қалсын. Атынан қарғып түсіп, арқанды тартып көріп еді оның екінші ұшының бір түп шидің сақалына байланғанын көрді. Ойланып тұрмай шешіп алсын. Он екі-он үш құлаштан асатын, ешкінің қылын қосып ескен жап-жаңа қарала арқан. «Көшкенде басқалардың арқанын сұрап әуре болатын әке-шешем бір қуанатын болды», деп ойлаған ұл олжасын бөктеріп алсын.
– Әке, жап-жаңа арқан тауып алдым, – деген ол үйге жеткен бойда.
– Өй, табыскер құлыным-ау, қай жерден тауып алдың? Ертең жүк артқанымызға жақсы болды. Иесін жайлауға барған соң іздестірерміз, – деп әкесі ұлға сүйсіне қараған.
– Ту-һ, өзі нағыз шебердің ескен арқаны екен, – деп шешесі де ұлдың олжасын тамашалап тұрған.
– Анау Мәтібұлақтың жазығынан таптым. Бір ұшын шидің сақалына мықтап байлап қойыпты. – Ұлдың ойында ештеңе жоқ, мақтана сөйлеп, әке сұрағына жауап берген.
– Е, мен сені ақылды азамат болып өсіп келеді десем, ештеңенің байыбына бара бермейтін алаңғасар, пайдакүнем пенделердің бірі ме едің?! Бұл Мәтібұлақтың бойында отырған Қожахан қарттың атын арқандап жүрген мүлкі ғой. Мен біреудің түсіріп алған дүниесі ғой деп ойлап едім. – Әкенің жаңа ғана жүзінен білінген ризашылықтың жылымығы бірден салқын тартқан. – Бар, қазір атыңа мін де Қожекеңнің үйіне барып, арқанын өз қолыңмен тапсырып кел. Шыныңды айтып, кешірім сұрауды ұмытпа.
– Түн ішінде баланы бір көштік жерге қуаламай-ақ ертең көшіп бара жатқанда берсек те болады ғой, – деп шешесі қарсылық айтып көрген. Бірақ әке шешімінен шегінер түр көрсетпеді.
– Барады. Қазір аттанады. Бұдан былай көлденең жатқан иесі бар дүниеге көз салмайтын болады...
Түн ортасы ауа Қожекең атасының үйіне жеткен ұл бар шындықты айтып, кешірім сұраған соң атасы:
– Әй, сенің әкең де қызық кісі-ау. Түн ішінде сені қуалағанша ертең-ақ берсеңдер де болар еді ғой, – деп кеңк-кеңк күлген...
Бірақ үйге қайтып келе жатқан ұл кеудесінің бір түрлі жеңілдегенін сезінген. Өкініштің, ұяттың, реніштің орнына адалдық атты ұлы қасиет жолындағы бір қадам алға жылжығанын сезіну рахаты еді ол.
* * *
Әке науқасының дендеңкіреп кеткенін естіген ұл бастығына кіріп, кезекті еңбек демалысын ертерек алып, еліне асығыс аттанған. Жұмыс бабы, тіршілік қамы деп, жырақта жүріп, түтін түтетіп кеткен ұл әкені қанша сағынса да, оның қартайған шағында шегінбес дертке душар болған жай-күйін қанша уайымдаса да аяғы тұсаулы, қолы байлаулы жандай күй кешетін.
Ұлының келіні мен немерелерін ертіп келгенін көрген әке бұл жарық жалғанға, жаратушыма да өкпе-ренішім жоқ дегендей қуаныштан қайта қунағандай күйге түскен. Немерелерін мейірі қанбай аймалап, иіскеп болған соң төсек тартып жатқан қарт үлкен ұл мен келінді, басқаларын да таңғалдырып ұлға бір ұсыныс айтқан.
– Ұлым, мені үйдің артындағы төбенің басына бір шығаршы. Ата-мекеніме тағы бір көз салайын, – деген.
Олар тас лақтырым жердегі жайдақ төбенің басына әрбір екі адым жүрген сайын демалып жүріп, сүт пісірімдей уақытта әрең жеткен. Тағы бір сүт пісірім уақыт өткен соң ол өлшеулі өмірі туралы қатал үкімдей болып естілген: «Бұл төбеге соңғы рет шығып отырған болармын..» дегенді айтқан. «Ауырған кісі жазылар, бұл төбеге өзіңіз-ақ талай шығатын боласыз», деген сияқты ұл сөзіне ол жылы жымиды да:
– Отыр, балам, әңгіме айтайын, – деген.
Ол әңгімесін тым әріден бастаған. Екі жасқа толар-толмаста ішкеніміз – артымызда, ішеріміз алдымызда деп, шалқып отырған жұртты ойда жоқта қара дауылдай соғып өткен оба дерті айналасын отап кеткенін, біраз ағайынмен бірге әке-шешесі мен ата-әжесін де құрбандыққа шалып, айрандай ұйып отырған отбасын ойрандап кеткенін әңгімелейді. Тұлдыр жетім қалған екі ұл, екі қызды немерелес Дәулетжар дейтін ағайыны қанатының астына алғанын әңгімелейді. Кейіндері есептеп отырса, Шығыс жұртының денін жалмап кеткен 1897 жылдың шамасы. Барша жұрт құрметтеп, Дәкің атандырып кеткен сол ағайыны жетімдерді жебей жүріп үшеуін үй ғып үлгеріпті. Өз ұлы Түсенмен бірге бір елге құда түсіп, немерелес қыздарының біріне үйлендіріпті. Сөйтіп, жетім болса да ағайынның арқасында үй болып, отау тігіпті.
Дәкің марқұм дүниеден көшерде туған-тумаған ұлдарын жинап алып, өсиет айтса керек. «Ала жіп аттағандарыңды адам көрмесе де Алла көреді. Пайда да табыс. Табыс еңбекпен, адал жолмен келсе ғана бойға жұқпақ. Өзгенің есебінен мал таппақ – пайда емес, пайдакүнемдік. Бұл да ала жіп аттау. Екінші айтарым, атаң қазақ үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығарады. Барыңды жақының ғана емес, жатыңмен де бөліс. Ырыстарың ортақшыл болса, қайыры қайтар өзгеден» депті. Әке орнына әке болған адамның осы өсиетін өз өмір жолының темірқазығы ғып ұстаныпты. Өзі ғана емес, шешеміз екеуі тіршіліктерінің заңы ғып алыпты...
Барлар датталып, жоқ-жітіктер мақталған заман келіп, оның соңы бай дегеннің барын сыпырып, өздерін итжеккен айдайтын кезең туып, ағайын жұрт «Ел айрылған» күйін кешіп, қақ жартысы ала баған асатын үркіншілікке ұшырапты. Елде қалған қара сиыр, бөрте ешкінің қамын жеп отырған жоқ-жітікті мойынсерікке топтастырып, аз малдарын тартып алыпты...
Сонда да бұлар Дәкің әкелерінің өсиетіне адалдықтарынан танбапты.
Оның соңы мойынсеріктердің ыңыршақтары мойындарына кетіп, ұжымдасқан шаруашылықтар шайқалып, ұлы нәубет басталыпты. Сонда ғой, қайталап соққан обадай жұрттың біразының ақсүйекке айналатыны.
Шешелері шиеттей балаларын ашаршылық деген аждаһаның тырнағынан аман алып қалу үшін заманында төркінінен келген құс төсек, құс жастық, басқа да асыл бұйымдарын арқалап екі көштік жердегі Ертіс жағалаған балықшыларға жаяу тасып, екі-үш шортанға айырбастайды екен. «Көрші-ау, балаларым нәр сызбай өлгелі жатыр. Әкеле жатқан балығыңнан беріп кетші, құдай үшін», деп жалбарынған іргелестеріне бір-бірден береді екен. Екі ұлынан айрылса да адамгершіліктен айни алмапты...
Иә, олар заманның беті бері қарап, ел ес жия бастаған тұста да байлық, барлық дегенді білмей өмір кешіпті. Бірақ өздері баққан қойдың сүтінен жинаған құрт-ірімшігі мен сары май, сүзбесін қонақтары мен ағайыннан аямапты. Бәрімен де бөлісіпті. Олардың бұл қамқорлығын қан майданнан азаматтары оралмаған жетім-жесірлер ұмытпайды екен...
Төбе басында отырған кезде ұл: «Әкей шіркін мұның бәрін неге айтып отыр екен?» деген ойға келген. Оның осы ойын оқып қойғандай ол сөз түйінін тарқатқан. «Балам, – деген ол ұлдың бетіне сынай қарап. – Балам, өзің біреулерге ақыл айтпасаң, біреуден ақыл сұрамайтындай болып ержеткендейсің. Менің дәмегөй көңілім осылай топшылайды. Екі ұлға мұраға қалдырар өсиеттен басқа байлығым жоқ. Ағаңның қорасындағы аз ғана мөңірегендер мен маңырағандарға қайсыбір тексіздер сияқты еншілеспін демейтініңе кәміл сенемін. Сенің еншің алған ілімің мен жиған-терген білігің. Соларыңды кәдеге жарата біл...
Дәкің атаңның өсиетін де жадыңа тоқып, өнеге тұт.
Бұл төбе басына енді қайтып шыға алмаспын, білем. «Олай болма, былай бол» демей айтқан өмір шындығынан алынған тәмсілдерім ертеңіңе сабақ болсын деп едім...
Сенің отыңның басын көруді Жаратушым маған жазбаған шығар. Шешеңнің жұртына беріп жүрсе де ортаймаған сиқырлы дастарқаны туралы да келініме айта жүрерсің...
Жарайды, балам, күн желеміктеніп бара ма өзі, мені үйге жеткіз» – деп орнынан тұруға бейімделді.
* * *
Бұл ұл мен әкенің соңғы дидарласып, соңғы сұхбаттасқаны екен...
* * *
Осыдан біраз уақыт бұрын ұл құстың сүтінен басқаның бәрін де табуға болатын Алматыдағы алып базарға барған. Жеміс-жидегін жәшігімен көтеріп әкеліп машинасына салды. Алдымен немерелерін қуантпақ. Қол сөмкесін машинаның алдыңғы орындығына тастай беріп көлігін от алдырған. Сол кезде мұрты жаңа тебіндей бастаған жас жігіт келіп терезені қаққан.
– Аға, машинаңыздың артқы доңғалағынан жел шығып жатыр ғой, – деген өте бір кішіпейілділікпен. «Жаңа ғана сау тұрған доңғалаққа не бола қалды?» деген оймен ұл жүгіріп машинаның артына барған. Су жаңа доңғалақ бүйірінен тілініпті. Дәл осыны күтіп тұрғандай екінші бір жас жігіт пайда бола кеткен.
– Аға, қосымша доңғалағыңыз бар ма еді? Келіңіз, көмектесіп жіберейін. – Ол жүк қорабынан қосалқы доңғалақты шығарысты да, – Өз машинамның көтергішін әкеле қояйын. Қазір келем, аға, – деп жүгіре жөнелген. «Апыр-ау, мына жігіттердің жүздері таныс қой. Е, жаңа жеміс алып жатқанда мұның әмиянындағы ақшаға қарап тұрғандар болмасын». Ол жүгіріп алдыңғы есікті ашып қарағанда сөмкесінің жым-жылас болғанын көрді...
* * *
Көшеде жалғыз өзі аяңдап келе жатқан. Әп-әдемі киінген жігіт ағасы күлімсіреп келіп сәлем берген. Ұл танымаса да өз «ұмытшақтығына» ренжіп, өзі де ұсынған қолды алып хал сұрасқан.
– Ағасы, мен көрінгенге көз сүзген сұраншақ немесе қайыр сұрайтын тілемсек те емеспін. Сарыағашқа барып демалып келе жатыр едім. Барлық құжаттарым мен қаржы атаулымды осы қаланың қуларына жымқырттым. Өңің жылы азамат екенсің. Еліме, Үшаралға жететін үш мың теңге бер. Телефоныңды жазып бер. Бір келгенде рахметіммен қоса қайтарамын, – деді бейтаныс. «Өңі жылы азамат екеніне» өзінің де көзі жете түскендей болған соң ба, әлде қиын жағдайға душар болған кісіге жақсылық жасайтынына көңілі көншіді ме, ол сұрағанын суырып беріп, өз-өзінен марқайып кете берген.
Ол оқиғаны ұмыттырып, арада бірер жыл өткен.
– Ағасы, мен көрінгенге көз сүзген сұраншақ немесе қайыр сұрайтын тілемсек те емеспін.
Өзі де бұл күнде саркідір тартып қалған ұл ескі танысын тани кеткен.
– Сарыағашта демалып, Үшаралға жете алмай тұрсыз ғой... – деп, танысының айтпағын ұлдың өзі жалғастырған.
– Ой-бу, ағасы-ау, сізден алашағымды алып қойып па едім? Құдай үшін ренжи көрмеңіз. Нарықтың заманында қарық болып өмір сүру қиын болып кетті ғой.
Екеуі өз жөндеріне кеткен. Бірақ екеуі екі түрлі ойдың құрсауында бара жатты. Бірі алдауға көне кетер жұрттың азайғанына ренжісе, бірі кісілік келбетін жоғалтқан жандардың тым-тым көбейіп кету себебіне жіп таға алмады. «Әлде заман өзгерді, әлде адам өзгерді?! Бәлкім, қоғам дейтін түсініктің негізгі арқауы жеке-жеке жандар сапасызданды ма?! Бесіктен бастап азамат болғанша бойларын кісілік, адамгершілік нәрімен суаратын Әкелері болмағаны ма бәрінің? Айта берсе, тіршілігінде көп алданып, көп арбалыпты. Тиесілі ырысын тартып ішкен немесе жымқырып жеген тексіздерді де біраз көріпті. Қайсыбірін айтсын?! Осылардың барлығы үшін әр отбасының бас иесі әкелерді кінәлау керек пе? Бәлкім, кісілік жолды тәрк еткендердің өздерінің әкелері де әкелік парызды ертерек ұмытқан болар...
Ұл осындайда әке бейнесінің мәңгілікпен ұштасып кеткеніне жарты ғасырдай бұрын уақыт керуені өтіп кетсе де сол бір асыл бейнені жүрегінде тірілтуге тырысар. Тырысар да өзін әке орнына, ата орнына бір сәт қойып: «Осы мен ұрпағыма қандай ісіммен өнеге көрсете алып жүрмін?» деген үлкен сауалға маңдай тірер еді.
Әкеге деген сағыныш па, әлде бір сәтке болса да балалық шағын еске алу ма, әлде ұрпақ тәрбиесіндегі ақаулардың шешімін іздеуден туындады ма екен – бұл жазбаның мақсаты. Оған ұлдың өзі де жіп таға алмаған. Әкенің Сегізбай, шешенің Бәти, ағаның Қыдырбек дейтін есімдері де айтылмапты. Ал ұл деп бейнеленген өзім едім, мен –
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Алматы.