(Бүгінгінің ертегісі)
Астанадағы орталық мемлекеттік мекемеде қызмет істейтін Әділжан бір бөлмеде жігіт ағасымен бірге отырады. Есімі – Қалдылы. Әйелдің немесе еркектің ныспысы екені белгісіз. Ернінің үстінде үлкен қалы бар, құлағы түрік кісі. Ол бәрібір естімегендей таңертең Әділжанның сәлемін алмайтын. Жұмысқа қабылданғанына бір ай уақыт өтті, жағымсыз иіс кеулеп тұрады бойынан. Әділжан келім-кетім адамдардан ұялып, терезенің желдеткішін саңылаулатып ашып қоятын болып жүр. Алғашқы күні танысып-білісуге ойы кетті.
–Аға, бір мекемеде, бір бөлмеде табыстық. Жөн сұрасқанның айыбы жоқ шығар...
– Мен ешкімге есеп бермеймін, өкілетті болғаныңда тергеп-тексерерсің, – деді қарама-қарсы отыратын Қалдылы үкім шығарғандай.
Сөзінен тосылып қалған Әділжанның оты бетіне ойнап шыға келді. Бірақ кісікиік көршісі көп ұзамай өзі тіл қатып осындағы жас маман Әселдің жай-жапсарын сұрады. Сөйтті де:
– Сенің атың Әділжан ба? – деді.
– Иә.
– Е, онда түсінікті.
Ненің түсінікті болғаны жұмбақ. Кейбір қызметтес әріптестері ара-тұра Қалдылының кім екенін, қайдан келгенін қызықтап сұрап қояды. Әділжанның жауабы көңілсіз.
– Хабарым жоқ, тұйық адам. Жай-жапсар сұрассаң, мінезі тоңтеріс.
...Сейсенбі, сондай-ақ бейсенбі күндері Қалдылы Сарайшық көшесі мен Орынбор көшесі түйісетін тұста орналасқан баққа баратын әдеті. Онда демалыс күндерінің өзінде қыдырыстап жүргендер сирек. Қалдылы көп отырғыштардың бірінде әлдеқандай газетті шұқшиып оқып отырғандай кейіп танытатын. Сейсенбі күні бақтың қақпасы тұсынан қуатты құйын көтерілгенінде орнынан тұрып кетті.
– Ошаған! – деді құдыреттің аты-жөнін атағандай бет-әлпеті толқып.
Жолда шалт, шыркөбелек билеп келе жатқан әлгі құйын Қалдылының жанында кілт тоқтай қалды. Құйынмен бірге келген, әукесі салбыраған, сұрқы кеспірсіз әлдебір бейне одан қолма-қол жауап алуға кірісті.
– Не жаңалық?
– Өткендегі тапсырма жүзеге асты, оның нәтижесі көп ұзамай белгілі болар.
– Ана жастар күліп-ойнап жүр ме? Бұрын бір рет айтылды, сол екеуі сенің түбіңе жететіндей көрінеді. Жеделдетіп құтыл!
– Сөзіңді екі еткен жерім бар ма? Құп, тақсыр!
Ілезде қайта үйірілген, ысқырынған, гуілдеген дыбыс шығарған алабөтен құйын түбі қара қазандай жуан арқанға айналып, көкке шығандап кетті. Құйынды ерттеп мінген Ошаған әлдене айтуды ұмытып кетсе, заматында жетіп келетіні бар. Қалдылы ұсақ-түйек бұлттардан аспан шайдай ашылғанша, тұрған орнынан қозғалған жоқ. Қаққан қазықтай тұрды да қойды.
Бір күні өз есебі бар көршісі оның пікірін білгісі келді ме, Әділжанның алдына қойған екі бет қағазын оқып шығуын сұрады. Тақырыбы: «Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шекараның кейбір мәселелері». Зер салып қараса, анықтама, бірақ мәмілегерлікке жатпайтын сөз тіркестері бар. Екеуі қатардағы қызметкерлер әрі Әділжан бұл жігіттің баласындай жас. Кемшіліктерін көзге шұқып көрсету ыңғайсыз.
– Пысықтау керек, – деді ұсынысын білдіріп.
Сәске түсте басқарма бастығы шақыртты, Қалдылымен не себепті сөзге келіп жүргенін сұрады. Әділжан ондай ештеңе болмағанын айтты, сондай-ақ анықтамаға қатысты өзінің ойларын бөлісті. Басқарма бастығы Сейсен Қалдылының сөзін сөйлейтіндей.
– Басшылықтың тапсырмасы, алып-қосатын ештеңесі жоқ, сол күйінде бара берсін.
Әділжанның қолынан талай анықтама өтті, кейде осындай құжат жобасы негізінде тиісті елдің сыртқы саясат ведомствосына нота дайындалатын. Сауатты жазылған, бірақ бауырлас түрікмен халқымен қарым-қатынасқа көлеңке түсіретін қағаз үлкен алаңдаушылық туғызды. Ақырында департамент директорының орынбасарына жолықты, орталық мекемеде ілгеріден қызмет істейтін, білім-білігі, тәжірибесі мол Жақсыкелді қысқа қайырып сөйледі.
– Басы артық әңгіме туғызудың қажеті жоқ. Осы тақырыпқа жеделдетіп анықтама дайында. Егер әлгі қағазбен басқарма бастығы келіп жатса, министрдің орынбасары Айдын Ғанибетұлына ақпарат дайындалып кеткенін айтармын.
Әділжанның компьютерінде қажетті құжаттар рет-ретімен қатталып тұратын. Құжат тілі қалыпқа түскен уақыт, анықтаманы талап етілетін кеңсе тілінің мәнерінде бір ізге түсіріп апарып берді. Түстен кейін басқарма бастығынан жауар бұлттай түнеріп келген Қалдылының ашуланып тұрғаны көзге түсті.
– Есіңде болсын, зияныңды тигізбей жүр және ақырғы күніңді ойла.
– Кешіріңіз, қандай ақырғы күнді айтып тұрсыз?
– Ақиретте болатын күніңді.
– Ештеңе түсінген жоқпын.
Осымен қиямпұрыс әңгіме аяқталды. Іңірде көпқабатты мекеме алдында қызмет бабындағы автобусты күтіп тұрғандарында Әселмен оңаша сөйлесті. Қызды іштей ұнататыны рас, бірақ қанша сырласып жүргенінде осы уақытқа дейін көңілін білдірмепті. Әңгіме Қалдылы туралы өрбіді.
– Мен сол адамға сенбеймін. Көзінде бір өшпенділік атойлап тұр. Қолынан келсе тірідей көміп тастауға дайын.
Адам баласы туралы ғайбат сөз айтпайтын Әсел тігісін жатқызып жатыр.
– Қойшы, қайдағыны айтпай!.. Көңіл-күйі болмай жүрген шығар, кешірім сұрайтындай көрінеді маған.
Кешкі оттары самаладай жарқыраған қала. Мүлгіген түнгі бақтар жастар еншісінде. Қолтықтасқан қыз-жігіттің көңілді жүздері, бақ түкпірінде оңаша сыр шертісуі жайма-шуақ түн сүйкімділігін аша түсетіндей. Қаланы қақ жарып жатқан Есіл өзенінің жағалауында ұзақ қыдырыстап жүрді Әсел екеуі. Сахнасы су бетіне орналасқан, жарқ-жұрқ еткен жарықтары көзді арбаған концертті тамашалады. Ертеңіне түскі үзіліс кезінде көз шырымын алуға ықыласы ауған Әділжан күндегіден де өткір жағымсыз иіс шығып тұрған соң терезенің желдеткішін ашып тастаған.
Жұмыс орнында столға бетін төсеп қатты ұйықтап кетіпті. Таңғажайып түс көрді, түсіне ақ сақалды қария еніпті.
– Амансың ба, балам, жағдайың қалай? – деп сұрап жатыр.
– Жақсы, – деп жауап берді.
– Анау Қалдылыдан сақтан. Ойы Һарам. Ерте ме, кеш пе күтпеген ахуалды бастан кешесің. Кіріптарлыққа Әсел де тап болатыны анық. Түркістан қаласы ойларыңда жүрсін. Сол жер жолдарыңды ашады.
Оянса жарты сағаттай ұйықтапты. Қарама-қарсы столда отыратын көршісі көрінбейді. Әлгі түсі қорқыныш пен алдамшы үмітті қатар әкелгендей.
– Бір Құдай жар болсын! – деп уайымға түсіп кетті.
Стол үстіндегі күнтізбе парағы 21 тамызды көрсетіп тұр. Бөлмені жұмбақ тылсым жайлап бара жатқандай бір үрей пайда болды. Аяқ астында әл-қуаты құрып барады. Орнынан тұрғысы келгенімен әбілет басқандай қозғала алмай-ақ қойғаны. Әуелі саусақтары, бірте-бірте тұтас денесі көрер көзге ғайып болып бара жатты. Қараса Қалдылының орнында көктен түскендей сақалды теке отыр. Кірпік қақпайтын көздері қызметтес әріптесі екенін әйгілеп тұрғандай, ерні үздіксіз жыбырлап әлдеқандай дұға оқып жатыр. Аяр үн уытымен шайға салған шақпақ қанттай еріп кеткен Әділжан шыбын жаны көк кептерге айналып, терезенің желдеткішінен ұшып шықты.
Сыртта қызметтес әріптесі, жолдас-жоралары арасында Жүдеу атанып кеткен, кебеже қарын Мұратбек әлдекіммен сөйлесіп тұр екен. Сол құтқарып қалатындай жанына ұшып келісімен иығына қонуға әрекет жасады. Мұратбек екі қолын жасқап, жолататын емес. Сөзі де түйеден түскендей.
– Ауру кептер сияқты ма, қалай...
Түстен кейін Әділжанның бөлмесінде тағы бір заһарлы оқиға пісіп-жетіліп жатты. Есікті қағып кірген Әсел әдеп сақтап амандасты.
– Сәлеметсіз бе?
Қалдылы сәлемін алған жоқ, ішкі жеккөрініші бет-әлпетіне ойнап шыға келді. Өңі суық. Қыз есіне алды, оның көзінде өшпенділік бар екенін Әділжан дұрыс айтқан екен.
– Қоңырау шалсам Әділжанның телефоны жауап бермейді. Ол өзі қайда жүр?
– Түс кезінде шығып кеткен, содан кейін көргенім жоқ.
– Қайда баратыны туралы айтқан жоқ па?
– Ол менімен сәлемдеспейді, сөйлеспейді.
– Неге олай дейсіз? Сәлемді сіз алмайтын көрінесіз ғой.
Қалдылы жауап қатқан жоқ, түнеріп үн-түнсіз отыр.
– Артық-кем айтсам кешірім сұраймын, – деген Әсел киім шкафын қарауға кірісті. Әділжанның қоңыр бешпеті ілулі тұр, сыртқы қалтасында ұялы телефоны.
– Бәлкім, шұғыл тапсырмамен жүрген шығар, – деп ойлады бойжеткен. Әселді таңғалдырғаны сыртқа шығатын есік тарс бекітіліпті. Аузындағы кілтін әрі-бері бұрап көрді, бәрібір ашылатын түрі жоқ.
– Мына есікке не болған? – деп кері бұрылғанында үш ұйықтаса түсіне кірмеген жат құбылыстан тұла-бойы қалтырап кетті. Қалдылының орнында көктен түскендей сақалды теке отыр. Кірпігін қақпайтын жанары соныкі екенін әйгілеп тұрғандай, ерні тоқтаусыз жыбырлап әлдеқандай дұға оқып жатты. Әселдің аяқ астынан әл-қуаты құрыды. Сүйріктей саусақтары, тал шыбықтай дене бітімі бірте-бірте кішірейіп, көрер көзге ғайып болып бара жатты.
– Сіз осындай ма едіңіз?!. – деуге ғана шамасы келді қыздың. Теріс оқу күшімен ақ кептерге айналған Әселдің шыбын жаны әлден уақытта терезенің желдеткішінен ұшып шықты.
* * *
...Әділжанның түсіне енген ақсақалдың жастардың кіріптарлыққа душар болатынын айтқаны айнымастан келді. Ғайыптан құсқа айналып кеткен екеуі көк жүзінде айналсоқтап қалықтап жүр. Кейде қарама-қарсы қанат қағып тұрған бойы бастарынан өткен сұмдықты жандары егіліп айтатындай.
– Саған соңғы күнге дейін сенбегеніме қатты өкінемін. Залым жан ақыры түбімізге жетті, – деді Әсел тұрғынжай шатырына қонақтап отырғандарында.
Көше толы көліктер. Биік ғимараттар тұр заңғар көкке шаншылып. Су бұрқақтары көп Жасыл бульвар бой сергітуге шақырып тұрғандай, көзге ыстық, таныс көріністер. Ақмешіт көшесінде жиі дабыл қаққан жедел жәрдем көлігі әлдеқайда асығып барады, жанұшырып. Әуелі көк кептер, оның ізін ала ақ кептер тұрғынжай шатырынан әуеге көтерілді. Содан аз уақыттан соң, бірінен кейін бірі Есіл өзеніне қарай ұшып бара жатты.
Өзеннің аңғары кең, кейбір тұсында спортшы жастар ескекті қайықтарымен жаттығып жүр. Жағалау бойында қыдырыстап жүрген адамдар, қармақтарымен балық аулап отырған бала-шаға. Жартылай суға батып кеткен ескі баржа үстінде қос мұңлық – қос кептер сыр шертісті.
– Бір жақсы үміт бар, Түркістан шаһары бағымызды ашатындай, – деді Әділжан.
– Ол қаланы неге айттың?
– Түскі үзілісте таңғажайып түс көргенмін. Ақ сақалды қария сенің де қауіп-қатерге ұшырайтыныңды, Түркістан қаласы жолымызды ашатынын айтты.
– Айдай әлем қандай суық! Сорың қалың болса, тал қармағаннан басқа не келеді?
– Уайымдама, мен саған ес болуға тырысамын. Ел іші – алтын бесік. Таң алакеуімде оң сапар тілеп, алыс жолға аттанайық!
Әлдеқайдан ұшып келген үлкен шағала баржаның екінші басына қонған, ауыр салмағы ауа тербелісінен сезіліп тұр. Ара-тұра қойтаңдап, бір-екі аттап жақындап келе жатқасын қауіп ойлағандай пікірін бөлісті көк кептер.
– Бірде таңертең тұрғын үй шатырының ернеуінде түте-түтесін шығарып, көгершінді жеп жатқан шағаланы көргенім бар. Қартайған немесе ауру-сырқау кептерді азық қылатындай.
– Шағала жыртқыш құс па? – деді ақ кептер таңғалғанын жасырмастан.
– Ойын балаларынан, мысықтан және жыртқыш құстардан сақтанғанымыз дұрыс. Қалалық бақ бой тасалауға қолайлы.
Аяқ астында дүр көтерілді көгершіндер. Бағыттары – сенбі немесе жексенбі күндері екеуі ара-тұра кездесіп жүретін орталық саябақ.
Таң алакеуімде бақ іші қоңыр салқын болатын, ал қала сырты аңызақ жел. Күн шығысымен қос көгершін мейірім мен шапағат іздегендей оңтүстікті бетке алып келеді. Бұл өңір ықылым заманнан бері әулие-әнбиелер туын тіккен ел. Жатаған, жасыл белдер, үлкенді-кішілі көлдер артта қалғанымен, ұзақ жол өнетін емес. Оның үстіне жолда үш күн бойы бет қаратпайтын өкпек жел ұйытқып соқты, ара-тұра қара нөсер төпеп жауды. Ұлытаудың сай-саласы мен тоғайын паналаған құстар күн ашылғанда қайта жалғастырды сапарын.
Бір аптадан кейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі көз ұшынан айбынданып көрінді. Қала шетіндегі қурап қалған, тұт ағашына қонақтаған Мұңлық пен Зарлық шер тарқатып әңгімелесті.
– Алдымыз қыс, содан аман-есен шықсақ жақсы болар еді.
– Бұл жақта Арқаның қысындай күн суық болмайтын шығар, – деп жатыр көк кептер. – Қанша айтқанмен Түркістан емес пе?
– Қалдылының алдау-арбауына түсіп қалғанымыз жаныма батады.
– Ешкімге алданғанымыз жоқ. Қара ниет құрбандығына айналсақ, ол біздің кінәміз емес.
Ақ кептердің сөз сипатынан өзін ақтағысы келмейтіні аңғарылады.
– Әне, ана қария бізді шақыратын сияқты. Қолын бұлғап тұр.
– Шақырса барайық. Енді жоғалтатындай ештеңеміз қалған жоқ.
Таң бозарып келе жатқан уақыт, тірі жан көрінбейтін көше тым-тырыс. Қарама-қарсы аулада өрік ағашының түбіндегі сәкіге кілем, көрпе-жастық төселіпті. Айтан шетіне қос кептер бірінен соң бірі қалықтап қонды. Тіктеліп отырған қария аман-саулықтан бастады әңгімесін.
– Есенсіңдер ме, балалар! Қасиетті орынға жеттіңдер ме?
Түскі үзіліс кезінде осы ақсақал Әділжанның түсіне еніп жүрген. Енді, міне, өңінде екі бетінен иман нұры тамып қарсы алдында отыр.
– Амансыз ба, көке! Аян сияқты түс есімде, жанашыр сөзіңіз көкірегімде сайрап тұр.
– Қадамдарыңа гүл бітсін, балаларым! Жай-жапсарларыңнан азды-көпті хабарым бар. Жолда көк қаршыға кездесті ме?
– Алғашқы күннен бастап Түркістанға келгенімізше қатар ұшты. Жол бастап отырды. Алғысымыз шексіз ол құсқа.
– Заты періште оның. Сендерге болысып жүргені ғой.
Қанатын болар-болмас қаққан ақ кептер ілтипатпен тіл қатты.
– Кешіріңіз, ата. Аты-жөніңізді білуге бола ма?
– Менің есімім Үшінші. Алайда көпшілікке мәлім лақап атым Үлкен қол. Мен – Үйлестірушімін.
Үйден жасөспірім қыз шықты. Бір басында қуырылған бидай дәндері, енді бір басына таза су құйылған ыдысты ортаға қойды. Үшінші таныстырып жатыр.
– Көк қаршыға осы қыз. Есімі Ақсары. Періште мұраты зорлық-зомбылыққа қарсы күресу, бейкүнә жандарды жұбату.
Ақсары көздері күлімсіреп қарияның жанына тізе бүкті. Үшінші жастардың қайратына қайрат қосқандай, үміт шамын жаққандай сабыр шақырып сөйледі.
– Ертең түнде Сүмбіле жұлдызы туады. Сол түні Тағдыр жазса, адам кейіптеріңді қайта табарсыңдар. Уайым мен жол шаршатады. Оған дейін ес жиып, тынығып алғандарың дұрыс.
* * *
Сүмбіле туатын түні аулада шағын алау жағылды. Үлкен қол әлсін-әлсін түсі сары ұнтақтарды отқа тастағанында алаудың жарығы ұлғайып барып басылумен болды. Ақсары екі кептердің үстіне ақ сейсеп жапқасын Үлкен қол ұзақ дұғасын оқуға кірісті. Сүмбіле жұлдызы туғанда ақ сейсеп жан біткендей қозғалысқа түсті, шынтақ бойы екі рет көтерілді.
– Сағаты соқты, енді аш! – деді Үлкен қол. Ақсары сейсепті ұқыпты түрде желпіп тартқанында қолдарын бір-бірінің иықтарына қойып отырған Әділжан мен Әсел көрінді. Анадан қайта туғандай өңдері ашық, пәк кейіпте еді. Жастар кеудесін кернеген алғыстарын қарияға жарыса жеткізіп жатты.
– Қуанышымызда шек жоқ, пірадар көке! Адам қалпыңда жер басып жүру қандай бақыт!
Сол түні екі жас ұзақ сырласты. Таңғы шықтай армандарын бөлісті, нұрлы болашаққа үміт артты. Қыз бала сұңғыла келеді. Әділжанды жарық дүниедегі қымбат адамындай көретін болғаны ғой, Әсел үлкен қуаныш үстінде жан сырын жасырмай айтты.
– Мен сені жақсы көремін!
Күн арқан бойы көтерілген сәске түсте Арқаға, Астанаға жол түсті. Сүліктей қара су жаңа көлікті Үлкен қол айдап отыр. Қара жердің үстімен емес, жайлы көлік аспанда ұшып бара жатқандай селт етпейді, көз тоқтатып қарай алмайсың шыр айналып жүйткіген төңірекке. Көкжиекте Астана шаһарының көк тіреген ғимараттары көрінгенінде зымыраған уақыт пен кеңістік сабасына түсті. Ұлы сәскеде Сарайшық пен Орынбор көшелерінің қиылысындағы бақта отырды үшеуі. Әсел көңілденіп сөйледі.
– Астана өзіне тартып тұратындай!
– Қаланың үлкен болашағы әлі алда, – деп жатыр Үлкен қол.
Аумағы үлкен бақтың кейбір тұсында бірлі-жарым адам жүр. Қаншама жылдар өтетінін кім білсін? Күндердің күнінде сол жағалаудағы осы бақ сүйікті демалыс орнына айналатындай көрінеді.
Ұзын отырғыштың сыртында Есіл өзеніне қарай созылып жатқан көкорай шалғын өсіпті. Соның арасынан шыққан ақ қоян секектеп Үлкен қолдың алдына келді, ізіне ерткен сүйкімді көжектерін көрсетуге әкелген сияқты. Жан-дүниесінің ықыласы оянған, әлдебір сөздерді күбірлеген Үшінші еңкейген бойы көжектерді кезек-кезек сылап-сипап жатыр. Ойына алғаны орындалғандай ақ қоян қалың шөптің арасында бір-екі рет құлақтары көрінгесін көжектерімен бірге жоқ болып кетті.
– Әне, Қалдылы келе жатыр! – деп Әсел дауыстап жіберді. Үлкен қол әлдеқашан байқапты, сабыр сақтап отыруларын сұрады, ақырын үн қатып. Өзіне мәлім ой үстінде келе жатқан Қалдылы қатар отырған Әділжан пен Әселді көргенінде басынан таяқпен салып өткендей қалт тұрып қалды, сөзінде ызғар бар.
– Мұнда қайдан жүрсіңдер?
Сол арада жаратылысы бір бөлек Үшінші назарын аударып әкетті. Ақ шүберектей қуарып сала берген Қалдылы қолдарын көкке созып, екі тізесіне жығылды және түсініксіз, жат бір тілде жалбарынып жатты, қара басына сауға сұрап жатқандай. Дүние кезек, ақырында жел үрлеген қап-қара ауа шарына айналған қорқынышты бейне үсті-үстіне ісінген бойы көрер жарығы таусылғандай тарс етіп жарылып кетті. Азды-көпті уақыттан кейін көше сыпырушы әйел қара шардың шашылып жатқан қалдықтарын мұқият түрде жиыстырып қоқысқа арналған жәшікке тастай салды.
Күн шайдай ашық болатын, соған қарамастан құлақты тұндырып күн күркіреді. Көп ұзамай бақтың күн батысында көтерілген қуатты құйын жолындағы жас талдардың бастарын қоғадай жапырып келе жатты. Жылдамдығы ақ сайтандай. Тап сондай құйын бақтың күн шығысы тұсында пайда бола кетті.
Екі құйын су бұрқағы тұсында кездескенінде жарық пен қараңғы айқасқа түсіп жатқандай, иә өмір, иә өлім салтанат құратындай тайыз су бұрқ-сарқ қайнап ала жөнелді. Іле-шала құрғақта жағаласқан қос құйын қоламта мен жіңішке ақ түтін қалдырды шағын гүл көшеттерінің орнында. Бақтың әр тұсында бір-бірінің көзін жойғанша тоқтайтын түрлері жоқтай.
Жақсылық пен жамандық күресі – адамзат жаратылғалы бері жалғасып келеді, ақырзаман күнінен аман сақтап келе жатқан басты себептердің бірі осы. Әлден уақытта жанталасқан құйындар байыз тапты, сейілген шаң арасынан Ақсары бой көрсеткенінде Әділжан мен Әсел алдынан шығып қарсы алды. Қолындағы солып қалған, сарғайып кеткен тікенекті ошағанды қоқыс жәшігіне тастай салған Ақсары толқып тұр.
– Ошағанның қолынан көктемей жатып қыршынымнан қиылуым мүмкін еді, Үшіншінің ақыл-кеңесі қарасты.
Бәрінің бастары қосылғанда, маңдайында көгілдір түсті, толқын сияқты теңдік белгісі бар Үшінші өмір жазы алдарында, еңбек жолын енді бастаған екі жасқа ізгі ой-ниетін білдірді.
– Бейсенбі Жаратқанның ықыласы түскен күн. Жақсы күндерің, жақсы уақыттарың көп болсын! Уайым-қайғысыз күн кешіңдер және жұмыстарыңа барыңдар қол ұстасып.
Әділжан көңіліндегі күдігін бөлісіп жатыр.
– Бір аптадан астам уақыт өтті, басшылық түсінік жазуды талап ететін шығар.
– Ешқандай түсінік жазудың қажеті жоқ. 21 тамыз күні төтенше оқиға бастарыңнан өтті, бүгін де, міне, 22 тамыз. Сағат түстен кейінгі үшті көрсетіп тұр.
– Кептер болғанымыз күні кеше, кептердің суды қалай ішетініне дейін есімде, қасиетті Түркістан жері жүрегімде. Мұның бәрі болмағаны ма, сонда? – деді Әділжан.
– Оған кімнің дауы болсын?!. – деп орнынан көтерілген Үлкен қол қоштасу сөзін айтты.
– Аман-сау болыңдар, қарақтарым! Ой-ниеті түзу адамдар өмірден іздегендерін табады, бақтарың ашылсын!
Көңіл-күйі жақсы Ақсары да ізгі тілегін, жастарға ортақ тілегін қосты. Жолда Әділжан Әселді әңгімеге тартты.
– Түркістанда не айтқаның есіңде ме, қымбатты Әсел?!.
– Есімде.
– Сол сөздерді қайталай аласың ба?
– Мен сені жақсы көремін!
– Алғашқы көрген күннен бастап өзіңді ұнататыным рас! – деді Әділжан қатты толқып.
– Мен оны білемін, – деп езу тартып күлген Әсел арманы көп жас жігітті қолтықтап алды.
Орталық мемлекеттік мекеменің кең ауласында департамент директорының орынбасары Жақсыкелді жолықты. Сәлемдерін ықыласпен алған Жақсыкелді алда келе жатқан мемлекеттік мерекеге байланысты екеуінің Алғыс хатқа ұсынылғандарын айтты. Бір ғажабы, орталық кеңсе ғимаратына кірер ауыздағы ұзын отырғыштың шалқайма арқалығына қонақтап отырған қос көгершін жарысып тілек білдірді.
– Өмір жастарың ұзақ болады, жас адамдар! Тату-тәтті ғұмыр кешіңдер, бақ-берекет қонсын! Бүгін бейсенбі, 22 тамыз.
Бастарынан өткен шырғалаң оқиғадан кейін ұл мен қызды ештеңе селт еткізбесе де Әділжан құрбысына ішкі ойын ашып айтып жатты.
– Кесікті күн болғаны ма? 21 тамыз айран-асыр қалдырғаны рас.
Азат ӘКІМ.