18 Ақпан, 2015

ЕҰУ тағы да бірінші!

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кибернетика лабораториясы (Cybermetics) Испания Ұлттық Зерттеу кеңесiнiң ақпарат және құжаттама орталығының ресми веб-ресурсында Webometrics білім беру сайттарының рейтин­гісінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан бойынша алғашқы орынды иеленіп, дүниежүзі бойынша үздік 2 000-орынға табан тірегені және әлемдегі 20 000 ЖОО арасынан 1 836-орынға, Азия бойынша 8 902 ЖОО арасынан 574-орын алғандығы белгілі болды. Webometrics рейтингісі универ­­ситет жариялайтын веб-беттердiң көлемімен, (көрне­кiлiк) және әсерімен (тиiмдiлiк) өлшенедi, университеттегі ғаламтор желісіндегі ғылыми жария­ланымдар, әр ЖОО ға­лым­дарының зерттеу еңбек­тері, оларға жасалған сілтеме ескеріліп, басты нысанаға ЖОО-ның ғылыми-зерттеу әлеуеті алынады. Отандық және шетел­дік ЖОО-лармен, ғылым-білім беру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық етудің арқасында Еуразия ұлттық уни­верситеті қазақстандық ЖОО-лар арасында жасалынатын сілтемелердің веб-домендер саны бойынша көш бастады. Нәтижесінде ЕҰУ отандық 111 ЖОО арасынан Қазақстан бойынша Webometrics рейтингісіне сәйкес бірінші орынға және бүкіл әлем бойынша 20 000 ЖОО мен білім беру ұйымдары арасынан 1 836-шы орынға тұрақтады. Республикамыз бойынша екінші орында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (әлемдік рейтинг бойынша 2 193-орын), Қазақ ұлттық аграрлық университеті үшінші орын (2 528-орын), төртінші орында – С.Асфендияров атындағы Қа­зақ ұлттық медициналық уни­верситеті (2 837-орын), бесінші орында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (2 936-орын). Webometrics рейтингісінде сайттарды бағалаудың екінші маңызды критерийі – ғаламтор желісінде ұсынылған ғылыми мақалалар, ЖОО ғалымдарының зерттеулері мен олардың дәйексөз көрсеткішінің болуы. Бүгінде еуразиялықтардың электрондық ғылыми мақа­лаларға ашық қолжетімділік мүмкіндігімен қамтамасыз ететін Еуразия ұлттық университетінің репозиторий қорында 10 000-нан астам материал бар. Бұл ретте Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақстандық ЖОО арасында алғаш болып шетелдегідей мақалаларға еркін қолжетімділік мүмкіндігін тәжірибеде қолданып келеді. Webometrics рейтингісі жылына екі рет қаңтар және шілде айларында университеттер сайтының рейтингісін жарияласа, ЕҰУ-дің ресми веб-сайты бұған дейін де қазақстандық ЖОО-лар арасындағы рейтингіде бірнеше мәрте көш бастаған болатын. «Егемен-ақпарат».